Тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім мен ғылымның дамуын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Бақытжан Жұмағұловсыз көзге елестетудің өзі қиын. Оның есімі білім берудің деңгейлері мен ғылымды жаңғыртуға тікелей қатысушы әрі ұйымдастырушы ретінде қоғамға белгілі. Тарлан тұлғаның тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуы мен дамуына, партиялық құрылыс ісіне сіңірген еңбегі де орасан зор.
Бақытжан Тұрсынұлы өзінің тынымсыз еңбегі, ерекше алғырлығы мен қажыр-қайраты, ой-сана қазынасының көкжиегі мен стратегиялық көрегендігінің арқасында қарапайым ауыл баласынан мемлекет деңгейіндегі қайраткер дәрежесіне көтерілді. Академик Б.Жұмағұловтың төл туындысының бірі – ел егемендігімен бірге ашылған Ұлттық инженерлік академия. Бүгінгі таңда академия отандық инженерлік ойлар штабына, техника мен технология саласында идеялар мен шешімдерді тудыратын орталыққа, халықаралық қауымдастыққа беделді ғылыми бірлестікке айналды. Бұл елі үшін туған арда азаматтың аса көрнекті ғалым, ардақты академиктің жарқын жеңістерінің бір парасы ғана.
Бақытжан Тұрсынұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған жылдары отандық ғылым мен білімнің байырғы қарашаңырағының келбеті толық өзгеріп, көптеген ауқымды да келелі істер атқарылды. Бүгiнгiнiң тiлiмeн aйтсaқ, Бақытжан Тұрсынұлын «дaғдaрыстық мeнeджeр» дeп aтaуғa толық нeгiз бaр. Өйткені оның қолтаңбасы қалған әрбір жұмыс нәтиже беріп, өрісін кеңейте түсетін. Ең бастысы, университеттің үш жылға арналған түбегейлі жаңашылдық бастамаларға толы даму стратегиясы 2,5 жылда мерзімінен бұрын орындалды. Қызметтес болған кезеңдерде ол кісінің тұлғалық қасиеттерін танып-білу, түйсінуге мол мүмкіндік туды.
Білім мен ғылымды қос қанатына айналдырған Бақытжан Тұрсынұлы Білім және ғылым министрі болған кезеңде, яғни 2010-2013 жылдары, осынау ел болашағы үшін маңызды саланы өркениетті мемлекеттер өлшемімен шендестіру бағытында өзекті өзгерістерді жүзеге асырды. Ғалымдар мен ұстаздар қауымы, бүкіл ел игілігін көріп келе жатқан ұлан-ғайыр жұмыстардың бірқатарын ортаға сала кетуді орынды деп білемін. Министрдің басшылығымен 2010 жылғы 7 желтоқсанда қабылданған тұңғыш 10 жылдық жоба білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы еліміздегі білім саласының дамуындағы жаңа кезеңі мен бағыттарын айқындап берді. Осының нәтижесінде еуропалық білім кеңістігіне интеграциялануды жеделдету мақсатында жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік пен автономия беру, зерттеу университетін құру, білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығын қаржыландыру сынды жаңашыл бастамалар қысқа уақытта өзінің қисынды шешімін тапты. Мұның бәрі біздің бүгінгі үйреншікті ортамыз, объективті нақтылығымыз.
Ел дамуының стратегиялық міндеттерін қамтитын бағдарламаның жобасын жетілдіру барысында Бақытжан Тұрсынұлының негізгі позициялар (12 жылдық орта мектепке көшу, ҰБТ-ны жетілдіру, сапаны бақылау вертикалін енгізу, Ұлттық біліктілік жүйесін құру, т.б.) бойынша сараланған ұсыныстарын Мемлекет басшысына баяндап, өз көзқарастарын Үкімет отырыстарында табандылықпен қорғағанына қанықпыз.
Бүкіл саналы ғұмырын отандық ғылымның дамуына арнаған ерекше қасиет иесі ретінде министр алғашқы күндерден бастап «Ғылым туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтауға күш салды. Ел ғылымында соңғы 50 жыл ішінде болмаған түбегейлі өзгерістерге толы жаңа заң 2011 жылғы 18 ақпанда қабылданды. Елімізде тұңғыш рет зерттеулерді қаржыландырудың (базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы) көпарналы жүйесі, ұлттық ғылыми кеңестер, жаңа ғылыми атақтар айналымға енгізіліп, ғылыми жарияланымдардың халықаралық жүйесінің (WoS, Scopus, т.б.) есігі айқара ашылуы – жаңа тетіктердің жемісі.
Бақытжан Тұрсынұлы Парламент Сенатының депутаты әрі Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі ретінде еліміздегі адами капиталды дамытуға бағытталған көптеген заңның сапалы қабылдануына кенен тәжірибесі, кемел пайымы мен өрісі кең ойы, сұңғыла саясаткерлігімен барынша атсалысты. Бұл тұрғыда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының, тұңғыш «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануында, «Білім туралы» және «Ғылым туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуде еңбегі зор. Өйткені қойылған межені мәре сызығына дейін үздік тәмамдау – Тұрсынұлына тән қасиет.
Сенатта өткен парламенттік тыңдауларда Ата заңымызға, қолданыстағы «Тілдер туралы» заңға қайшы келмейтін арнайы «Ана тілі туралы» заң, отбасылық құндылықтарды дамыту мақсатында «Отбасы институты туралы» заң, Білім және ғылым кодексін қабылдау туралы ұлтымыздың рухани құндылықтарына қатысты тың ұсыныстар айтып, байыпты бастамалар көтергені және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмыстарына қаржы бөлу, мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау үшін тиісті шараларды қабылдау, адами капиталды дамытуға бағытталған сауалдарын Үкіметке жолдағаны баршаға аян.
Заман ағымын дәл болжау, күрделі мәселелерді шешудің сара жолын сәтті таба білу – бойына табиғаттың берген тартуы. Демек еліміздің ғылым және технологиялық саясаты ауқымындағы жаңа міндеттерін шешу ісіне даңғайыр ой иесі өзінің қомақты олжасын әлі де сала бермек.
Бақытжан Тұрсынұлы Сыр өңіріндегі іргелі жоғары оқу орны – Қорқыт ата университетімен ұзақ жылдан бері тығыз әріптестік байланыста. Білім мен ғылымның жанашыр қамқоршысының университеттің Құрметті профессоры екені ұжым үшін үлкен мәртебе. Тұрпaты бөлeк тұлғaғa aзaмaт дeсeң дe жaрaсaды, қaзaнaт дeсeң дe жaрaсaды. Қaйрaткeр болмaқ – қызмeттeн eмeс. Қaйрaткeрлiк – eл-жұрт, мeмлeкeт дeгeн iргeлi ойдaн. Қазақ елінің ғылымы мен білімі жолында аянбай тер төгіп келе жатқан Бақытжан Тұрсынұлына жетпіс жасында қажымас қайрат пен жаңа шығармашылық табыстар, мықты денсаулық, отбасына бақ-береке мен қуанышқа толы сәттер тілейміз!
Бейбіткүл КАРИМОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректор