• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 16 Тамыз, 2023

Өртті ауыздықтаудың әлемдік тәжірибесі

215 рет
көрсетілді

Маусым басында Семейде болған орман өрті бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз тағы да алапат апатпен бетпе-бет келді. Еліміздің тосын табиғат құбылыстарына, төтенше жағдайларға қарсы қорғаныс әлеуеті тағы да сынға түсті. Барынша қырағылық пен жинақылықты талап ететін саланың қызметіндегі кемшіліктер, келеңсіздіктер қалың бұқара тарапынан батыл айыпталды.

Төтенше жағдайлар мекемелерінің материалдық-техникалық базасының нашарлығы, өрт сөндірушілердің кәсіп­тік деңгейінің төмендігі, салғырттығы мұндай қауіп-қатерлерге әлі де болса да­йын емес екенін тағы бір дәлелдеп берді. Осы тұрғыда біз өрт сөндірудің әлемдік тәжірибесіне үңіліп көрген едік.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2022 жыл­ғы есебінде орман өрттері қарқын­ды және жиі болып жатқаны мәлім етілген. Онда «Жаһандық жылыну күшейген са­йын температураның жоғарылауымен «орман өрттерінің қаупін азайту қажеттілігі бұрынғыдан да өткір болып қалып отыр» деп атап өтілген.

Канадада жыл сайын шамамен 7 500 орман өрті тіркеліп, салдарынан 2,5 млн гектардан аса орман өртеніп кетеді екен. Бұл – Жаңа Шотландияның жартысына жуық аумақ!.. Канада ғарыш агенттігінің болжамынша,  2050 жылға қарай бұл мәлімет екі есеге артады. Биылдың өзінде елдің Альберта провинциясында орман өрті болып, 10 мыңнан аса шақырым жер жанып кетті. Елдің Табиғи ресурстар министрі Джонатан Уилкинсон мұндай өрт Канада тарихында бұрын-соңды болмағанын мәлім етті.

Мұндай мысалдарды әлемнің әр түкпірінен келтіре беруге болады. Семей­дегі өрт те бірінші рет болып тұрған жоқ. 1990-жылдардың аяғында дала өртеніп, онда да өрт қалаға жақын келген екен. 1996, 1997 және 1998 жылдары Бесқарағайда, Сосновкада ірі өрттер болыпты.

Арада ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, бұл апаттан тиісті қорытынды шығарылмаған, ештеңе өзгермеген. Экологтердің мәліметтеріне сенсек, өртеніп кеткен 15 мың гектар ал­қапқа әлі күнге ағаштар қайта егіл­меген. Өрттен қорғау қызметінде де «баяғы жартас – сол жартас». Орман шаруа­шылықтарында техника соңғы рет 2007 жылы жаңаланыпты. Көптеген қызметші, жұмысшының жалақысы төмен, орман және дала өрттерін сөндіру бойынша қажетті дайындықтары жоқ. Өрт сөндіру құрал-жабдықтары жетіс­пейді, жанар-жағармай тапшы. Мұндай жағдайда олардан қандай жоғары кәсіптік деңгейді талап етуге болады?

Өрт сөндірудің әлемдік тәжіри­бесі дегенде, ең алдымен, осы мән-жайларды айтуымыз керек. Өрке­ниет көшінде аты озған елдердің бәрінде бұл аталған мәселелер күн тәртібінде мүлде жоқ. Материалдық-техникалық база сақадай сай, үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Қызметшілердің жағдайы жақсы, әлеуметтік ынталандыру шаралары дұрыс жолға қойылған. Кәсіптік деңгейін көтеру жөніндегі курстар ұдайы ұйымдастырылып тұрады.

Тағы бір басты артықшылық – бар­­лық дамыған ел орман және дала өрттерін бақылау, алдын алу жұ­­мыс­­та­рында заманауи технология жетіс­тіктерін ілкімді, ұтымды қолда­нады. Айталық, жоғарыдағы өрттен қат­ты зардап шегіп отырған «Үйеңкі жапы­рақты» ел спутниктің көмегін пайда­ланады. Елдегі SensaioTech’s атты егінді бақылау және өрт қаупін бағалау технологиялық компаниясы бұл мәселемен түбегейлі шұ­ғылдануда. SensaioTech’s жұмысы ормандар мен фермаларда орналастырылатын жасанды интеллектпен жабдықталған сенсорларға негізделген. Сенсорлар 14 түрлі табиғат құбылыстарын, оның ішінде: топырақ температурасын, ылғал­дылық, тұздылық деңгейлерін, зиянкес­тер мен аурулардың ошақ­тарын жіті бақы­лап отырады. Бұл әдіс орман өртінің таралуын болжау және алдын алу үшін жиі пайдаланылады.

