Конституциялық сот – ел азаматтарының конституциялық құқықтарының қорғалуының кепілі әрі Ата заңымыздың ережелерінің мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын орган. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елімізде жұмыс істеген бұл демократиялық құрылым 1995 жылы қабылданған Конституцияда Конституциялық кеңеске айналды, ал сот пен кеңестің құзіреті жер мен көктей еді.
Елімізде 2022 жылы қолға алынған конституциялық реформаның нәтижесінде Конституциялық соттың қайта қалпына келтірілуі ең бір қажетті бастама болғаны анық. Бұл – әділетті Қазақстанды құру кезеңінде құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы нық қадам.
Конституциялық сот жекелеген істерді қарамайды. Ол жалпы заңнаманың Ата заңымызға сәйкестігін қадағалайды. Өйткені белгілі бір нормативтік-құқықтық құжаттың кей ережелері еліміздің Негізгі заңына қайшы келіп қалуы мүмкін. Тіпті осы құжатты негізге алып, отандастарымыздың тағдырын шешкен сот шешімдері де шығып кеткен болуы ықтимал. Осы кезеңде құқығы шектелген тұлға Конституциялық сотқа жүгіну арқылы алдымен әлгі тағдыршешті баптың күшін доғарып, содан соң ол бапқа сүйенген шешімнің күшін жоя алады. «Конституциялық сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды» (Конституцияның 72-бабының 3-тармағы). Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» 2022 жылы 5 қарашадағы Конституциялық заңның 45-бабының 4-тармағына сәйкес: «Егер азаматтың сотқа алдын ала жүгінуі заңның тиісті ережелерінің императивтілігіне байланысты нақты жағдайда оның Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын заңды өзгеше қолдануға алып келмесе, азаматтың жүгінуіне жол беріледі», делінген.
Осы бапқа сүйене отырып, біз, яғни осы мақала авторлары, ақпан айында Конституциялық сотқа жүгіндік. Ондағы мәселе Қылмыстық кодекстің 161, 179, 180, 256-баптарының Конституцияға сәйкестігіне күмәнданатындай негіз болды.
Бізге жауап берген Конституциялық сот аппараты «Нормативтік-құқықтық актілер мәтіндерінің сәйкестігін тексеру Конституциялық соттың құзыретіне жатпайды», деген уәжбен бұл мәселені жылы жауып қойды. Бұл жауап жоғарыдағы күмәнді сейілтпеді. Бірақ бізді толғандырған бұл жауап қана емес, мәселенің бұлайша өрбуіне алып келген түйткілді үш мәселе бар еді. Шешілуге тиісті мәселелердің болуы да заңды. Бұл мәселелер Конституция мен Конституциялық сот туралы конституциялық заңның ақтаңдақтарын, жете реттелмеген, толықтыруды қажет ететін тұстарының бар екенін, сонымен қатар Конституциялық сот жұмысын ұйымдастыруда кей кемшіліктің бар екенін аңғартады. Әрекет бар жерде қайшылықтың болуы, қайшылық бар жерде шешімнің сұрануы заңды.
Үш мәселеге жеке-жеке тоқталып өтсек.
Біріншіден, «Конституциялық сот қай биліктің тармағы?» деген сұрақ туындайды. Заманауи мемлекеттің моделінде билік – заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп бір-бірінен тәуелсіз, бірін-бірі тепе-теңдікте ұстайтын үш тармаққа бөлінеді. Аты «Конституциялық сот» болған соң да, он бір судьядан тұратын орган болған соң да сот билігіне жатады деген қисынды ой келеді.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» заңның 1-бабы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді», деп қана шектеледі. Оның сот жүйесіне енетіндігі немесе енбейтіндігі, не болмаса басқа биліктің тармағы екендігі яки мүлде бөлек үш тармаққа енбейтін орган екендігі туралы мәселе ашық қалдырылған.
Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңда Конституциялық сот Конституцияны сот арқылы қорғайтын жоғары орган ретінде бекітілген еді. 1993 жылғы Конституция да, 1992 жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Заң да оны жұмбақтамай сот билігіне жататынын анық жазған болатын. Сол сияқты 1992 жылдың 5 маусымында қабылданып, 1995 жылдың 19 қазанында күшін жойған «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Заңының 1-бабына сәйкес «Конституциялық сот – Конституцияны қорғау бойынша сот билігінің жоғарғы органы».
Конституциялық соттың құқықтық мәртебесі нақты айқындалмай кеткенмен, оның сот екені күмән тудырмайды. Бұдан екінші мәселе туындайды. Сотқа жүгінген азаматтың сотқа жүгінуінің заңдылығын немесе заңсыздығын соттың өзі шешу керек, яғни соттың судьясы мемлекет атынан, өз қаулысымен (ұйғарымымен) істің барысына жауап беру керек. Ал үшінші бір тұлғаның бұл іске араласуына жол жоқ.
