• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Тәрбие 18 Тамыз, 2023

Дұрыс қанаттанған түзу ұшар

248 рет
көрсетілді

Әлемдік қауымдастықта орнымыздың айшықты болуы ұлтымыздың за­­­­­­­ма­­науи талаптарға жауап беретін сапасына тікелей қатысты. Ұлтымыздың жаңаша болмысының қалыптасуында білім мен тәрбиенің орны ерекше. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижесі отбасы, білім мекемелері және жұртшылықтың өзара үйлесімді жұмыстарының тиімділігімен өлшенеді.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Сондықтан қоғамның барлық мүшесі бұл жұмыстан тыс қала алмайды. Оның ішінде баланың басты ұстазы – ата-анасының, отбасының орнын ашып айтуымыз қажет. Әрбір ұрпақтың өмір туралы көзқарасының негізі отбасында қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мәтел бекер айтылмаған. Бала бойына адалдық, іскерлік, еңбекқорлық сияқты жақсы қасиеттерді айтумен емес, өз ісімізбен көрсету арқылы орнықтыра аламыз. Баланың тәрбиесі дұрыс болса – бағың, бұрыс болса – сорың. Бала тәрбиелеуді өзімізді тәрбиелеуден бастағанымыз жөн. Өйткені ол өзіңе тартады.

Әркімнің өзі мән бермей жүрген ерекше қабілеті болады. Туа біткен қабілетті танып-білуге ата-ана мен педагог мамандардың өзара үйлесімді жұмысы қажет. Соны тауып, күшейтіп еңбек етсе, ақсақ түйе секілді көштің соңында қалмайды. Ал ақсақ түйенің арманы көш кері бұрылса деп ойлайды. Ол көштің бағыты алға жүру, ол саған бола орнында омалып отырмайды. Баланы мемлекет асырасын, мектеп тәрбиелесін деп қол қусырып отырудың арты орны толмас зардаптарға әкелетінін әсте ұмытуға болмайды. Уақыт өткесін баланың бұрыс жолға түскеніне кімді кінәлаймыз? Ол кезде мұғалім де, сала басшылары да, басқа да ауысып кетеді.

Жас ұрпақтың бойына адалдық қасиеттерді сіңіруде педагогикалық ұжымның жауапкершілігі өте маңызды. Яғни отбасына мектеп тарапынан білікті көмек қажет. Үйде ата-ана бау­лыса, мектепте мұғалімдер тәрбие береді. Тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық бір­ле­сіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына, мұғалімге, ата-анаға, бірге оқыған құрбы-достарына, олардың күнделікті іс-әрекеттеріне, жан-жақтан алатын ақпаратқа байланысты. Педагог кез келген нақты жағдайда оқушының психологиясына ерекше дұрыс жолды таба білуі қажет. Өйткені ол – маман. Ол – оның, адам ретінде ар-ожданының алдындағы, азамат ретінде мемлекеттің алдындағы, маман ретінде заң алдындағы міндеті мен жауапкершілігі.

Баланы оқыту дегеніміз – мұғалімнің күнделікті көмегінсіз дамуына қабілетті болуға үйрету. Шәкіртіне үйретер жақсы өнегелері көп ұстаз ғана оқушы есінде ұзақ сақталады. Мұғалімдік тәнге жеңіл болғанымен, жанға ауыр кәсіп. Осыншама қиындықты жеңе білген адам ғана шәкірттерінің ықыласына бөленеді. Біз, білім саласының қызметкерлері қоғам мүшелерінің назарында, сын садағының ұшында жүреміз. Сондықтан жүрген жүрісімізге, сөзімізге, киген киімімізге, жеген тамағымызға, әсіресе ісімізге өте абай болуымыз қажет. Жақсы шәкірт шықса, менің шәкіртім деп иеленіп шыға келеміз. Жетістікке жете алмай, өмірден орнын таба алмай жүрген шәкірттерімізді сонда кім оқытқан, кім тәрбиелеген?

«Оқу – ғанибет, білім алу – ғажап, ұс­таз көру – керемет», деген сөз бар.­ Оқу ордасының есігін ашқанда ұста­зын­ көреді, шын мәніндегі ұстазын көр­­генде білімге құштарлығы ашылады. Құштарлығы ашылмаса, ұстазын сезін­­бегені. Дипломды маманның бәрін ұстаз деп айта алмаймыз. Мұғалімдікті жалақы алатын күнкөріс кәсібі деп қана түсінетін адам жақсы маман бола алмайды. Сондықтан да оқу-тәрбие ісінде жан-тәнімен жұмыс істейтін адам ғана шәкірттерінің аузынан «ұстазым» деген шынайы сөзді ести алады. Ұстазға бәрінен бұрын керегі өзін-өзі, шәкіртін танып-білуі, яғни, ортақ игілік үшін парасат заңына бағына білуі. Адамның ақиқат білімі өз болмысын танумен аяқталар болса, ұстаз шәкіртінің де болмысын танып-білуі және оны шәкіртіне таныта білуге тиіс. Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді келеді. Салыстырмалы педагогика бойынша жақсы ұстаздан білім алған шәкірттің білімі орта деңгейден үш есе жоғары болады екен.

Өмірден түйгенім, ұстазын таппаған адамның тәрбиесінде кемістік көп болады. Ұстаздық – таза ағын су. Артық нәрсенің бәрін ағызып, тазалап отырады. Ұстаз үшін өзіндік орнын парасаттылықпен сезінуі – өзінен қоғам талап ететін игілікке барынша жақындағаны. Ұстаздықтың мәні білуге тиістіні білуге ұмтылу, білмейтіндерге нені білмейтінін түсіндіру, өзінің білмейтінін білемін деп ойламау. Талантты ұстаздың талапты шәкірті көп болады. Сонымен ұстаз деп отбасы, жеке басы, кәсібінің құндылықтарын өзара тиімді тұжырымдап, ізгілікті қасиеттердің нұрын қоғамға ендіре білетін тұлғаны айтамыз.

Қоғам талқысындағы негізгі мәсе­ле­нің бірі – педагогикалық кадр­ сапасы. Білім беру мекемелері басшыларының кадр таңдаудағы субъективті іс-әре­кеттері туралы әңгімелерді естіп жатамыз. Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта біршама қадам жасап жатыр. Талап өте орынды. Жұмысқа тұру үшін «блогерлерге айтсаң шешіп береді» дегенді естігенде қатты қапаланасың. Жұмысқа қабылдағанда сыйақы алатындарды да жоққа шығару қиын. Осындайға саналы түрде баратын адамдарды «ұлттық мүддеге сатқындық жасаушы» деп айтқым келеді. Білім ордаларындағы жұмысын тек күнкөріс көзі ретінде қарайтын адамдар ол жерден кетіп, басқа жұмысқа барғаны дұрыс. Ұстаз болуды рухы мықты, ұлтын сүйетін нағыз мықтылар атқарар ма еді, шіркін?

Жаңа заманда қоршаған орта түсінігі де­ өзгеру үстінде. Қазіргі баланың ең жақын «досы» – интернет адамды өзі­нің­ иіріміне тартып алар күшке айнал­ды. Бүгінгі ұрпақ қоғамы – цифрлық қо­ғам екенін мойындамасқа шама жоқ. Бұ­рындары ақпаратқа қолжетімділік шек­теулі кезде көп оқы, көп біл, көп таны деп жұмыс істейтінбіз. Ал енді нені оқу, нені оқымау, нені білу, нені білу­ді шектеу, көп оқығаннан гөрі көп тоқу, көп білгеннен гөрі пайдалысын­ таңдай білу талаптары алдыңғы қатарға шығып отыр. Оларды ажырата білуде тәжірибелі ұстаздар ата-анамен һәм баламен қатар жұмыс істеуге тиіс. Осындай жұмыстар арқылы ненің жақсы, ненің жаман, ненің пайдалы, ненің пайдасыз екенін ажырата алатын ішкі ұстанымы мықты ұрпаққа қол жет­кізе аламыз. Оқығанымызды ғана емес,­ тоқығанымызды көп айтатын уақыт­­­та­мыз.

Қазір әлемде көп білімнен пайдалы білімге деген тұжырым күшейіп келеді. Оқитын ақпарат көзі де көп. Нені оқымау керек деген талап қалыптасып жатыр. Бізде демократия, еркін шығармашылық деген желеумен аузына келгенді айтып, ойына келгенді жазып, жастардың санасын улап жүргендер жеткілікті. Бүгінде айналамыздағы жемқорлық, алаяқтық, ұрлық, соққыға жығу, кісі ақысын жеу, атыс-шабыс, әлімжеттілік сияқты жағымсыз әдеттер жастардың санасына сіңіп жатыр емес пе? Оқығаныңды ойға сала білу де маңызды. Ойсыз оқу – пайдасыз. Ал білімсіз ой қауіпті. Ақпаратты игеру – дәрі, әрі – у. Себебі ол жол көрсетумен бірге, бағытыңнан тайдырып, адастырады. Оның жаныңды жадыратар мейірімді күші де, жаныңды күйдірер залымдық жүзі де бар. Осыларға неге тыйым салынбайды деп жиі сұрақ қояды. Технологияның дамыған кезінде ақпарат ағынын тоқтату қиын. Технологияға технологиямен қарсы тұрамыз. Интернетте, телефонда бағдарламаларды шектейтін жүктемелер бар. Соларды барынша тиімді пайдалануды үйренейік. Әйтпесе біреу шектейді деп күтудің тек зиянын шегіп қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан айқайласам ақиқатшыл, шырылдасам шыншыл, сынасам сыншыл, ойбайласам ойшыл көрінемін дейтіндердің қоғамға кері әсер ететін жазбалары үшін заң алдында жауап бергізіп, әлеуметтік желіден өшіретін тетіктердің де уақыты келді деп ойлаймын.