Ғалымдар бүгінде өрттің басқа факторларын бақылай алатын 971 спутник бар екенін айтады. Оның саны 2014 жылмен салыстырғанда көбейген, ол кезде 192 болған.

Spire Global және OroraTech компаниялары ғарыштан спутник арқылы дала өрттерін бақылау үшін Канаданың ғарыш агенттігімен келі­сімге келген. Келісімшарт агенттіктің жоспарланған WildFireSat миссиясына алғашқы қадам болып саналатын орман өртін бақы­лау спутнигіне дайындық жұмыс­тарын қамтиды. WildFireSat мақсаты – Кана­дадағы барлық орман өртін күнделікті ғарыштан бақылау. Агенттіктің мәлім­деуінше, болашақ WildFireSat жүйесі дала өртінен бөлінетін энергияны өлшеуге арналған инфрақызыл сенсорлармен жабдықталған спутниктерден тұрады, бұл өрттің қарқындылығы мен таралу жылдамдығы сияқты орман өрттерінің сипаттамаларын түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ орман өрт­терінен көмірқышқыл газының шыға­рындылары туралы нақтырақ мәлімет алуға болады.

Өрт сөндіру қызметінде «Жасанды интеллектің» көмегін пайдаланып жат­қан елдер де бар. Мәселен, Маке­дония осы әдісті қолданады екен. Олар Афины ұлттық обсерваториясы (NOA) әзірлеген тәжірибеге сүйеніп отыр.

Эстониялық Milrem Robotics компаниясы камералармен, сенсорлармен және су шашатын түтіктермен жабдықталған шынжыр табанды Hydra өрт сөндіру роботын жасап шығарыпты.

2020 жылдан бері Түркияда өрт шығу ықтималдығы жоғары аудан­дардағы ормандарды қорғау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар кеңінен қолданыла бастады. Дрондар жылу каме­раларының көмегімен ыстық нүктелерді тез анық­тауға, қауіп деңгейін бағалауға және өрттен құтқару қызметіне аумақ координаттарын беруге мүмкіндік береді. Ұшқышсыз ұшақтар тәулік бойы жұмыс істейді.

Табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелері біздің елімізде де қолға алынып жатыр. Мәселен, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйе арқылы былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайыпты. Мұндай тәжірибе басқа да табиғи парктер мен қорықтарда қарастырылуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, аталған анық­тау жүйесі «Бурабаймен» қоса «Семей орманы» резерватының 10 филиалының біреуінде ғана бар екен.

Жалпы, дамыған елдердің басым көпшілігі өрт сөндіру қызметінде алды­мен озық технология жетістік­теріне жүгінеді. Сол арқылы тілсіз жаудың алдын алу, орын алған жағ­дайда жылдам ауыздықтау, зардаптарын қалпына келтіру шаралары өте оңтайлы, ұтымды жүргізіледі. Мобильді топтардың шапшаңдығы соншалық, өрт дабылы түскен соң, апат аумағына 10-15 минутта жетіп үлгереді. Негізгі ереже бойынша оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ең алдымен адамдарды құтқарып, содан кейін ғана өрт сөндіру жұмысын бастауы керек.

Әлемнің неғұрлым дамыған елде­рін­дегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін зерделеу барысында байқағанымыз, ғылыми зерттеулер көрсеткендей, өрт басталғаннан 5-6 минуттан кейін адам өлімі орын алады екен. Егер Қазақстанда адам өлімі әрбір 36 өртте тіркелсе, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 есе аз – 360 өртте 1 адам өлімі, Ұлыбри­танияда – 14 есе, Францияда – 27 есе аз.

Тағы бір айта кететін жайт, әлемнің бірде-бір елінде мемлекеттік өртке қарсы қорғаныс барлық елді мекенді қамтымайды. Сондықтан еріктілерге баса назар аударылады. Өрттің алдын алу, сөндіру және апаттық-құтқару жұмыс­­тарын жүргізуге тек мемлекеттік құры­лым­дар ғана емес, сонымен қатар қара­пайым, қамқор азаматтар да тартылады. Өртті сөндіруге еріктілерді тарту мем­лекетке де тиімді, экономикалық тұрғы­дан негізделген және мақсатқа сай. Еуропаның, Аме­риканың көптеген елінде, сондай-ақ Азияның бірқатар елін­де еріктілік қағидалары бойынша жұ­мыс істейтін өрт сөндірушілер бар. Әр елде мемлекет пен өрт сөндірушілер арасын­дағы қарым-қатынас әртүрлі. Олардың ұйымдық құрылымы, басқару жүйесі, қызметкерлерді ынталандыру формалары аймақтық және ұлттық фак­­торлармен және дәстүрлермен анық­талады.

Дүниежүзі елдерінің өрттен қор­ғау қызметін талдау көрсеткендей, өрт­ке қарсы ерікті қорғаныс саны да бір­­ке­лкі емес. Көптеген елде ерікті өрт сөндірушілер саны кәсіби өрт сөн­дірушілер санынан (Германия) бірнеше есе көп. Кейбір елдерде (мысалы, Жапония, Сингапур) өрт сөндіру бөлімі толығымен дерлік еріктілерден тұрады.

Әлем елдерінің ерікті өрттен қор­ғау қызметі шешетін міндеттер де әр­қилы. Франция, Хорватияда ерік­ті құрылымдар өте кең ауқымды жағдай­ларда пайдаланылады. АҚШ-та ерікті өрт сөндіру бөлімі өртті сөндіруге және қоғамдық қауіпсіздікке жауап береді.

Шетелдерде ерікті өрт сөндіруші­лерді кәсіби даярлауға да үлкен мән беріледі. Германияда кәсіпқойлар мен волонтерлерге қойылатын біліктілік талаптарында айырмашылық жоқ. Олардың барлығы өрт сөндіру мек­теп­терінде бірдей дайындықтан өтеді. Францияда еріктілердің дайын­­дық деңгейі – кәсіби өрт сөн­діру­шілердікімен деңгейлес. Еріктіні де, кәсіби өрт сөндірушілерді де оқыту үшін 400 сағаттық оқу бағдар­ламасы енгізілген, Мұнда алдымен медициналық, спорттық және арнайы тестілеу жүргізіледі. Бұл оларды сапалы таңдауға мүмкіндік береді. Италияда волонтерлердің техникалық жабдықталуы мен дайындық деңгейі кәсіби өрт сөндірушілердікінен сонша­лықты ерек­шеленбейді. Хорватиядағы ерікті­лерге жоғары физикалық және психологиялық талаптар қойылады. Онда олар жергілікті жерде арнайы мектеп­терде оқытылып, екі жыл сайын аттестациядан өтеді. Біздің елі­мізде де еріктілер қозғалысы қатты қолға алынып, қауырт дамып келе жатқаны белгілі.

Сайып келгенде, өрт сөндірудің әлемдік тәжірибесінен алар үлгі жетіп артылады. Ең бастысы – өрттен қорғау қызметін барынша озық технологиялармен, ақпараттандыру көздерімен жасақтау, сала кадрларының білім-білігі, қабілет-қарымын кәсіптік деңгейге көтеру қажет.

Семей өрті найзағай жарқылынан тұтанды. Дегенмен орман, дала өртте­рі­нің 90%-ға жуығы адамдардың жауап­­сыздығынан болады. Өрт қауіп­сіздігін бұзу – от жағу, қоқыстарды өртеу, шөп-шаламға от қою салдарынан, болмашы ұшқыннан шыққан өрт мыңдаған гектар жерлерді жалмап, соншама жерлерді, ғимарат, тұрғын жайларды күлге айналдырады, тұтас елді мекендерді орап, жергілікті тұр­ғындарға материалдық шығын келтіреді. Бұл зауалға қоғам болып қарсы тұрғаннан басқа амал жоқ.