Жуырда Талғар ауданы Еркін ауылының маңайындағы «Байсерке» әуе айлағында Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен жетекші ғалымдар бас қосып, отандық авиация саласының жетістіктері таныстырылды.
Отандық тұңғыш «Арай» әуе кемесінің өндірісі ғалымдарды бейжай қалдырмады. Ерекше технологиялық жетістіктері бар әуе кемесі кез келген жерде ұшып-қонуға қолайлы. Аталған ұшақты 2011 жылы құрылған «AviaMaster Aircraft» кәсіпорны шығарған. Ұшақтың барлық құрамдас бөлшегі АҚШ пен Канаданың авиация билігінің мақұлдамасынан өткен. Жоба авторы Дәурен Уәлиев ғалымдарға оның мүмкіндіктерін түсіндіріп берді. «Ұшақ 1 мың шақырымға дейін ұша алады. 4,5 мың биіктікке көтеріледі. Автомобиль бензинімен ұшады. Өте қарапайым үлгіде құрастырылған», деді жоба авторы.
Елімізде жасалған бұл ұшақты ауыл шаруашылығы саласында, барлау қызметінде пайдалануға болады. Сыйымдылығы төрт адамға арналған әуе кемесі 690 килограмм жүк көтере алады. Сағатына небәрі 30 литр жанармай жағады. Ерекше технологиялық жетістіктері бар, кез келген жерге ұшып-қонуға қолайлы әуе кемесіне қазірдің өзінде шет мемлекеттерден сұраныс түсіп жатқан көрінеді.
Отандық «Арайды» оқу-тактикалық ұшақ ретінде пайдалану үшін арнайы техникалық сараптамадан өткізген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясы әуе кемесін шекара күзетінде патрульдік-бақылау ұшағы ретінде пайдалану үшін зерттеулер жүргізген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында да өнімнің сапасына оң әсер етуде тиімді қызмет атқаратыны айтылды.
Айта кетерлігі, ендігі уақытта елімізде құрастырылатын әуе кемесінің мүмкіндігі артқан. Бұрын тек қорғаныс саласының қажетіне қызмет ететін техникаларды мамандар өзге де бағыттар бойынша тиімді пайдалануды көздеп отыр. Өнертапқыштардың мұндай озық идеясы мемлекет тарапынан қолдау тауып, грант бөлініп, жоба іске асқан. Авиация саласындағы отандық ғалымдардың жұмысы таныстырылған іс-шарада шағын авиацияны одан әрі дамыту мәселелері де талқыланды.
Сондай-ақ көрмеге отандық ғалымдар құрастырған ұшқышсыз ұшатын аппараттар қойылды. Олардың кейбірі 5 жарым сағат ұшса, арасында 15 мың шақырымға дейін ұшатындары да бар екен. Отандық өнертапқыштардың жұмыстарына қолдау көрсетілетіні де айрықша аталды.
Алматы облысы