• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Тамыз, 2023

Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктеледі

175 рет
көрсетілді

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамытуға арналған жиын өткізді. Басқосуда мазмұнды әңгіме өрбіді. Елорданың жылдар бойы жинақталған мәселелері де сөз болды.

Елорда қайтсе жайлы шаһарға айналады?

Астананы жоспарлау кезінде біз бұрынғы ескірген ойлау жүйесінен аса алмадық. Көлік жүйесінің құрылысы облыстық Целиноград деңгейінде қалып қойды. Сол кезде қалада 100-150 мыңнан аспайтын тұрғын тұрса, 20-30 мың автокөлік болатын. Қазір Астанада 1,5 млн-ға жуық адам тұрады, ал көлік саны жарты млн-ға жуықтады. Соның салдарынан бүкіл шаһарда көлік кептелісі орын алады. Бұл мәселені 100-200 метр са­йын қойылған бағдаршамдар да қиындата түседі. Таң мен кеште ғана емес, күні бойы тұр­ғындар бітпейтін кептеліске уа­қыт жоғалтуға мәжбүр. Егер бұл бағытта оңтайлы әрекетке көш­песек, 5-10 жылдан кейін, әсіресе қала орталығы автокөліктің батпағына айналуы ғажап емес.

Мектепке дейінгі меке­мелер, дүкендер мен дәм­ханалар, мәдениет және спорт кешендері туралы да осыны айтуға болады. Ал бұл жерде автотұрақтар белдеуін жоспарлауда ешкім мүлдем ойланба­ған да сықылды. Өйткені көлік қоятын орын жоқ. Автотұрақ – тіптен жеке тақырып, бұл қызмет республиканың барлық облыс орталығында, Алматы мен Астанада көлік иелерінің бітпейтін проблемасына айналған. Осының бар­лығы туындаған мәселелерді көріп, шешуді үйренбеген нақ­ты бір шенеунікке ғана емес, бүкіл мемлекетке, оның барлық құры­лым­дарына қатысты азамат­тардың қарсылығын тудырып отыр.

Неліктен қыруар қаржы құ­йыл­ған елордамыз сонау кеңес заманында осыдан 50, тіпті одан да көп жыл бұрын жасалған бас жоспар бойынша салынып келеді? Қаланың тар көшелері мен көпқабатты үйлер салынған даңғылдарына қарап, басқа қалай айтуға болады? Неліктен әуежайдан қала орталығына дейінгі 20 шақырым жол жүру үшін Лондон, Ыстанбұл, Шанхай, Дубай, Бангкок, Бакуде 5, 10, 15, 20 млн халқы бар т.б. қалаларда жоқ көптеген бағдаршамды тосуымыз керек? Яғни дамыған қалалардағы көп­сатылы, көпжолайрықты, көп­желілі жолдардың үлгісін батыл енгізу қажет. Әлемнің көптеген астаналарында адамдар қаланың бір шетінен бір шетіне тез жетеді. Көбінде көлік кептелісі деген түсінік жоқ. Жолдар халықтың өсіміне есептеліп салынады, кедергісіз жүру үшін ережеге сәйкес бір бағытта кем дегенде 6-8 жолақ болады. Екінші, үшінші желі бо­йынша миллиондаған қала тұр­ғыны қаланың шетінен орта­лығына аздаған уақытта жетеді. Елордамызда осындай уақыттың бағасын сезінетін бақытты сәт қашан туар екен?

Мемлекет басшысы өз баян­­да­масында елордадағы ЛРТ құ­рылысының шығынға ұшырат­қаны және тиімсіз болғаны туралы атап өтті. Расында бұл жоба ауқымдылығы мен шығындылығы жағынан таусылып бітпес жем­қорлық дау-шарларды айтпа­ған­ның өзінде еліміздегі мил­лиардтаған қаржыны желге ұшырды. Астанаға ЛРТ-ның қажеті де жоқ. Бұл анық. Өйткені қала тұрғындарының 80 пайызы жеке автокөлікпен жүреді. Тіпті кейбір отбасыларда 2-3-тен автокөлік бар. Онда ЛРТ құры­лысының қажеттілігі қаншалық? Оған жұмсалған триллиондаған қаржыны көлік магистралін жақсартуға, мектеп пен бюджет қызметкерлеріне арналған үйлер құрылысына жұмсаған әлдеқайда оң болар еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Астананың «ақылды қала» ретінде дамуына көп көңіл бөлдік. Орта­лықтағы жасыл аймақтардың кеңеюі және әлі құрылмаған жаңа массивтер туралы жазған едік, бірақ сол күйі орындалған жоқ. Дегенмен осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражаты жылдан-жылға өсіп келеді. Елорданың күйіп тұрған проблемаларының бұл тізімін шексіз жалғастыруға болады.

Қазір астаналықтар мектеп, балабақша мен аурухана құ­ры­лыстарын жоспарлаудың жоқ­тығынан тұншыға бастағандай әсерде қаласыз. Мысал келті­рейік. Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде орналасқан №72 мектеп-лицей әу баста 1,5 мың оқушыға есептелген. Аталған мектепте қазір 5 мыңнан астам бала оқиды. 2022-2023 оқу жылында 21 бірінші сыныпқа бала қабылдады. Тұрақты халық өсімі мен ой-жоспарсыз салын­ған тұрғын үйлерге қарап бұл аумақта әлі қаншама оқушы орнының тапшылығы бар екенін пайымдау қиын емес. Немесе елорда іргесінде тұрған Қосшы қаласындағы бастапқы жобада 1,1 мың оқушыға арнап салынған мектепте 5,2 мың бала оқитынын назарға алайық. Мұнда бақандай 18 бірінші сынып бар. Соңғы екі жылда бірде-бір педагог жұмысқа қабылданбаған. Мұндай ауыр жүктемемен кім жұмыс істегісі келеді? Кейбір бастауыш сынып мұғалімдері бір мезетте үш сыныпқа сабақ береді. Ал биыл бұл ауданда тағы жаңадан көпқабатты үйлер салынбақ.

Орта мектептің тұжырымда­масында әр мектепте 600-700 оқушыдан аспауы керек деген қағида бекер емес. Оны өз уағында Ушинский, Сухомлинский, Алтынсарин, Амонашвили секілді көрнекті педагогтер дәлелдеген. Сонда ғана педагогтер құрамы мұғалімдік міндетін сапалы орындай алады. Ал біздің мектептер өз жүктемесінен 2-3 есе, кейбірі 4-5 есеге асып кеткен. Бүкіләлемдік тәжірибеге сәйкес сыныптардың толымдылығы біздегідей әр сыныпқа 40-42 оқушыдан емес, 22-25 оқушыдан аспауға тиіс.

Мұндай мәселелер тіпті хал­­қы­ның саны жағынан Астана­ға әлі жетпеген мегаполис қалаларда өз шешімін тауып жатыр. Аймақтар туралы айт­пағанның өзінде. Еліміздің жақсы дамып келе жатқан облыс орталықтарында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары бұл қалалардың көпшілігі мегаполис­терге айналды, олардың ішінде жайлы пәтерлері бар көпқабатты үйлер бой көтерді. Алайда жер­гілікті билік осы зәулім үйлер­дегі тұр­ғындарға арналған мектеп салуды қолға алған жоқ. Сапалы білім беру жүйесі – дамыған елдердің тәжірибесіндегі мемлекет дамуының басты факторы.

2010 жылы Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы мектеп­ті Ақтөбе облысы қайта жаң­ғыр­тып, ең заманауи элект­рон­дық-техникалық жабдық­тар­мен қамтамасыз етті. Қазір мекеме – Мәс­кеудің беткеұстар мектептерінің бірі. Сонымен қатар бұл мектеп тағы 8 мектептің білім беру орталығына айналды. Қосшыдағы №2 мектептің бір өзінде ғана 5 мыңнан астам бала оқыса, Мәскеудің жаңағы 9 мектепте бар болғаны 4,5 мың бала білім алады. Осы 9 мектептің барлығы бір ауысымда жұмыс істейді. Әр сыныптағы бала саны 24-25-тен аспайды. Жалпы, Мәскеуде мектептердің басым көпшілігі бір ауысымда оқытады.

Немесе Гүржі елінің астанасы Тбилисидің орталығындағы «Бист» мектебін алайық. Бұл ел­дің аумағы да үлкен емес. Солай бола тұрса да, барлығы 650 оқушы ғана бар, бір ауысыммен оқиды, әр сыныпта 20 адамнан аспайды. Таңғаларлығы, мектептің сапалы спорт базасы бар, екі футбол стадионы, бассейні, бірнеше спорт залы, волейбол алаңы, баскетбол алаңқайы, жүгіру жоллақтары және басқа да кешендері жұмыс істейді. Күн сайын сабақтан соң сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін оқушылардың бәрі кесте бо­йын­ша спорт үйірмелерінде жат­тығады. Яғни факультативті түрде емес, кешенді түрде жүйе­лі шұғылданады. Бұқаралық спорт­ты осылай дамыту керек. Жас­тардың бос уақытын осылай тиімді ұйымдастыру қажет.

