• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Тамыз, 2023

Сүтке де зәрулік басым

112 рет
көрсетілді

Сүт тапшылығы туындап жатқанын аймақтағы шаруалар бас қосып, кеңес өткізбесе, біле бермейді екенбіз. Сауын сиырлардың суалып жатқанын айтып шаруалар шыр-пыр күйде. Бұл – ауылдағы ағайынның ғана ақ дәмі азая­ды деген сөз емес. Демек, қаладағы дүкен сөрелерінде самсаған қораптағы сүт өнімінің түрлері де сирей бастайды деген қауіптің бары.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіп кешені кеңесінің кезекті отырысында осы мәселе талқыланды. Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Игорь Жабяк: «Егер өңірдегі осы шаруаға ширақтық таныт­па­сақ, онда сүт өнімдерін өндіретін фирма айналымының төмендеуіне жол беріп аламыз», дейді. Мұның салдары белгілі, сүт өңдеуші кәсіпорындардың жабылып қалуы кәдік. Төраға біздің өңірде ғана емес, ел бойынша сүт тапшылығының барын айтады.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масы басшысының орынбасары Әнуар Төлеубеков аймақта асыл тұқымды, сүтті бағыттағы 13 субъекті барын айтып отыр.

– Облыста сиыр саны – 646 мың. Оның 260 мыңы – сүтті сиыр. Жылдың басындағы статистикалық дерек бойынша өңірде 1 496 мың бас асыл тұқымды, сүтті сиыр бар. 1 шілдедегі сүт өндірісі 216 мың тоннаға жетіп, салыстырмалы түрде былтырғы көрсеткіштен 1,6 пайызға өскен. Ал шілдеден бастап қуаңшылық салдарынан сиырларда сүт аза­йып отыр, – деді ресми өкіл Ә.Төлеубеков.

Сүт өндіретін фермаларға бөшкелеп ақ өткізетін ауылдағы шаруаларға да сұрау салдық. Ол кісілердің де айтары осы: қуаң­шылық сиырға да соққы болып тұр. Құнарлы шөп жемесе, қайдан шелектеп сүт берсін?

– Сүттің мөлшері кейінгі екі айда әжеп­тәуір төмендеп кетті. Қолдағы 11 сиырды таңертең және кешке сауамын. Маусым айында екі мезгіл сауғанда 120 литр сүт алсам, шілдеде – соның жартысы ғана. Үздіксіз жем бергеннің өзінде алатын өнім мөлшері – осы. Әрі мал да жүдеп барады. Енді бір-екі жұмадан кейін саууды тоқтатамын. Сүттің азайып кетуі – жайылымның жоқтығы. Күн ыстық, құрғақшылық. Шөп сарғайып, сөлі кетіп қалды. Шөпте құнар болмағаннан кейін сүт те азайды, – дейді Қарқаралы ауданы Матақ ауылының тұрғыны Жансая Зейноллақызы.

Демек, малдың қоң жинауына көк шөп көп көмек берсе, сүттің де мол болуына жайылымның әсері әжептеуір болып тұр. Оның үстіне ұзаққа созылған аптап ыс­тық та, мал-жан үшін сор емей немене? Ке­ңестегі агроном мамандар жайылым мә­се­лесін шешудің түрлі жолдарын айтады. Мәселен, суармалы жайылымдық жер қуаңшылықтың алдын алуда қолайлы. Әрі мал азығы тапшылығы мәселесін шешеді дейді.

«Қуаңшылық жем-шөбімізді құрдымға жіберді-ау», деп құралақан отырмаған қар­қа­ра­лылық шаруагер Сланбек Қинаяттың мына тірлігіне қарап, таңдай қағасыз. Өзі­нің «Атамекен» атты сүт өңдеу цехының жұ­мысын шашау шығармай отырған шаруа сонау Қытайдан агроөнеркәсіп саласында теңдесі жоқ павловния ағашының мың түбін әкеліп, отырғызды. «Өнеркәсіптің кез келген саласында пайдаланатын «ғажап ағаш» аталған павловнияның жапырақтары мен бұтақтары малға мол азық дейді», – ол.

– Сүт өңдеумен көп жылдан бері айналысып келе жатқаннан кейін мол өнім алу жолдарын жан-жақты қарастырамыз. Тың жаңалықтарға тәуекел етіп келеміз. Одан ұтпасақ, ұтылған емеспіз. Биыл павловния ағашын әкеліп отырғыздым. Бұл ағаштың малға азық ретіндегі қоректілігі өте жоғары. Әрі бойында сөлі де көп. Сонымен қатар жоңышқа, күнбағыс та егіп отырмыз. Егістік алқаптарды суаруға да ден қойдық. Сүт мөлшерінің азайып кетуі біздің шаруашылықта да қатты байқалып отыр. Фермада барлық жұмыс автоматты түрде жүзеге асады. Тәулігіне үш мезгіл сауғанда бір сиырдан 40 литр сүт алсақ, бүгінде 25 литр береді. Себеп – азықтың құнарсыздығы әрі аздығы. Малға қорек толық жетіспегендіктен, өнім де азаяды, – дейді шаруашылық басшысы.

Үлкен шаруа иесі арнайы көлігімен Қарқаралыдағы сүт өңдеу цехына күніне 300-500 литр-ақ апарады. Ол жерден жергілікті тұрғындар таза, табиғи өнім – құрт, ірімшік, май тұтынып отыр.

Сонымен, еліміздегі ет экспортына көр­сетілетін мемлекеттік қолдау сауын сиыр­лардың көбеймей тұрғанына әкеліп отыр. Яғни шаруашылықтарға сүт экспортынан гөрі ет экспорттаған мейлінше тиімді. Таразы басы теңеймей тұр дейді. Бұл пікірді мамандар ашық айтып отыр. Қысқасы, алаң да алаң ағайын, ақ азаймаса екен деп тілейді.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Қарағанды облысы