«Әнді сүйсең, менше сүй...» деген Абай атамыздың, «Көзімнің қарасы» ән-өлеңін де исі қазақтың көңілі көктем бола шалқып, жаны жаз бола балқып тыңдайтыны, ал әнші емес екінің бірі әліне қарай айтатыны белгілі. Ғашық жігіттің Абай жазған мөлдір махаббат жырының (22 шумақ) бастапқы 4 шумағын айтып жүрміз. Олар:
«Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын».
Мұны оңашалау кезде ақырын айтып отыратын әдетім бар. Менде ғана емес шығар. Сондайда бір күні екінші шумағына қалайда кідіргенім. Мәні бөлек... Жігіттің арнау сөзін бастай бере өзін-өзі өзгенің, яғни қыздың аузымен: «Қазақтың данасы...» деп қолпаштауы қалай? Ойға қонбайды ғой?.. Қыздың жарыса айтқаны деуге келмейді, жігіт пен қыздың айтысы емес. Ойландым... Абайдың «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі» бар. «Жігіт сөзі» – «Айттым сәлем, қаламқас», ал «Қыз сөзі...» есімде, мына 2-шумақ сондағыларға өте ұқсас! Абайдың өлеңдер жинағын алып, «Қыз сөзіне» үңілдім:
«Қиыстырып мақтайсыз,
Ойласаң не таппайсыз?
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Әлденеге бастайсыз.
Біз де әркімді байқаймыз,
Тап бергеннен тайқаймыз.
Сіздей асыл кез болса,
Қайтіп басты шайқаймыз?» –
дегенінен соң:
«Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы», – болып тұрса, әбден қисынды, жарасымды!
Меніңше, ақынның жұртқа ауызша тараған өлеңдерін жинағандардың бірі оны айтып берген кісінің қателескенін аңғармаған. Алғашқы жинағын құрастырғандар да «Абай өлеңдерін» талдап жатпаған. Ал одан беріде ақын шығармашылығын зерттеген, бүгін де зерттеу мақала жазып жүрген абайтанушылардың назарына ілікпегені түсініксіз. Абай жинақтары алдағы уақытта да шығады, сонда мына ағаттық ескеріледі, әншілеріміз болса, «адасқан» 2-шумақсыз айтулары керек деп ойлаймын.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы