Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына дайындық және жемшөппен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиында құрғақшылықтан зардап шеккен егіншілер шығыны өтеліп, субсидия төлеу жеделдетілетіні және несиелердің мерзімі ұзартылатыны айтылды. Сондай-ақ отырыста алдағы жылу беру маусымына дайындық шаралары да пысықталды.
Егіншінің еңсесі түспейді
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы қолайлы жағдай егін орағын уақтылы бастауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 2,4 млн гектар немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Орташа түсім гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 млн тонна астық бастырылды.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жиналатын алқабы 24 млн гектарды құрайды. Егер дақылдар бөлінісіне қарайтын болсақ, 13,7 млн га – бидай, 2,8 млн га – майлы дақылдар, 188 мың га – картоп, 165 мың га көкөніс жинауға дайын. Егіс науқаны сапалы тұқымдарды пайдалану арқылы оңтайлы мерзімде жүргізілді. Диқандар тыңайтқыштарды дер кезінде беріп, арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргізді.
Сонымен қатар вегетациялық кезеңде диқандар құрғақшылық пен егістік суының жетіспеушілігіне байланысты бірқатар қиындыққа тап болды, бұл егістіктің жағдайына әсер етті. Осы ретте өңірлік ауқымды төтенше жағдай жариялау және шаруалардың шығындарын жабу, субсидияларды жеделдетіп төлеу және несие мерзімін ұзарту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, егін жинау науқанын уақтылы жүргізу үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шілде-тамыз айларында 119 мың тоннасы немесе 28%-ы жөнелтілді. Жанармай қозғалысын бақылау және ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шара қабылданды. Олардың ішінде жеке ПИН-кодтарды белгілеу, дизель отынын сары, көк және қызыл түстерге бояу, жеке виртуалды қоймалар құру бар.
Сонымен қатар Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірлердегі жұмыстардың дайындығы мен жүзеге асырылу барысына тоқталды.
Премьер-министр егінді уақытында және сапалы жинап алу еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Бірқатар өңірде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шара қабылданды», деді Ә.Смайылов.
Мәселен, нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен (250 теңге/литр) дизель отыны бөлінді. 140 млрд теңге бюджеттік несие беру көзделген. Сондай-ақ жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді. Биыл мал азығын дайындауға арналған техника мен суару жүйелерін сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінді.
«Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңір зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде Үкімет резервінен қаражат бөлінеді», деді Премьер-министр.
Бұл ретте «Бәйтерек» холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау тапсырылды.
«Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды», деп атап айтты Ә.Смайылов.
Сонымен қатар ол климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отырғанын айтты. Сондықтан Су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша жол картасын әзірлеу, ал өңірлерге белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізу талап етіледі.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі жағдайда жемшөп дайындауға ерекше назар аудару қажет. Бүгінгі таңда Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында мал азығын дайындау қарқыны жақсы. Ал Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жұмыс баяу жүруде.
«Аталған өңірлер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жұмыс қарқынын күшейтіп, жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі қажет», деді ол.
Үкімет басшысы сөзін қорытындылай келе, астықты дер кезінде тасымалдап, сақтау орындарын дайындау бойынша жұмысты уақтылы жүргізуді, сондай-ақ тұрақты бағаны сақтай отырып, жемшөп қорын сапалы дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін назарға алды.
Жылу беру маусымына толық дайын емес
Үкімет отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша өзекті мәселелер қаралғанын айттық. Отырыс барысында Ә.Смайылов жылу беру маусымы алдында көмірді өткізу пункттерін, оның сапасы мен бағасының негізділігін тексеруді тапсырды.
Энергетика вице-министрі Ж.Нұрмағанбетовтің айтуынша, бекітілген кестеге сәйкес еліміздің электр стансаларында 10 энергетикалық блок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Бүгінгі таңда 4 энергетикалық блок, 24 қазандық және 15 турбина жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Сондай-ақ 3 энергетикалық блок, 13 қазандық және 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Бұған қоса биыл 25,3 мың км электр желісін, 567 қосалқы стансаны, сондай-ақ 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторды күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 13 мың шақырым электр желісі, 364 қосалқы станса және 2 мың тарату пункті мен трансформатор бойынша жұмыстар аяқталыпты.
Жылу беру маусымына дайындық аясында тәуекел аймағында тұрған энергетикалық кәсіпорындарға ерекше назар аударылады. Мәселен, Риддер ЖЭО-сында барлық қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, әртүрлі деңгейде осындай жұмыс Екібастұз, Жезқазған, Шахтинск, Кентау, Степногор ЖЭО-ларында және т.б. жерлерде жүргізіліп жатыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов жылу желілерін, әлеуметтік сала нысандарын, тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникацияларды дайындау туралы баяндама жасады. Бүгінгі таңда білім беру нысандарының дайындығы 88%-ды (9 399), денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 88,6%-ды (5 015), тұрғын үйлердің дайындығы 75,1%-ды (37 555) құрайды. Бұл ретте республика бойынша 593 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 382 км немесе жоспардың 64,4%-ы аяқталды.
Павлодар облысында жылу беру маусымын апатсыз өткізу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы өңір әкімі Асайын Байханов баяндама жасады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск ЖЭО-cы және Теміртаудың екінші ЖЭО-сын жөндеу жұмыстары туралы айтып берді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қыс мезгілінде «МАЭК» жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету туралы, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған ЖЭО-сын жөндеу туралы, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Риддердегі ЖЭО мен желілерді жөндеу жұмыстары туралы баяндады.
Ә.Смайыловтың айтуынша, жылыту маусымының басталуына бір айдан аса уақыт қалды және жалпы дайындық жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жүйелік оператор «KEGOC» компаниясы Жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін бекітті. Алайда бұл кестеден кешігу байқалып отыр, кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері тіркелген.
«Сондықтан қыс уақытында осы объектілердің тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін. Мәселен, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында екенін атап өткен жөн», деді Үкімет басшысы.
Осыған байланысты Премьер-министр проблемаларды шешу үшін «Қазақмыс», «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы», «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшыларымен және иелерімен кездесулер өткізу қажет екенін қадап айтты.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жыл соңына дейін елордада 3-ЖЭО мен екі газ турбиналық стансаны жоспар бойынша іске қосудың маңызын атап өтті. Жалпы, Премьер-министрдің айтуынша, өңірлерде 13 мыңнан аса автономды қазандық дайындау қажет көрінеді.
«Іс жүзінде шамамен 11 мың қазандық немесе 81%-ы дайындалды. Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкентте жұмыс қарқыны баяу», деді Ә.Смайылов.
Оған қоса Премьер-министр жылу желілерін жөндеу бойынша 4 өңір жұмыс көлемінің жартысын да аяқтамағанын айтты. Бұлар – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстары.
Сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеуге жоспарланған 1,5 мың шақырымның тек 60%-ы ғана жөнделді. Басқа өңірлермен салыстырғанда Маңғыстау облысында, Алматы қаласында және Қызылорда облысында жұмыс қарқыны төмен.
Бұдан басқа энергия өндіруші ұйымдардың жеткізілген газ үшін «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясына берешегі көп, шамамен 13 млрд теңгені құрайды. Ең көбі – 10 млрд теңгемен МАЭК-тің қарызы, одан кейін Жайықжылуэнерго, Ақтөбе ЖЭО-сы, Өзен Жылу және Таразэнергоорталық тұр. Сондай-ақ ЖЭО-лардың «Богатырь-Көмір» компаниясына көмір үшін 6,4 млрд теңге сома берешегі бар. Оның ішінде Павлодарэнергоның қарызы ең көбі – 2,6 млрд теңге, Севказэнерго – 1,4 млрд теңге және Екібастұзжылуэнерго – 1,3 млрд теңге.
«Бұл қарыздарды жаңа маусымға қалдыруға болмайды. Өйткені отынның нормативтік қорларын қалыптастыруда проблемалар орын алуы мүмкін. Аталған өңірлердің әкімдері осы мәселелерді шешуі керек», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы жалпы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу барысы күнделікті маңызды мәселе екенін ескере отырып, әрбір өңірде жол картасын әзірлеп, бекіту қажеттігін назарға алды.
«Онда жылу желілерін дамыту, жаңа Жылу орталықтарын салу мен қолданыстағы орталықтарды күрделі жөндеу жұмыстары нақты айқындалады. Сондай-ақ апат болған жағдайда өңірлік коммуналдық қызметтер мен Жылу орталықтарының іс-қимылының әр қадамы жазылған алгоритм бекітілуге тиіс», деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр осы сектордағы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейін арттыру маңызды екенін айтты.
«Жылу желісі инфрақұрылымының жай-күйі, шығын деңгейі, тұтынатын жылу энергиясының саны мен сапасы туралы объективті деректер қажет. Бұл жылу жүйесін басқаруға және жылу беретін объектілердегі авариялар санын азайтуға мүмкіндік береді», деді ол.
Жалпы, Үкімет басшысы белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмысының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын ала жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.
«Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен екі апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пункттерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет», деді Ә.Смайылов.