Талай кемеңгер, тарлан тұлғалар сәбидей сеніп, жанын жалдап, ғұмырын сарп еткен теңгерме қоғам, таптық жүйенің басынан бұлбұлы ұшып, әспеттелген әлеуметтік-саяси құндылықтардың парқы өзгергенімен, жалпы адамзатқа әлмисақтан ортақ мұраттар – ұлт теңдігі, ел азаттығы, мемлекет дербестігі, ғылым-білімге ұмтылу ұғымдарын ардақ тұту өзгерген жоқ.
Ендеше, туған елінің еңсесін көтеріп, мәртебесін биіктету жолында жанқиярлықпен еңбек еткен Бақытжан Тұрсынұлының тұлғасы да буырқанған азаматтық жігердің, жаны ізгі жасампаздықтың символы тәрізді десек қателеспейміз.
Қиындықтан қаймықпай, бел байлаған ісіне белсене кірісіп, еңсеретін тұлабойы қайсарлық пен қажырлыққа толы – Бақытжан Тұрсынұлы жетпіс жастың жотасына көтеріліп отыр.
Б.Жұмағұловқа сипаттама бергенде Отанға, мемлекетке қызмет ету жолындағы жауапкершілік сезімі, ойлау машығындағы дербестік, шешім қабылдау барысындағы бүкіл факторларды егжей-тегжейлі тарызылай білу қабілеті тәрізді сапалық белгілерді айтпай кетуге болмайды.
Бақытжан жастайынан өмірдің сан саласында өз болмысын барынша таныта білді. Ол – ата-анаға қуаныш әкелген сүйікті бала, ұстазының мақтаныш сезімін тудырған үздік оқушы, талантты шәкірт атанды, сол кезде екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің түлегі болып, білгір ғалым, кәсіби маман ретінде танылды. Ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Сондай-ақ ол гидродинамика және мұнай-газ саласының практикалық мәселелерін шешуде қолданбалы және есептеуіш математика, ақпараттық технологияларды әзірлеу және қолдану, математикалық модельдеу саласындағы аса көрнекті ғалым. Оқу, білім, тәжірибені ұштастыра жүріп, ел басқару үрдісін де игерді. Осылайша мемлекеттік дәрежедегі қайраткер болып қалыптасты. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, табиғи таңдаудан іріктеліп, сыннан өтті. Осы ұлан-ғайыр шаруаны Бақытжан Тұрсынұлы ер жігіттің белі болар 40-45 жасқа дейін еңсеріп үлгерді.
Көпшілікке белгілі болса да айта кетейік, Бақытжан Жұмағұлов 1953 жылғы 18 тамызда Талдықорған облысы, Қапал кентінде дүниеге келді. Әкесі Тұрсын Жабықбайұлы – екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер, ал анасы – Кенжетай Батырбекқызы ұзақ жылдар аудандық кітапхананың меңгерушісі болып еңбек етті. Еңбекқор ата-анасы төрт ұл мен үш қызын тиянақты білім алуға, ұқыптылыққа, ізгілікке тәрбиеледі. Құдайға шүкір, осы отбасынан түлеп ұшқан жеті ұл-қыз да жоғары оқу орындарын бітіріп, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Қарапайым қазақ отбасынан өрбіген әлгі жеті перзенттің ішінен бес ғылым докторының шығуы керемет емес пе? Ендеше, Жұмағұловтар отбасын ғалымдар әулеті десек, қателеспейтін шығармыз.
Ол – еңбек жолын Қапал орта мектебінде мұғалім болып бастады. Әскерден кейін, 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Механика және қолданбалы математика факультетіне оқуға қабылданды. Университетте де жалынды жас сан қырлы қабілетімен жарқырай көзге түсті. Қандай қиындыққа салса да қажымайтын, қайсар әрі сергек жастар жетекшісін сол кездегі ҚазМУ-дың ректоры, аса көрнекті механик-ғалым, академик Өмірбек Жолдасбеков бірден байқап, бұл жігітті назарынан тыс қалдырған жоқ. Дәл осы сәттен бастап жас ғалымның алдынан даңғыл жол ашылғандай болды. Өмірбек Арысланұлымен екеуінің арасындағы ұзақ жылдарға созылған ғылыми, адами, яғни аға мен інінің, ұстаз бен шәкірттің арасындағы шынайы достық, ізгі құрмет осылай басталған еді.
Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін университет комсомол комитетінің хатшысы және партия ұйымы хатшысының орынбасары болды. 1978-1991 жылдар аралығында осы университетте ғылыми және оқытушылық қызметтер атқарды. Ассистенттен бастап, профессор, кафедра меңгерушісі, проректорға дейінгі еңбек жолынан өтті. Ал, 2008 жылы әйгілі университеттің ректоры болып тағайындалды.
Қазір зер сала қарасақ, Б.Жұмағұлов өзінің самғау сапарына стартты 1991 жылы алған сияқты. Дәл осы жылы ол бұрынғы КСРО Инженерлік академиясы Қазақ бөлімшесінің бас ғылыми хатшысы болып сайланды. Сондай-ақ осы жиында Ө.А.Жолдасбеков, Б.Т.Жұмағұлов бастама көтеріп, КСРО Инженерлік академиясының негізінде дербес Қазақстан инженерлік академиясын құру туралы ұсыныс енгізді. Сол кезде бір топ еліміздің көрнекті ғалымдары мен инженерлері Т.Ж.Жүнісов, У.Б.Баймұратов, А.А.Абдулин, С.Т.Тәкежанов, А.А. Құлыбаев, А.В.Болотов, Т.Р.Бекжанов, Ш.С.Смағұлов және басқалар, барлығымыз осы ұсынысты қолдадық.
Сонымен, 1991 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясы Республикалық қоғамдық бірлестік ретінде заңды тіркеуден өтті. Президенті болып – Ө.А.Жолдасбеков, бас ғылыми хатшысы болып – Б.Т.Жұмағұлов сайланды. Осы орайда, екеуі Инженерлік академияны құра отырып, оның құрылымын, болашақтағы мақсаты мен атқаратын істерін, сондай-ақ Қазақстанның инженерлік ғылымы техникалық прогресс саласындағы әлемдік қауымдастық аясында қандай рөл атқаратындығын саралап берді.
2003 жылы осы қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясы деген айрықша статус алды. Дәл осы жылдары Бақытжан Тұрсынұлының қайраткерлігіне, ұйымдастыру талантының барынша айшықтала түскеніне куә болдық. Ол аз жылда бас ғылыми хатшылықтан, академияның президенті дәрежесіне көтерілді. Осы мезгілдегі Инженерлік академияның еліміздің экономикасына, ғылымына, өндірісіне қосқан үлесінің дені Б.Жұмағұловтың жанқиярлық еңбегіне байланысты десем, күпірлік болмайтын шығар. Бүгінде шаңырағын әбден тіктеген ҚР Ұлттық Инженерлік академиясы еліміздегі аса ірі және құзіреті мол қоғамдық ғылыми ұйымға айналды.
Қазіргі кезеңде ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының Алматының өзінде 10 бөлімшесі бар, ал, еліміздің барлық аймақтарында 13 филиалы қарқынды жұмыс істеуде, сондай-ақ, ол бүкіл Қазақстанның ғылыми-инженерлік саласының ақыл-ойы, зердесі саналатын 142 академигі мен 152 мүше-корреспондентін біріктіріп отыр.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Бақытжан Тұрсынұлы Қазақстан ғылымының көшбасшыларының бірі ретінде батыл әрі өміршең реформаларды негіздей отырып, еліміздің ғылыми-техникалық салаларына үлкен олжа салғанын айта кету керек. Ол машина жасау, энергетика, құрылыс, көлік және коммуникация тараптарын өркендету мәселелерімен айналысатын Салааралық ғылыми-техникалық Кеңесті он жылдай басқарды. Бұл Кеңес – 1993 жылы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі мен ҚР Инженерлік академиясының әлеуетін арттыру мақсатында Президент ұсынысымен құрылған еді. СҒТК-тің сол бір қиын жылдары ғалымдар мен инженерлерге, ғылыми-зерттеу институттары мен конструкторлық бюроларға қол ұшын созып, қолданбалы ғылымды сақтап қалуға көмегі ұшан-теңіз болғаны ақиқат.
ҚР Инженерлік академиясы мен Салааралық ғылыми-техникалық кеңес бірлесе отырып, 1993-2000 жылдарда 16 республикалық ғылыми-техникалық бағдарламаларды, сондай-ақ, машина жасау, энергетика, көлік және коммуникация, кен өнеркәсібі мен металлургия, геология, экология, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, химия және мұнайгаз технологиялары, ақпараттық технология, архитектура, құрылыс, құрылыс материалдары технологиясы салаларындағы 400-ден аса жобаларды орындап шықты.
2000 жылы Бақытжан Тұрсынұлының бастамасымен ҚР Ғылыми және технологиялық ұйымдар Ассоциациясы (АНИТО) құрылды. Ассоциацияның құрамына барлық мамандандырылған академиялар, 100-ден астам ұйымдар мен мекемелер кірді, Ассоциация президенті болып бір ауыздан Б.Жұмағұлов сайланды.
Тағы да айта кететін жайт – осы Ассоциацияның бастамасымен және қолдауымен «Еңбек туралы», «Ғылым туралы», «Патенттік жұмыс туралы», «Инновациялық қызмет туралы», «Білім туралы», тағы да басқа салалар Парламентте қызу талқыланып, ҚР заңнамасына арнайы бап болып қосылуына қол жеткізді.
Б.Жұмағұловтың өмірбаянына қарап отырсақ, ол ешқашан болдым-толдым дегенді білмейтін, үнемі талпыныс үстіндегі тұлға екенін байқаймыз.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының академигі және осы академияның президенті, Халықаралық Инженерлік академиясының бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» «ҚР ғылымына және техникасына еңбек сіңірген қайраткер», міне, атақ-даңқынан ат үркетін Б.Жұмағұловтың ғылымдағы жетістігінің бір парасы осындай.
Сондай-ақ, ол «Мұнай шикізатының төмен температуралы вакуумдық-толқынды гидроконверсия құбылысы» атты ғылыми жаңалықтың, 500-ге жуық ғылыми мақалалар мен сұхбаттардың авторы. Б.Т.Жұмағұлов – Сұйықтықтар мен газдар механикасының математикалық әдістері ғылыми мектебінің жетекшісі, мұнай өндіру және тасымалдау процестерін талдау, болжау және оңтайландырудың автоматтандырылған жүйелерінің негізін қалаушылардың бірі. Ол осындай атақ-даңққа ие бола жүріп,17 ғылым докторы мен кандидаттарын дайындаған тәлімгер ұстаз.
Қалай дегенмен де, іргелі ғылым, қолданбалы ғылым – өндірістің ең басты тетігі екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұлардың арасындағы байланыстың жүйелілігі, нәтижелілігі қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Тек іргелі зерттеулердің негізінде ғана адамзаттың дүниеге көзқарасы, дүниетанымы қалыптасады, жоғары технология дамиды, өндірістің, еңбектің, тауардың сапасы артады. Ал, ол өнеркәсіптің өркендеуіне, оның өнімдерінің жақсаруына, қоғамдық сананың кемелденуіне әкеледі. Осы ғылыми жетістіктерден кәсіпорындардан түсетін салықтың мөлшері артып, ол мемлекеттің көркеюіне, бюджеттің молаюына ықпалын тигізеді. Демек, мемлекеттік бюджетте міндетті түрде іргелі зерттеулердің үлесі қомақты екені анық.
Осы орайда, реформатор-ғалым Б.Жұмағұловтың толағай еңбектері жоталана көрініп тұрған жоқ па?
«Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», дейді Әлихан Бөкейханұлы. Сондықтан да болар, Бақытжан Жұмағұловтың қайраткерлік тұлғасын ірілендіріп тұрған сапа-қасиеттердің ең бастысы – оның мінезінің қылыштай қиып түсер мәрттігінде жатыр-ау деп ойлаймын.
Тегінде қайраткерлік пен азаматтық – құстың қос қанаты секілді егіз де етене болмыс-бітім екендігінде дау жоқ.
Бір қарағанда, Бақытжан Тұрсынұлы да өз дәуірінің перзенті. Бірақ, оның басқа басшылардан айырмашылығы – жаңалықты жан сала іздейтін болмысы арқылы жеткен жан-жақты білімі мен энциклопедиялық эрудициясы нәтижесінде қасаңдық шеңберінен шығып, ұлттық мұраттарды мемлекеттік мүддемен ұштастыра ойлайтын ақыл-парасат биігіне көтерілуінде еді. Ғылым, мемлекетшілдік, ақиқат жолын табуға деген құлшынысы оны ағартушылық һәм гуманистік дәстүрмен бауырластырып жіберді. Біздің қазекең «қызмет қолдың кірі» дейді ғой. Ал, Бақытжан Тұрсынұлы сияқты азаматтардың мойнында ол қашан да ар-ұяттың ісі болғанына көзіміз жете түседі.
Ол көп уақыт бойы кеудесін дүбірлетіп, маза бермеген жоба-жоспарларын өзі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің ректоры болған кезінде жүзеге асырғаны анық. Б.Жұмағұловтың басшылығымен университеттегі оқу жүйесінің, қызметтердің барлық салалары жаңғыртылды. Елімізде алғаш рет халықаралық стандарттар бойынша оқу процесін түбегейлі соны бағытқа бейімдеу, әлемдік ғылыми білім беру кеңістігіне интеграциялау және әлемдік рейтингтерге кіру бойынша жұмыстардың жүйелі кешені жүргізіліп, сандық үлгісіне айналған бірегей электрондық университет жүйесі құрылды. ҚазҰУ қалашығының екінші кезегінің құрылысы аяқталды. Былайша айтқанда, елімізде жаңа жоғары білім жүйесі құрылып жатқан кезде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және оның ректоры Б.Жұмағұлов жаңа идеялардың бастауында тұрды. Соншама уақыт бойы түйген ойларын, бағдарламаларын, тұжырымдарын жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп жүзеге асырған басшы қандай құрметке де лайық.
Бақытжан Тұрсынұлы 2010 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.
Осы ғұмырының елу жылын ілім-білімге, ғылымға арнаған, білім жүйесінің ұлттық моделін құруға атсалысқан академиктің бұл қызметте де жұлдызы жарқырай көрінді. Өйткені, ол ғылым әрқашан қоғамның қажеттілігін өтей отырып, экономиканың локомотивіне айналуы қажет екенін жақсы білді. Сол себепті, академик Б.Жұмағұлов ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ұзақ мерзімді жоспарлар жасап, форсайттық зерттеулермен қатар, халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыруға байланысты нақты шараларды іске асырды. Атап айтқанда, ол халықаралық стандарттарға сай жоғары инженерлік-технологиялық білім беру және өндіріспен ұштастырылған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жолға қоя білген білікті де іскер басшы. Осы еңбектерінің нәтижесінде Бақытжан Тұрсынұлы республика көлемінде ғана емес, шетелдерде де жоғары мектептің ірі ұйымдастырушыларының бірі ретінде кеңінен танымал.
Б.Жұмағұлов 2005 жылы Орталық партия төрағасының міндетін атқарушы, 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Және дәл осы жылы депутат болып сайланып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары қызметіне кірісті. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланып, сондай-ақ Сенаттың әлеуметтік- мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі болып тағайындалды. Сол кезеңде отандық заңнаманы жетілдіруге Қазақстанның шетелдермен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланысының нығая түсуіне айрықша еңбек сіңірді. Үлкен ұйымдастырушылық және халықаралық дипломатия саласында жинаған тәжірибесінің арқасында түрлі мәселелер төңірегіндегі пікірталастарда басқа өркениетті елдерде бар заңдардың баптарын, сонымен қатар тәжірибелерін негізге ала отырып, өз пайдамызға тиесілі шешімдерді бұлтартпастан қабылдатуға игі ықпалын тигізді.
Мен бұл жерде Б.Жұмағұловтың қаншама шетелдік университеттердің Құрметті профессоры және шетелдік ғылым академияларының академигі екенін, сондай-ақ еліміздегі қаншама ұйым, қоғам, кеңес, комитеттердің президенті һәм мүшесі екенін тізіп жазуды артық көрдім.
Ең бастысы, қызмет еткен жылдар ішінде кісілік қадір-қасиеті, кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, ғылыми таланты, басшыға тән біліктілігі әдебиеттің классикалық кейіпкеріндей кемелдене берді.
Бір кездегі ауылдың жалаңаяқ баласы өсе келе мемлекет қайраткеріне айналды. Ендеше, оқырманға ұнайтын кейіпкер осындай-ақ болмай ма? Бақытжан Тұрсынұлының нақ осы жігері мен табандылығына, өз халқына аянбай қызмет еткен адалдығына еріксіз сүйсінесің.
Міне, еңбек майталманы Бақытжан Тұрсынұлы қиыншылықтарға толы республикамыздың экономикалық күш-қуатын, ғылыми потенциялын арттыруда сол жасампаз еңбектің басы-қасында болуды өзінің бірінші кезектегі парызы санады.
Ұзақ жылдарға созылған жемісті еңбектерінің өтеуіндей болып, бүгінде оның кеудесінде «Парасат», «Достық» ордендері, Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан елеулі үлесі, ғылым, технология және білім саласындағы интеграциялық процестерді дамыту бағытындағы белсенді жұмысы үшін Халықаралық Инженерлік Академиясының (ІІМ) және ЮНЕСКО-ның Үлкен Алтын медалі, Ислам елдері инженерлік академиялары федерациясының (FEIIC) «Ғылыми байланыстарды дамытудағы ерекше еңбегі үшін» атты халықаралық жоғарғы награда – «Инженерлік Даңқ» ордені, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Алтын медалі, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблясы тағайындаған «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» ордені, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының Алтын медалі жарқырайды.
Дүниеде ұлтына деген қызметі мен Отан алдындағы борышын атқара жүріп, жасаған жақсылығын бұлдап, елге салмақ салудан өткен жаман әдет жоқ. Әйтпесе, атқамінерлігі атақ-мансап, шен-шекпен алып қалудан артылмай жатса да, ақ тауды айырып, қара тауды қайырып тастағандай-ақ, өз жұртына міндетсінетіндер қазақ арасында қай кезде де аз кездеспеген ғой.
Алайда, кісілік мектебін қаршадайынан оқып өскен, ата-анадан, көп балалы бауырмал отбасы тәрбиесінен көп нәрсе тоқып үйренген Бақытжан Тұрсынұлы әлгіндей жат қылықтардың баршасынан айналып өтті. Жасандылықсыз, боямасыз, жатырқаусыз ғұмыр кешті. Тіршіліктің қым-қуыт бұрылыстарында, ағыстарында, тар жол тайғақты қалтарыстарында жұмыр басты пенде шіркінде әр түрлі жағдайлар болатын да шығар. Бірақ, қандай жағдайда да, қандай сәтте де ол – өз танымына, өз мұрат-мақсатына, айналасына адал болды. Кеңес дәуірінде де, қайта құру тұсында да, тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан ілкі сәттерінде де ел экономикасының, ғылымының, өнеркәсібінің жай-күйін қамдап, соған бір көмегімді тигізсем деген азаматтық қағидасынан айнымады, басқаға алаңдамады. Сергек те сезімтал, қажырлы да қайсар, өзін де, өзгені де аямайтын айрықша талапшыл, еңбекқор жан бәріне үлгеруге, бәрін тындырып істеуге асығатын. Үлкенге де, кішіге де, бастыққа да, бағыныштыға да бірдей қарап, жалтақсыз жарасып, іске келгенде біліктілікпен кірісіп кететін қасиеті оны қашан да өзгелерден даралап тұратын. «Шалқайғанға шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол – әкеңнің құлы емес» дейтін ұлтымыз қалыптастырған үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жақсылығын көргенге жамандық ойламай, арзанға бола абырой төкпеуге тырысушылық – Бақытжан Тұрсынұлының кісілік болмысының алтын арқауы еді.
«Асыл ағаш тік тұрып бой түзейді», дегендей Бақытжан Тұрсынұлы бүгінде жетпіс жастың жотасына көтеріліп, аса зор абырой иеленіп, үлкен жауапкершілік арқалап, әлі де сан алуан мемлекеттік қызметтің дәл ортасында құлжадай қасқайып тұр!
Дөңгеленген дәулетті, дүбірлеген әулеті бар, зайыбы Валентина Ивановна екеуі алаңсыз ғұмыр кешуде. Құдай қосқан қосағы да осал емес – белгілі ғалым-лингвист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жоғарғы мектеп Халықаралық ғылым академиясының академигі, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер. Ұлы – Руслан экономика ғылымдарының докторы, қызы Алина – заң ғылымдарының кандидаты.
Міне, өз келешегіне өз қолымен жол салған, туған халқын өркениет биігіне сүйреген қайраткер – тұлға, қарапайым қазақ ұлы Бақытжан Жұмағұловтың өмір жолы, өнегелі істері бүгінгі жастарға мирас болғай деп тілеймін.
Еңбегің жана берсін, жайсаң азамат!
Асқар ҚҰЛЫБАЕВ