Елдегі білім беру саласында қалыптасқан жағдайға қарағанда бұл мәселенің шешімін таба алмай отырмыз. Астанада іріленген мектеп құрылыстарын салу жос­пары туралы айтылады. Алайда сапалы білім беру мақсатында оқушылар мен сыныптар санын шектейтін мектеп жобаларын ойластырған абзал.

Газдандыру туралы да айта кетелік. Қолымыздағы дерекке сәйкес Астанаға газ магистралі 2019 жылы тартылды. Неліктен содан бері төрт жыл өтсе де елор­далық ЖЭО мен жеке сектордағы 30 мыңнан астам үй мен коттедж­ге көгілдір отын тартылмай жатыр? Астана мен оның төңі­регіндегі елді мекендер бір­неше ондаған миллион тонна көмір жағады, ауаны ластайды. Көмір өндіруші компанияларға ма, әлде билік тұтқасын ұстаушыларға ма? Тек осы мақсатқа ғана елорда 5 млн тоннаға жуық көмір жаға­ды екен. Сондай-ақ Астана­ның 100 шақырым айналасында орналасқан ЖЭО 15-20 млн тонна көмір жағады. Осының салдарынан атмосфераға жүздеген тонна улы зат шығарылады, елорда аспанын ластайды. Сон­дықтан да Астана әлемнің ең ластанған қалаларының бірі болып отыр.

Президенттің айтқан мәсе­лелері өзекті де өткір. Үкіметке де, жергілікті билікке де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер жақын арада қала басқаруда түбе­гейлі бетбұрыс болмаса, Астана­ның екінші мүмкіндігі болмай ма деген уайым бар...

 

Бүкіл құрылымға түбегейлі өзгеріс керек

Азаматтарымыз күнделікті өмірді жеңілдететін оң құбылыс­тар мен құрылымдардың бағасын әлдеқашан берген. Мысалы, электронды үкіметті, халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттер жүйесін алайық. Оған сонымен қатар супермаркеттер мен әмбебап дүкендердің кеңейтіл­ген желісін, екінші деңгейлі банктердің халыққа қаржылық қызмет көрсету жүйелерін, т.б. жатқызуға болады. Бірақ қажеттілігі ақталмаған, салалар мен өңірлердің дамуына айтарлықтай әсер етпеген жобалар да бар. Дәл сол кластерлерді, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясын, басқа да шала құрылымдар бюрократиялық-әкімшілік аппа­раттың санын көбейткеннен басқа ешқандай пайда әкелген жоқ.

Бүгінде елімізде кәсіп­орын­дағы жауапты маманнан бастап жалпы Мемлекет басшысына дейін барша азаматтың, түрлі деңгейдегі басшылардың назарында, көңілінде, жүрген мәселе көп. Әңгіме, ең алдымен, кейбір мемлекеттік құрылымдардың басқалармен өзара әрекеттесу тетіктері туралы, сондай-ақ «Үкімет – Президент», «Үкімет – Парламент», «Үкімет – әкімдіктер (өңірлер)», «Үкімет – қоғам» қатынасы туралы.

Өкінішке қарай, бүгінде бұл тетіктер негізінен қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Әр министр өз про­филінің жалпы мәселелерін ғана біледі, ал аймақтарда не ат­қарылып жатқаны оған бей­мәлім, құдды бұл нысандардың барлығы нақты аумақтарда емес, оның кеңсесінде тұрғандай. Салалық министрліктердің аймақ әкімдерімен өзара іс-қимылы – мемлекеттік басқару жүйесінің ең осал тұсы. Негізі жеке секторларда да, нақты аумақтар­да да ел экономикасының тұрақ­ты дамуының негізін нығайту­ға тиісті емес пе? Аймақтарды дамытуда тепе-теңдік болмаса, ел дамуында қандай ілгерілеушілік болады? Егер жекелеген салалар «тікелей және шетелдік» инвестициялардың толассыз құйылып жатқанына қарамастан, үнемі артта қалып отырса, басқа не дейміз?

Үкіметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген отырысында Прези­дент кейінгі 15 жылда азық-түлік бағасы бұрын-соңды болмаған бағаға өскен. Осы жылдың ақпан айында (2022 жыл) инфляция 21,3%-ды құрап, шарықтау шегіне жеткенін атап көрсетті. Ұсынылған шаралар өндірістен сатуға дейінгі бүкіл тізбекті жүріп өту және бағаның өсуіне не ықпал ететінін түсіну болды. Нарықты отандық өніммен толтыру және өндіріс факторларының өзіндік құнын төмендету мәселесіне ұрансыз, уәдесіз жан-жақты, ойластырылған түрде қарау керек. «Агроөнеркәсіптік кешенді басқарудың қазіргі үлгісі саланың әлеуетін аша алмай отыр» деген баға өте әділетті. Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр».

Бұл жерде тұрақтандыру қор­ларын тиімді пайдаланып, күш-жігерін біріктіріп, қызметін ашық етіп, сыбайлас жемқорлық схемаларынан қорғауымыз керек. Олардың Азық-түлік корпорация­сымен өзара әрекетін күшейтіп, әлеуетін пайдаланған дұрыс. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу инфрақұрылымы заман талабынан әлдеқашан артта қалғаны ешкімге құпия емес. Кейде дәл осы нәрсе қызмет ұсыну және баға­ны шарықтату арқылы біздің олқылықтарымыздың орнын толтыратын көптеген делдалдың пайда болуына ықпал етіп, бағаның өсуіне себеп болады. Үкімет бірін­ші кезекте облыс әкімдерімен бірлесіп, көкөніс қоймаларын, көтерме сауда орталықтарын салу­ға, ауылшаруашылық өндірі­сінің күшейетінін ескере отырып, маркетингтік кооперативтер құру­ға, тұтастай алғанда, ауыл шаруа­шылығы өндірісінің заманауи инфрақұрылымын қалып­тастыру үшін бизнеске көмектесуі керек.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауында әділет­ті мемлекетке, яғни барлық тұрғын­дарға, әсіресе эконо­микалық салада тең мүмкіндік беретін қоғамға қарай қадам басу идеясын ерек­ше атап өтеді. Кейінгі отыз жылда біз кәсіпкерлік жүйені дамытумен мейлінше табанды түрде айналыстық.

Осы салада отандық бизнес қана емес, жалпы мемлекет мақтана алатын нәтижелер бар. Тиімді әрекет ететін кәсіпкерлік құрылымдар мысалын әр аймақтан табуға болады. Дегенмен Үкімет тарапынан мұндай тәжірибені барлық салада жетістікке айналдыру, мерзі­мін ұзарту, ауқымын кеңейтуге арналған шара­ларды әлі байқаған жоқпыз. Жап­пай кәсіпкерлікті, әлеуметтік бизнесті, гендерлік кәсіпкерлікті дамыту саясатына көшу туралы бұрын айтылған идеялар да тынышталып қалды.

Үкіметтің қазіргі саясаты, ең алдымен, барлық мүдделі тарап­тармен өзара әрекеттесуге бағыт­талуы керек. Жылдан-жылға саны артып келе жатқан жоғары оқу орындары, кол­лед­ждер мен мектеп түлек­терінің әлеуетін іске асыру үшін барлық аймақтарда, салалар мен қызметтерде оларға көбірек мүмкіндіктер беру қа­жет. Олар осы елде тұруы және оны да­мытуы керек, ал біздің ор­тақ мін­детіміз – осы мәселеге белсен­ді түрде араласу.

Еліміздің мил­лиондаған азаматты жұмыспен қам­тамасыз ете алатындай кең байтақ аумағы бар. Қай кезде болсын қуатты ауыл шаруашылығы болды. Кеңес өкіметі кезінде дәнді дақылдардың, ас­тық шаруашылығының, әсіресе шетелдерде жоғары сұраныс­қа ие қатты бидайдың дамуына мал шаруашылығы саласының дәстүрлі басымдыққа ие болуы айтарлықтай күш берді. Бірақ осындай жағдайда да 70-жылдары тек қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті қойылды, шошқа мен ірі қара мал санын көбейту үшін жаппай мал шаруашылығы кешендері салынды. Бүгінгі таңда ол экспорттық өнім өндіруге, соның ішінде ТМД елдеріндегі ең жақын көршілеріміз үшін кірісі көп сала болып отыр. Алайда ауыл шаруашылығы саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеушілер ауыл шаруашылығының бұрын­ғы даму тәжірибесін ескергісі келмейді.

Еліміздің негізгі артық­шылығы – көп этносты мемлекет болуы және олардың басым бөлігі бұрыннан осы елде тұратын азаматтар. Бұған дейін жүргізген Үкімет саясаты елдегі демографиялық жағдайды реттей алмады. Отыз жылда Қазақстаннан 4,2 миллионнан астам азамат көшіп кетті. Олардың көбі еріксіз көшті деуге негіз бар. Осыған орай сырт­қа кететіндерді тежейтін, көші-қонды қысқарту жөніндегі ұлт­тық бағдарлама әзірлеу Үкі­мет­тің, сондай-ақ бүкіл мем­лекет­тік басқару жүйесінің беделін және халқымыздың оған деген сені­мін арттырар еді.

Дегенмен, ең бастысы, мұндай жалпымемлекеттік бағдарлама білікті жұмыс күшінің, әсіресе ақыл-ой ағынын – интеллек­туал азаматтардың миграциясын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Біздің артықшылығымыз, бұл кадрлар қазірдің өзінде елдің өмір сүру жағдайына бейім­дел­ген. Мәселенің тамыры терең­де жатыр. Мысалы, қан­дас­тарға арналған әлеуметтік бағ­дар­ла­малар қосымша шы­ғын­дар­ды қажет етпейді. Бұл мәсе­лелер­ді шешу тек мемлекеттің ғана емес, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар қызметінің негізгі басымдығына айналуға тиіс.

Бұл жерде әңгіме тек еңбек­ақы төлеуде әділдікті ұстану, әлеуметтік пакетті сақтау және ұлғайту, сондай-ақ барлық азаматтарға әлеуметтік тұрғыда көтерілуге нақты мүмкін­діктер беру туралы. Солай істеген жағ­дайда билік республикадағы бар­лық көпұлтты халықтың пат­риоттық сезімін оятып қана қоймай, эмигранттарға арналған әлеуметтік пакеттерге, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кадрлар даярлауға және қайта даярлауға, олардың білік­тілі­гін арттыруға, т.б. жұм­сала­­тын бюджеттік шығын­дар­­ды айтарлықтай қысқартар еді. Мұндай ұстаным сонымен қатар бізді Біріккен Араб Әмір­ліктерінен бастап әлем­нің бірқатар заманауи және эконо­­ми­ка­лық тұрғыдан тиімді елдерін­дегідей шетелдік жұмыс күшіне тәуелділіктен құтқарады.

Мемлекет басшысының биыл 27 сәуірде Қазақстан халқы Ассамб­леясының отыры­сында айт­қан «Бәріміз бір жердің пер­зентіміз, бір халықтың бала­сы­мыз, кең байтақ даламызда бәрімізге орын бар», деген сөзін құптаймыз. Осы ойды жал­ғастыра отырып, бәріміз кез келген азаматтың көңі­лінен шығатын жаңа этносая­саттың аспектілерін толықтай түсі­нуіміз керек деп айтқым келе­ді. Бұл – бәріміз назар аударуға тиіс жалпыұлттық күн тәр­тібінде тұрған мәселе. Қазақ­станның барлық этносына жеткізу – елімізде әртүрлі тілде жарық көретін БАҚ-тардың бас­ты әрі маңызды міндеті. Сонда бірлік пен өзара түсіністік идеялары мен құндылықтар көпұлтты халқымызды алға жетелейді.

Еліміздегі қазіргі жағдай «Үкімет Әділетті Қазақстан құру мақсатында жасалатын шаралар мен оған жұмсалатын күш-жігердің үйлестірушісі бола ала ма?» деген басты сұраққа жауап беруді талап ететіні анық. Бәлкім, бұл өмірлік маңызы бар сұрақтың жауабы Әділетті Қазақстан құрамыз деген үмітімізді үрлей түсетін шығар.

Біз ауыртпалығы көп, өте күр­делі жолдың басында тұрмыз. Бүкіл құрылымға түбегейлі өзгеріс керек. Ол үшін Үкімет күн­де­лікті күйбең тірлік пен салааралық әбігерден басын көтеруге тиіс. Елімізді қарыштап да­мыту үшін бағыт-бағдарды ай­қын­дап, жоба-жоспарларымызды түзеу маңызды.

 

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері