• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 22 Тамыз, 2023

Қой шаруашылығы: Маңызы мен межесі

357 рет
көрсетілді

Еліміздің азық-түлік нарығын сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуде, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда мал шаруашылығының дәстүрлі әрі жетекші саласы, отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі – қой шаруашылығын дамытудың маңызы ерекше.

Кейінгі уақытта ұсақ мал басының тұрақты өсімінде, өнімдерін экспорттауда алға басу анық байқалады. Дегенмен шаруашылықты әлемдік деңгейде өркендету, қой етін өндіріп, жүнін өңдеп, іске жарату бойынша әлі де болса атқарылар шаруа, бірқатар шешімін күткен мәселе бар.

Қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі халқымыздың қой түлігіне қатысты сансыз мақал-мәтелінің ішіндегі ең танымалы – «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір». Кешегі кеңестік кезеңде Қазақстандағы қой санын 50 млн-ға жеткіземіз деп ұран­датып жүрген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда Шопан атадан ардақты кәсіп болмаушы еді. Бар атақ-даңқ, сый-құрмет солардікі еді. «Қой шаруашылығы – екінші тың» деп дабылдатып, мектеп түлектері жаппай қой бағуға жұмылдырылған, жайлау төсіндегі, қыстау басындағы, қырықтық  кезіндегі қызыққа толы күндер аға буын өкілдерінің күні кешегідей жадында.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алмаға­йып кезеңде қой шаруашылығының қаді­рі күрт түсіп, қатты тоқырап қалғаны жасы­рын емес. Өндіріс тоқтап, еңбекақы мен зей­нетақы көзден бұлбұл ұшқан қиын жыл­дарда да бұл момын түлік халық­тың берекесін сақтап, азығы болды, арзы­мас ақша орнына жүрді, татым­сыз айыр­басқа түсті. Кейінгі уақыт­та жан-жақты жүргізілген шаралар, мемле­кет­тік деңгейдегі түрлі қолдаулар, ең бас­тысы – мал сүмесіне қараған есті-бас­ты азаматтардың шайқалып қалған ша­руашылықты ширақ қолға алуының арқа­­сында қайта жанданған кәсіп бүгін­де ауыл-аудандардың әлеуметтік-экономи­калық дамуына, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына мықтап дем беріп отыр. Қалай дегенде де, құр­метті қонағымызға бас тартып, құда­ларымызбен құйрық-бауыр жесіп, сары қымызды ащы қуырдақсыз іше ал­май­тын салт-санамыз аман тұрғанда бұл қау­меттің сұраныстан түспейтіні, құн­сыз­данбайтыны, ұдайы дами беретіні сөзсіз. Қойдың күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі пайдасы қазірде негізгі басымдық бері­ле­тін сиыр, жылқы түліктерінен ар­тық бол­маса, кем емес. Жер ыңғайы мен шөп­­ті аса көп талғамайтыны және бар. Мы­­­на бір дерекке назар аударалықшы, аша тұяқ­­тың осы түрі әлемде өсетін 800 шөп­­­тің 560-ын қорек ететін көрінеді. Ал қой­мен сал­ыс­тырғанда, ірі қара мал 420, жыл­қы 415 шөп түрімен қоректенеді екен.

Қазірде елімізде қой малының өсімі тұрақты. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәлімдеуінше, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда қой саны 4%-ға өсіп, 24 млн 600 мың басты құрады. Оның ішінде асыл тұқымды қой – 3 млн 54 мың, биязы жүнді қой – 626 мың 161, биязылау жүнді қой – 70 мың 324, ұяң жүнді қой – 218 мың 788, қылшық жүнді қой – 2 млн 21 мың бас, қаракөл тұқымды қой – 82 мың 71 бас. Егер кейінгі 5 жылмен салыстырсақ, өсім 65%-ды құрап отыр, 2018 жылы жалпы қой саны елімізде 16 млн 46 мың бас болған.

Қой шаруашылығын дамытуды субсидиялау (несиелендіру) қойдың асыл тұқымды және тауарлық аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу, асыл тұқымды қойлар сатып алу, тауарлық отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқым­ды тұқымдық қошқарды күтіп-бағу, бор­дақылау алаңдарына немесе ет өң­деуші кәсіпорындарға өткізілген ұсақ мал­дардың еркек дарақтарының құнын ар­зандату, қойлардың эмбриондарын сатып алу құнын арзандату, шаруа­шылықтарда және ауыл шаруа­шылығы кооперативтерінде қойлар­дың аналық басын қолдан ұрықтан­дыру жөніндегі көрсетілетін қызмет­тер үшін асыл тұқымды және дистрибью­терлік орталықтарды субсидиялау ба­ғыт­тарында жүзеге асырылады. Сон­дай-ақ қойдың аналық басының азы­ғы­на кеткен шығындарды өтеу де қаржыландырылады.

«2022 жылы қой шаруашылығын дамытуға 23,6 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге республикалық бюджет­тен қосымша бөлінді. Ал биыл осы мақ­сатқа жергілікті бюджеттерден 19,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Қой ша­руа­шылығымен айналысатын агроөнер­кәсіптік кешен субъектілерін несиелен­діру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымдары, оның ішінде «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Қой шаруашылығын дамытуға «АНК» АҚ-ның «Іскер» және «Агробизнес» бағдарламасы аясында несие алуға мүмкіндік бар. «Іскер» бағдарламасы аясында айналым қаражатын толықтыру мақсатында несие 6 млн теңгеге дейін, мерзімі 5 жылдан аспайтын, жылдық 6%-бен, ал «Агробизнес» бағдарламасы аясында 5 млрд теңгеге дейін, мерзімі 4 жыл­дан аспайтын, жылдық 22%-бен бері­леді. Алайда субсидиялауды ескере оты­рып, нысаналы мақсатына байланыс­ты несиенің соңғы мөлшерлемесі жыл­дық 6%-бен де беріледі», деді АШМ Мал шаруашылығы департаменті директоры­ның орынбасары Ерлан Ильясов.

Қой шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен Қ.Медеу­беков атындағы қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институты тұрақты айналысады. Кейінгі жылдары институт ғалымдары «Етті меринос» (2011) және «Қазақтың етті бағыттағы ерте жетілетін биязылау жүнді қой тұқымдарын» (2016) өндіріске шығарды. Жаңа тұқымды қойлар еліміздің жайылымдық жағдайына жақсы бейімделген. Еті мен жүнінің өнім­ділігі жоғары және ерте жетіледі, көп төлдейді. Кейінгі 20-30 жылда моле­кулалық генетика әдістерінің кең таралуына байланысты көптеген елде селекцияның тиімділігі айтарлықтай өсті. Дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) технологиялары негізінде жүргізілген молекулалық-генетикалық зерттеулер арқылы институт ғалымдары 5 қой тұқымын (Ақжайық, Еділбай, қазақтың биязы жүнді, қазақтың құйрықты және Сарыарқа қойлары) генотиптендірді.

2022 жылы ұсақ мал терісінің экспорты мен импорты жүзеге асырылған жоқ. Ұсақ мал терілері өңделмейді. Жал­пы, елімізде теріні бастапқы өңдей­тін 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Өңдеу­ші кәсіпорындардың қуаты ұсақ мал­дың 4 млн данадан аса терісін өңдеуге мүмкін­дік береді. Алайда 2022 жылы кәсіп­орындардың қуаты 14%-ды ғана құрады. Кәсіпорындар қуаты жүктемесінің төмен болуының себебі – шикізат дайындау жүйесінің жоқтығы, сапасының төмен­дігі. Нәтижесінде, тері отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының да, экспорт­таушылардың да талаптарына сәйкес кел­мейді. Содан келіп ірі ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілер терілерді мүмкін­дігінше экспортқа шығарады. Ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтар болса, терілерді аса қауіпті жануарлар ауруларының таралу қаупін тудыра отырып, қоқысқа тастауға мәжбүр.

2022 жылы республикада 40,6 мың тонна қой жүні қырқылған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 0,6%-ға артық (40,4 мың тонна). Өндірістік қуаты жылына 36,1 мың тоннаға дейін жүн өңдеуге мүмкіндік беретін, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар 2022 жылы 7 мың тоннаға жуық жүнді жуып, экспорттаған. Оның ішінде Қытайға – 5,4 мың тонна, Ресейге – 0,2 мың тонна, Беларусьқа – 0,03 мың тонна, Моңғолияға 0,04 мың тонна көлемінде жүн экспортталған.

Ел көлеміндегі жүнді өңдеуші 13 кәсіп­орынның ішінде 4 кәсіпорынның ғана биязы жүнді өңдеу мүмкіндігі бар, қалған кәсіпорындар – кеңес заманынан бері келе жатқан, жаңғыртуды қажет ететін жабдықтар және технологиялармен (негізгі өнімдері: пима, ұлтарақ, киіз) жұмыс істейтін фабрикалар. Қазақстанға негізінен жүнді терең өңдегеннен кейін дайындалған өнімдер импортталады, атап айтқанда: иірілген жіп, мата және кілем бұйымдары.

«Ішкі нарықта жүнге деген сұраныс­тың болмауына байланысты шаруа қожа­лық­тары оны лақтырып тастайды, өртейді немесе арзанға сатады. Өйт­кені елімізде қой жүнін түпкілікті өнімге дейін тереңдете өңдейтін бірде-бір кәсіп­орын жоқ. Осыған байланыс­ты ұсақ малдың өңделмеген терілеріне экспорт­тық кедендік бажды 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін алып тастау ұй­ғарылды. Кедендік бажды алып тас­тау теріге деген сұранысты қалып­тас­тыру­ға мүмкіндік береді, нәтиже­сінде өн­діру­шілер мен тері дайындаушы­лар ауыл шаруашылығы жануарлары тер­ісінің сапасын жақсартуға қызығу­шы­лық танытады. Бұл шара еліміздің әлеу­меттік жағдайына да оң әсер етеді. Ауыл шаруашылығы жануарларының те­рі­сін жинауға жұмылдырылған жұмыс­кер­лердің саны артады», дейді АШМ Мал шаруашылығы өнімін қайта өңдеу бас­қар­масының басшысы Нұрбала Аймаханова.

«Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойын­ша субсидиялау қағидалары» шең­берінде жаңа кәсіпорындарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаң­ғыр­ту кезінде ауыл шаруашылығы жан­уар­ларының терісін және жүнін өңдеу кәсіпорындары шығындарының бір бө­лігін (25%) өтеу көзделген. Соны­мен қатар инвестициялық субсидиялау шеңберінде жүнді дайындаушы ұйым­дарға мемлекеттік қолдау ретінде жүнді қырқу пункттері, жылжымалы қырқу пунк­ті, қойды қырқуға арналған электро­меха­ни­калық құрал-саймандарды (25%) субсидиялау қарастырылған.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы­ның 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында «Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» «Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеу» 34-тармағын орындау үшін қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Жобаға тері мен жүнді тереңдете өңдеу паспорттары енгізіледі. Сондай-ақ 2025-2026 жылдары Алматы, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында тері мен жүнді өңдейтін бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазір жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары дайындық үстінде.

Ел көлемінде 187 млн гектар мал жайылымы бар. Сол жайылымдардың жағдайы да жыл санап нашарлап барады. «Жайылымдар туралы» Заңның нормалары толықтай жүзеге асырылмайды. Ауыл маңындағы жайылымдардың тозуы қатты байқалады. Сонымен қатар шалғайдағы 60 млн га жайылымдарды пайдалануды ұйымдастыру мәселесі де толық шешімін таппай отыр.

Бүгінгі таңда қой шаруашылығы өнім­дерінің 70%-дан астамы шағын қожа­лықтар мен қосалқы үй шаруашылық­тарында өндіріледі. Осы үрдіс технология­лық жаңалықтар мен ғылыми жетістік­тер­ді пайдаланып, саланың экспорт­тық әлеуетін тиімді пайдалануға кедергі болып тұр. Ветеринарлық қызметтің де шешіл­мей келе жатқан мәселелері бар.

Қанша дегенмен қой шаруашылығы қалыпты дамып жатыр деуге болады. Бір қуанарлығы, қазірде аудан-аумақтардың барлығында дерлік мыңды айдаған байлар бар. Олар мал басын артты­руды ғана мақсат етпей, осы сала­ны заманға сай дамыту, өздері тұратын ауыл-аймақтың әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайын жақсар­ту ісіне де әжептәуір үлес қосып жатыр. Малсақ қауымның жұмы­сын жеңілдету, жетілдіру жайы да – ұдайы назарда. Мерзімді басылымдардан, әлеу­меттік желілерден жиі көріп, сүйсініп жүреміз – шаруашылық басына алаңсыз жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған, демалыс бөлмесі, моншасына дейін қарастырылған фермер үйлерін салып тастаған шаруа қожалықтарының саны жыл санап артып келеді. Мұндай шаруашылықтарда қолда бар қойды бордақылау, жүн қырқу, мал тоғыту, мал сою, мал өнімдерін өңдеу кешендері де озық технологиялық үлгілер­мен жабдықталған. Тіпті қидың өзі кәдеге жаратылады. Қысқасы, қалдықсыз өндіріс.

Сөз орайында айта кеткен жөн, қойдың еті де, сүті де адамның ағзасына күш-қуат беруден бөлек, көптеген дертке шипа. Бір ғана мысал, өткен жылдары бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде құйрық майының құны өсті. Сондықтан еті бағлан, сүті саумал, жүні жібек, елтірісі балғын бейнеткеш жануар­дың құны жыл санап артып келе жат­қанына қуанбасақ, ренжімеуіміз керек. Сол үшін де ел экономикасының маңызды бір бағыты қой шаруашылығын дамытуды әлемдік үлгіге бейімделген тиімді әрі бәсекеге қабілетті боларлықтай жолға қою үшін бұл саланың мезгілдік мәселелері кезек-кезегімен оң шешімін таба беруі қажет.