• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Тамыз, 2023

Борис Собкин: Қазақстанда талантты теннисшілер өсіп келеді

177 рет
көрсетілді

Жуырда елордадағы Ұлттық теннис орталығында теннис­тен Президент кубогі аясында «ATP Challenger Tour» және «ITF World Tennis Tour» турнирлері аяқталды. 2007 жылдан бері халықаралық жарыс мәртебесіне ие болған еліміздегі турнирге әр жылдары теннис әлемінің үздіктері қатысып, жарыс жеңімпазы атанған. Биылғы байрақты додада болашағынан үміт күттіретін жас спортшылар бақ сынады. Сол жас өрендердің өнерін тамашалауға Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі, ATР турнирлерінде 10 мәрте жеңіске жетіп, әлемнің экс-сегізінші ракеткасы атанған Михаил Южныйдың жеке бапкері Борис СОБКИН де келген болатын. Қазақстан теннис федерациясының көмегімен жарыс аясында білікті бапкермен еліміздегі жас теннисшілердің болашағы, жаттық­тырушылардың деңгейі туралы аз-кем тілдескен едік.

– Борис Львович, біз сізді Астанада көргенімізге қуа­ныш­тымыз. Көпті көрген бап­кер ретінде айтыңызшы, еліміз­дегі теннис жаттықты­рушыларының білім дең­гейін, дайындығын қалай ба­ғалайсыз? Жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін не істеу қажет деп есептейсіз?

– Көп рахмет. Биыл сәуір айының соңы мен мамыр айы­ның басында Шымкент қа­ла­сында жасөспірімдер ара­сындағы «Дэвис кубогі» мен «Билли Джин Кинг кубогі» турнирі алдында оқу-жаттығу жиындары өтті. Қазақстан теннис федерациясының ат­қарушы директоры Дэйв Май­­­лидің өтініші бойын­ша қа­зақстандық жаттық­тыру­шы­лардың жұмысы туралы талдамалық хат жаздым. Екі бөлімнен тұратын хатта ойын­шылардың техникалық және тактикалық кемшіліктері, жат­тықтырушылардың жұмы­сында қандай қателіктер бар екеніне кеңірек тоқтал­дым. Қазақстандағы әріптесте­рім­­мен 6-7 жылдан бері та­ныс­­­пын. Әрине, сол кезбен салыс­тырғанда қазір бапкер­лердің деңгейі өскен, бірақ алға жылжу үшін әлі де жетіл­діретін тұстар бар. Кез келген салада білім алудан бөлек, сол бі­лімді іс жүзінде де қол­да­на білу маңызды. Ме­нің ойым­ша, Қазақстанның бап­кер­лері дәл осы екі бағыт бойын­­ша жұмыс істеуі керек. Жат­тықтырушылар әрқа­шан техникада, тактикада, де­не шы­нықтыруда, психоло­гия­­да ой-өрісін үнемі кеңей­тіп отыр­ғаны дұрыс. Ағыл­шын тілін білмей, бұлар­дың бірде-бірін істей алмаймыз. Жат­­тық­­­тырушылық – шы­ғарма­­шы­­­лық жұмыс. Бұл сала тек көңіл бөлу мен шыдам­ды­лық­­ты ғана талап етіп қой­май, нақты білімнің болуын, сон­дай-ақ кейде қиын шешім­дер қабылдауды да қажет ететін жұмыс.

– Жеті жыл бұрынғы бір сұх­батыңызда «Қазақстан құ­рамасы қашан «Дэвис ку­бо­гі» мен «Билли Джин Кин ку­богінде» өз елдерінің тәр­бие­ленушілерімен ойнайды, сол кезде мықты құрамаға ай­­налады» деп едіңіз. Қазір біз­дің құрама туралы қандай пікірдесіз?

– Қазіргі уақытта Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жұқаев сияқты теннисшілердің деңгейі айтарлықтай өсіп, халықаралық жарыстарда тәуір ойнап жүр. Олар осы жылы командаға көмектесе алады деп үміттенемін. Сонымен қатар 14, 15, 16 жастағы жақсы теннисшілеріңіз бар. Бірақ олардың қазір өтпелі кезеңде екенін ұмытпау керек. Дәл осы кезеңде балаларды жоғалтып алмау маңызды. Мәселен, қазір жасөспірімдер арасында ешкімге дес бермей, әр жарыста топ жарып жүрген теннисші өтпелі кезеңде өзін жоғалтып алса, ертең оны ере­сектер арасындағы дода­лардан таппай қалуыңыз мүмкін. Теннис тарихында мұндай жағ­дай өте жиі кездеседі. Сон­дықтан өтпелі кезеңде бала­ларға ерекше назар аударған жөн. Қазір сіздердің еліңізде теннисті дамытуға алғашқы қадам жасалған. Яғни Қазақ­станда тәп-тәуір ойнайтын жас­өспірім теннисшілер пай­да болды. Иә, олардың са­ны аз шығар, бірақ сапа жағы­нан жақсы баға беруге болады. Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай – өте талантты балалар. 17-19 жас аралығындағы теннис­шілердің де болашағы жарқын, бірақ олар жаттықтырушысыз ешқандай табысқа жете алмайтынын, жаяудың шаңы шықпайтынын түсінуі керек.

– Сіздің ойыңызша, тен­нисші тек бір ғана бапкермен жаттығуы керек пе, әлде ротация жасап, әртүрлі бапкермен жұмыс істегені дұрыс па? 

– Бұл сұрақ теннис әлемінде үнемі талқыланып, менен де өте жиі сұрап тұрады. Бұл жер­де барлығы жеке болғаны дұ­рыс. Яғни мүмкіндігінше бір бапкердің қоластында жаттыққан жөн. Мысалы, мен Михаил Южныймен сәтті жұмыс істедім деп ойлаймын. Егер бір теннисші карьерасында 20 жаттықтырушымен жұмыс істеген болса, онда бұл жақсы емес. Әйтсе де, кейбір сәттерде ротация жасағаны да теннисшінің ойынына оң өзгеріс әкелуі мүмкін.

– Онда былай сұрайын­- шы. Кәсіби шыңдалған тен­нис­ші жат­тықтырушы­сыз-ақ жо­ға­ры жетістіктерге же­тіп, спорт­­шы ретінде дами ала ма?

– Жоқ! Бұл мүмкін емес! Әрине, тәжірибелі теннисші жаттықтырушысыз біраз уақыт деңгейін ұстап тұруы мүмкін, бірақ қазір әлемдік рейтингте ТОП-200 теннисшінің қа­тарында тұрған барлық ойыншыны алып қарасаңыз, бәрінің жеке бапкері бар. Же­ке жаттықтырушы болғаны әр­қа­шан пайдалы, дей тұр­ған­­мен кейде өзіңе сырт көз­бен қарап, мамандардың кеңе­сін алып тұрған да артық ет­пей­ді. Бұл жерде мен жаттық­тыру­шылардың құнын артты­рып тұрғаным жоқ, тек объек­тивті пікірімді айтып отырмын.

– Қазір өздерін жаттық­ты­рушы санайтындар кө­бейіп кетті. Десе де шә­кір­тін мықты теннисші етіп тәр­бие­леп, халықаралық жарыс­тарда үздік шығуы­на көмектесетін жаттықты­рушы болу үшін не қажет, не істеу керек?

– Ең алдымен, теннис туралы, одан да бөлек білімге ие болғаны жөн, әйтпесе, он­сыз жұмыс өнбейді, еш нә­ти­же шығара алмаймыз. Екін­шіден, жақсы ойыншылармен жұмыс істей білу де маңызды. Жалпы, кәсіби маман болу үшін мына екі компонент қажет: жақсы «материал» (талантты жас ойыншы) және жақсы жаттықтырушы. Кейде, керісінше, өте талант­ты ойыншы нашар жаттықтырушының қолына түсіп қалады да, еш­нәр­сеге қол жеткізе алмай, сол күйі карьерасын аяқ­тай­ды. Кейде өте жақсы жаттықтырушы на­шар «материалмен» көп уақытын босқа өткізіп алады. Өкінішке қарай, шебер тас­тан асыл тас жасай алмайды. Бірақ алмаздың гауһарға айналуы үшін жақсы ұста қажет. Тағы да айта кетейін, жақсы жаттықтырушы болу үшін біліміңді іс жүзінде қолдана білу аса маңызды.

– Ал жақсы жаттықтыру­шы­ның формуласы бар ма?

– Ол өз ісін жанкүйер ре­тінде сүйіп, тәулік бойы жұ­мыс істеуі керек. Жақсы жат­тықтырушы – бұл диаг­ноз! Егер сіз бір іске табыс табу үшін келген болсаңыз, онда сіздің бай болып кетуіңіз екіталай. Өйткені жетістікке тек өз ісінің шеберлері, нағыз жанкүйерлері ғана қол жеткізе алады.

– Әңгімеңізге көп рахмет.