Алып жатқан білімін, оқып жатқан ақпаратын не үшін игеремін деп рацио­налды ойлана білетін адамды сауатты деп айтады. Жаттап алып, өмірде пайдаланбай, «жүретін энциклопедия» болудың пайдасы шамалы.

Тұлғаның жан-жақты қалыптасуына әсер ететін мәселе – мамандық таңдай білу. Диплом алу маңызды емес, кәсіби маман болу маңызды. Өйткені білім арзан, білу қымбат. Бірнеше оқудың дипломын алып, жұмыс таппай жүргендер қаншама? Өзі оқыған жоғары оқу орнының атауын дұрыс айта алмайтын мамандарды да кездестіріп қаламыз. Ұрпақ тәрбиесіне ақшаның көзімен қарауға әсте болмайды. Оқу орнының беделі оның әдемі ғимаратымен немесе басшысының беделімен емес, саналы шәкірттерімен анықталуға тиіс. Кейіндері кейбір мамандықтарға дипломның да керегі болмай қалмас. Баланың неге ыңғайы бар, соған күш салуымыз қажет. Үшпен оқитын пәніне емес, беспен оқитын пәніне көп көңіл бөлгеніміз жөн. Отбасы мен мектеп өзара байланысып, әр баланы жеке зерттеуі өте маңызды. Жалған намысқа тырысып, әйтеуір «қатырма» қағазын алса болар деп, баланың обалына қалғанымыз үлкен қателік. Білім мен ғылымға құрмет – бұл өз болашағыңа, ұрпағыңа құрмет. Анасынан еңбектеген бала сүт емес, телефон сұрайтын кезеңде тұрмыз. Ата-анамен баланы, ұстаз бен шәкірттің арасын ажырататын да, жақындататын да осы гаджеттер. Мәселе оны қалай пайдаланатындығымызда. Дұрыс пайдалансақ – жетеміз, бұрыс пайдалансақ – өшеміз. Менің білетінім, салауатты ойлайтын адамдар балаларын белгілі бір жасқа дейін интернеттен алыс ұстайды. Уақытты тиімді пайдаланып, өз өмірін жетілдіру жолдарына бас қатырудың орнына қалта телефонына үңіліп, өзгелердің өміріне саяхат жасап, басқаның арманына араласып өзімізді алдайтынымызды байқағымыз келмейді. Ең қиын жұмыс – ойлану мен дұрыс тұжырым жасай білу. Ал бұлардан қашу өз өмірінің алдындағы жауапкершіліктен қашу.

Ұрпағымыз интернеттегі біреудің арманымен емес, өзінің өмірлік арманымен өсуге тиіс. Күніне үздіксіз 15 минут негатив ақпарат көретін бала түбі психологиялық ауытқуға ұшырайды. Содан кейін оның бойында сенімсіздік, қорқыныш, дамуға тырыспаушылық, күмән, сын, кінәнің бәрін басқаға артуға ұмтылу, қызғаныш, көреалмаушылық сияқты жағымсыз қылықтар арта бастайды. Бұл адамдардың дамуы мардымсыз болатыны айтпаса да түсінікті.

Әлемнің шулап жүрген бір тақырыбы – балалардың тамақтануы. Қазір адамның аштықтан гөрі тоқтықтан, семіздіктен өлуі үш есе көп. «Қазақстанда әрбір төртінші балада семіздіктің белгілері байқалуда» деп дабыл қағуда мамандар. Баланың денсаулығы – басты мін­­детіміз. Қазір тез дайындалатын тағамдар индустриясы өркендеп жатыр. Мұндай ас мәзіріне кіретін тағамдар және күнделікті ішіп жүрген тәтті сусындардың денсаулыққа кері әсері жөнінде көп айтылып та, жазылып та жүр. Құлақ аса бермейміз. Тәтті газдалған сусынға көп мөлшерде қант қолданылады. Сондықтан тек диабетпен ауыратын адамдар үшін ғана емес, бауыр, бүйрек, асқазан ауруларының қозуына бірден-бір себеп. Бір порция фри жесек, онда 2,5 қорап темекі шеккенмен бірдей болады екен. Бір гамбургер құрамында 46% – тұз, 45% – майлар бар, ал бұл – бір күндік норма. Бір хот-догты қорыту үшін жеті шақырым жаяу жүру керек екен. Осының бәрі дұрыс тамақтанудың маңызын көрсетіп тұр.

Бесік ішіндегі әр перзент – Алла­ның берген ұлы сыйы, аманаты. Келешегімізге сенімді боламыз десек, бірінші ұрпа­ғы­мызға ие болайық! Бұл – үлкен төзіммен оң нәтиже беретін құбылыс. Адам баласының қолымен жасағанның бәрі – уақыт пен төзімнің жемісі. Жан-жақтан әртүрлі ақпараттар ағыны кезінде баланың өзімен қатар тәрбиесі де қымбат бола түсуде. Баба­ларымыз «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дей отырып, әке-шеше және перзент мұраттарын ұрпағына, яғни бізге аманаттап кетті. Ендеше, аманатқа қиянат жаса­майық.

 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы