• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Ғылым 11 Тамыз, 2023

Жасыл желекті көркейтуге арналған жиын

206 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары елімізде ауа райының өзгеруіне байланысты жылдық жауын-шашын түсім мөлшерінің азаюы, қуаңшылық, судың жетіспеуі және басқа да табиғи факторлар орын алып жатыр. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы мен Үкімет ерекше назар аударып келеді. Осы орайда халықты, экономика салаларын және табиғи нысандарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін елімізде 2050 жылға дейінгі ғылыми-қолданбалы инновациялық стратегия әзірленді.

Аталған құжат аясында мем­ле­кет­ара­лық, трансшекаралық су көлемін бас­сейндерін өзара бірлесіп әділ пай­да­ланудың сындарлы қағидаттары ұсы­нылды. Осы бағыттағы өзекті мәселе – Сырдария өзенін Көксарай су қой­ма­сы­ арқылы реттеу. Кейінгі жылдары Өзбек­стан мен Қырғызстан мемлекеттері өз ұлттық бағдарламаларын орындау мақ­са­тында бұрынғы қабылданған суды пай­далану бойынша мемлекетаралық интеграциялық қағидаттарын өзгертті. Сондықтан еліміз ұзақмерзімді және оперативті режімде су ресурстарын тұрақты және тиімді пайдалану әдістерін іске асыруы қажет. Түркістанда өткен «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осындай ұсыныс-пікірлер айтылды. Конференцияға Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан және Пәкістан елдерінен келген академик-профессорлар, еліміздің эколог және орман шаруашылығы мамандары, ғалымдар, табиғат жанашырлары қатысты.

– Түркістан облысы – климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында ауыл шаруашылығын дамытуда ең қолайлы өңір. Облыста 74 мың­ агроқұрылым тіркелген. Бұл рес­пуб­ли­калық көр­сет­кіштің 31 пайызы және елі­міз­де өнді­рі­ле­тін ауыл шаруашылығы жал­пы өнім көлемінің 12 пайызы өңірдің үле­сінде. Бұл дегеніміз – 1 трлн теңгеден астам сома. Сонымен қатар біз ауыл шаруа­шылығында еңбек өнімділігін арт­ты­руға бағытталған жобаларға, оның ішін­­де «Қарқынды бау», «Бір алқаптан 2-3 өнім алу», «Нөлдік технологиялар», «Су үнемдеу технологияларын енгізу» бағыт­та­рына басымдық беріп келеміз, – деді халықаралық жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

Сондай-ақ ол өңірде су тапшылығы, топы­рақтың құнарсыздануы байқа­ла­тынын, бұл мәселелердің шешімін табу үшін ауыл шаруашылығы ғылымының жетістіктерін пайдалану қажеттігін айтып өтті. Облыстың елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл желектерді молайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аясында халықтың экологиялық сауаттылығы мен мәдениетін көтеру – әкімдіктің негізгі бағыттағы жұмысының бірі. Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Тілектес Есполов орман қорын ұлғайту мақсатында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу әлем деңгейіндегі жаңа бастама екенін, бұл жобаның әлемдік экономиканы декорбонизациялау мақсаттарымен үйлесетінін атап өтті.

– Ғалымдарымыздың зерттеулері бо­йынша еліміздің оңтүстік пен оңтүстік-шығысындағы Іле – Балқаш – Қапшағай дельтасында бір миллиард ағаш егу арқылы осы аймақтың экологиялық проблемалары мен су жинақтау үрдісін 40-80 пайызға дейін арттыруға болады. Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­­масыз етуде орасан зор үлес қосып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды ин­но­вациялық жолмен жедел дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарас­ты ғылыми-зерттеу институттары­ мен тәжірибе шаруашылықтарының көп­жыл­дық ізденістері мен тәжірибелері нәти­жесінде жаңа технологиялар, орман алқап­тарын дамыту, ауыл шаруашылығы дақыл­дары мен бау-бақша өсімдіктерінің бәсе­кеге қабілетті жаңа сорттары, мал тұқым­дары, оларды ауру мен зиянкестерден қорғау әдістері, шикізаттарды сақтау, өндірілген өнімді қайта өңдеу жолдары әзірленген. Осы бағыттағы ғылыми жаңалықтарды жедел өндіріске енгізу маңызды, – деді Т.Есполов.

Түркістан облысы көп салалы ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір бол­ғандықтан, ең күрделі мәселелер де осы аймаққа тиесілі. Нақтырақ айтсақ, су тапшылығы, топырақтың құнарсыздануы, өнім сапа­сы­ның төмендеуі, тағы басқа қор­да­ланған мәселелер бар. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығында топырақтың құнарлылығы мен өнім сапасын жоғары­ла­туға бағытталған «гумус», «биогумус», «органикалық тыңайтқыш» деген жаңа ұғымдар қосылды. Ғалымның мәлім­деуінше, өндірілген өнімнің 15 пайыздан 30 пайызына дейінгі бөлігін өсімдік түріне байланысты жоғалтып отырмыз. Сол үшін тек жоғарғы өнім өндіру ғана емес, жетілдірілген сапалы өнімді халық игілігіне жарату қажет.

– Осы орайда тасымалдау, сақтау және­ қайта өңдеу жұмыстары да маңыз­ды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлердің, тіпті жергілікті тұрғындардың жаңа ұғымдарға, жаңа сандық технологияға оң көзқарасын қалыптастыру мәселесі тағы бар. Әрине, көптеген сұрақ қаржы мен тиімді менедж­ментке тікелей байланысты. Дегенмен бұл мәселелер кешенді түрде заңнамаларға өзгерістер енгізу, басқару стратегиясының тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдау құралдары мен үйлестіруді ашық және дер кезінде атқарылуына да байланыс­ты. Сондықтан жетекші әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, отандық озық білім мен технологиялардың өндіріске жедел жетуіне ықпал жасау мақсатында қажетті ғылыми жаңалықтарды көпші­лік­ке жеткізіп, ауыл шаруашылығы сала­сындығы ақпараттарды дер кезінде насихаттап отыру – академияның білім тарату орталығының басты мақсаттарының бірі. Тағы бір мәселе, қазір біздің ауыл шаруа­шылығы саласында пайдаланып жүр­ген өсімдік сорттары жақын келе­шек­­те халықаралық талаптарға жауап­ бере алмай қалуы мүмкін. Мұны да қазір­ден­ ойлағанымыз жөн. Суару жүйе­ле­рін тездетіп ретке келтіру, әлемдік және отан­дық жаңа технологияларды көп­теп пай­далану, ауыл шаруашылығы өнім­де­рін­ жаңаша тәсілде жетілдіру мәсе­ле­ле­р­і­ өзекті. Бұларды дер кезінде қолға алу үшін Ауыл шаруашылығы ғылым акаде­мия­­сының мүмкіндіктерін пайдаланамыз, – деді Т.Есполов.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Түркістанда Ауыл­ шаруашылығы ғылымдары акаде­мия­сының Ясауи білім тарату орталығы ашылды. Орталықтың басты мақсаты – жетекші әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, отандық озық білім мен технологиялардың өндіріске жедел жетуіне ықпал жасау мақсатында қажетті ғылыми жаңалықтарды көпшілікке жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласындағы ақпараттарды насихаттау. Алдыңғы жылы ғалымдардың басқосуымен өткен халықаралық конферен­цияда Түркіс­тан облысының айма­ғын­да құрылып жат­қан «Жасыл белдеуге» С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агро­техникалық зерттеу уни­верситеті мен Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруа­шылығы және агро­орман­­мелио­ра­ция­ ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының Ал­маты филиалы мамандары та­биғи климаттық жағдайына талдау жүр­гізген болатын. Соның нәтижесінде, Түр­кістан облысы аумағындағы орман­ да­қылдарының нормалық жерсіну және сақ­та­лу көрсеткіші 75 пайыздан 50 пайызға тө­мендеді. Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды­ реттеу бас­қар­масының басшысы Қайрат Абдуа­лиев ор­ман шаруашылығы қағи­даларында көр­се­тілгендей, қураған ағаштарды қайта жаң­­ғырту мақсатында орман екпелерін то­лық­тыру жұмыстарын жүргізу және ек­пе­­­лерді құру үдерісінің кезекті тармағы бо­лып­ есептелетінін айтты. Осы ретте жа­сыл желек­терді күтіп баптау мерзімі 5 жыл­ға­ созылған.

– Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл бел­деу» аумағын 30 мың гектарға жет­кі­зу жоспарланып, бүгінгі таңда 15 009 гек­­тар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бап­­талып отыр. Түркістан қаласы мен облыс­­тың бірқатар ауданында климаты күрт континенталды болуына орай егіл­ген­ орман ағаштарының алғашқы жыл­да­ры 25 пайызының жерсінбей қурап қа­луы – табиғи заңды құбылыс. Соны­мен қатар Түркістан облысындағы мәде­ни орман алқаптарының жерсіну мен сақталу көрсеткіші 50 пайызға белгі­лен­ді. Түр­кістан қаласы экологиялық ай­маққа енгі­зілгенімен, күзгі түгендеу қоры­тын­дыларына сәйкес қазіргі таңда қала айна­ла­сындағы жасыл екпелердің өнім­ді­лігі 60-65 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, Арал теңізінің тартылуы, түбінің тұз­да­нуы, ­оған жақын орналасқан көрші мем­ле­кеттер мен еліміздің бірнеше облысы, оның ішінде Түркістан облысындағы бір­қатар аудан, елді мекендерге де табиғи кері­ әсерін тигізу үстінде. Тұздың Аралдан ұш­пауына тосқауыл болатын жалғыз жол – Арал ұлтанына өсімдіктер егу және сек­се­уіл­ алқабын отырғызу, – деді Қайрат Абдуалиев.

Сондай-ақ конференцияда ғалымдар тәжірибе алмасып, ауа райы қолайсыз аумақта ағаштарды баптаудың қыр-сыры­мен бөлісті. Маңызды шарада сала­ға ғылым жетістіктерін молынан­ пай­далану қажеттілігі айтылды. Жа­сыл­ аймақты жетілдіру жұмысына жа­ңа­ша серпін берген конференция қо­ры­тындысы бойынша алдағы уақытта ат­қа­рылатын жұмыстарға бағыт-бағдар бе­ре­тін қарар қабылданды.

 

ТҮРКІСТАН