Енді сұрақ: онда не үшін ел азаматтарының жолданымын Конституциялық соттың судьясы емес, Конституциялық сот аппараты қарайды? Сіздердің жолданымдарыңыз «Конституциялық соттың құзыретіне жатпайды», деп қорытындылайды. Бұл орайда сізде «Конституциялық сот аппараты Конституциялық соттың бір құрылымдық бөлшегі емес пе?» деген сұрақтың туындауы заңды. Оны Конституциялық сот туралы конституциялық заңның өзінен қарайық. Заңның 18-бабы Конституциялық соттың аппаратына арналып, онда: «Конституциялық соттың аппараты – Конституциялық соттың қызметін құқықтық, ақпараттық-анықтамалық, ғылыми-консультативтік және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Конституциялық соттың аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға», делінген. Ал бұған не айтасыз? Конституциялық соттың ішіндегі аппараты өзінше бөлек мемлекеттік орган және іргесі бөлек заңды тұлға екен. Құқықтық техника жағынан қарағанда бұл – өрескел қате. Отаудың ішінен отау тігілмейді. Біз сотқа жүгіндік, ал бізге мүлде басқа бір мемлекеттік орган (заңды тұлға) жауап берді. Бұл қаншалықты қисынды? Ең болмағанда онда Конституциялық соттың бір судьясының аты-жөні мен қолы және Конституциялық соттың мөрі тұрса, күмән тумас еді. Бізге берілген жауапта Конституциялық соттың аппарат басшысы З.Өтебаеваның аты-жөні көрсетілген. Одан бөлек, бұл тек үшінші тұлғаның араласуы ғана емес, түптеп келгенде азаматтардың сотқа жүгіну құқығының бұзылуы деп бағаласақ та болады. Өйткені «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар» (Конституцияның 13-бабы 2-тармағы).
Осы жағдай «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заңының 18, 47-баптарының Конституцияға сай еместігі туралы Конституциялық сотқа жүгіну ықтималдығын арттырады.
Өзге сотқа жүгінген кезде аталған мәселені Азаматтық процестік кодекстің қалай шешетінін қарастырайық. Азаматтық процестік кодекстің 150-бабының 2-бөлігіне орай (Талап қоюды қабылдау) «Талап қоюды бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдап, судья ...азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады», ал егер де қажетті талаптарға жауап бермесе, «Судья талап қоюды қабылдаудан бас тартады» (АПК 151-бабының 1-бөлігі). Егер де одан да бөлек талапты қайтаратындай жағдай болса, АПК 152-бабының 1-бөлігіне сүйеніп, «Судья талап қоюды қайтарады».І
Істің қабылдауы мен одан бас тарту мәселесіне бөтен бір орган немесе тұлға мүлде араласпайды, барлық жағдайда мәселені сол соттың судьясы (немесе төрағасы) шешеді. Өйткені «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады» (Конституцияның 75-бабының 1-тармағы).
Енді бұл мәселе республика аумағында 1992-1995 жылдар аралығында жұмыс істеген Конституциялық соттың тәжірибесінде қалай реттелгенін қарап көрелік. 1992 жылдың 5 маусымында қабылданған «Қазақтан Республикасындағы Конституциялық сот ісі туралы» Заңның 22-бабына сәйкес «Түскен жолданым … Конституциялық сотының судьясына жіберіледі. Жолданымды тексере келе бес күндік мерзім ішінде судья өзі Конституциялық сот ісін қозғау туралы ұйғарым шығарады… немесе Конституциялық сот ісін қозғаудан бас тарту туралы ұйғарым шығарып, материалдарды жүгінушіге қайтарады».
Мұнда да жолданымның тағдырын тек Конституциялық соттың судьясы шешеді. Сондықтан да құқықтық мемлекетті құру жолындағы саяси батыл шешімдерге бет түзеген болсақ, онда бетпе-бет келген мәселелерге де тік қарап, өркениетті жолмен шешуіміз керек. Проблемадан жалтару, басқа арнаға бұру опа бермесі анық.
Енді үшінші түйткілге келейік. Біз Қылмыстық кодекстің 161, 179, 180, 256-баптарының Конституцияға сәйкестігіне, яғни оның 14-бабындағы «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі теңдігі» қағидасына сәйкестігіне күмән келтіріп, Конституциялық сотқа жүгіндік. Қылмыстық кодекстің ресми мәтіндеріндегі бірқатар ереже Конституцияда баяндалған, кепілдік берілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қайшы келеді. Атап айтқанда, Конституцияның 14-бабы: «1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. 2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», деп бекітеді.
Дегенмен Қылмыстық кодекстің бірқатар бабының ресми мәтіндері бұл қағиданы бұзып тұр. Кодекстің 161-бабының 1-бөлігінің диспозициясы «басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде шақыру» әрекеттерін қылмыс деп таниды. Бұл баптың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жария түрде шақыру әрекетінің жекеше түрдегі қалпын баяндайды, ал орыс тіліндегі нұсқасы көпше түрдегі кейпіне жүгінеді («Пропаганда или публичные призывы к развязыванию агрессивной войны»). Яғни қылмыстық процесс мемлекеттік тілде жүргізіліп, ҚК мемлекеттік тілдегі нұсқасы басшылыққа алынса, кісінің жасаған бір ғана әрекеті оны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жетіп жатыр, ал егер қылмыстық процесс орыс тілінде жүргізіліп, кодекстің орыс тіліндегі нұсқасы басшылыққа алынса, қылмыстық жауаптылық туындау үшін бір ғана әрекет емес, бірнеше, яғни екі және одан да көп әрекет болу керек.
ҚК 4-бабында (Қылмыстық жауаптылықтың негiзi) бекітілген қағидатқа орай «Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді», яғни заңдағы жазылған әрекет дәлме-дәл болуы керек. Бұл да саяси қуғын-сүргіннің ащы сабағы, кезіндегі боздақтарды әрекеті қылмысқа ұқсайды деп соттаған болатын. Мемлекеттік тілдегі кодекс қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болуы үшін бір ғана көрсетілген әрекет жеткілікті деп есептесе, орыс тіліндегі кодекс ол үшін дәл сол әрекетті бірнеше рет жасауды талап етеді. Бұл бап дәл осы күйінде адам мен азаматтың заң мен сот алдындағы теңдігін тілдік себептермен бұзып тұр, яғни Конституцияға қайшы келіп тұр.
Дәл осы «жария түрде шақыру» әрекетінің екі мәтінде сәйкеспеушілігі көрсетілген ҚК 161-бабында ғана емес, одан өзге жоғарыда көрсетілген бірнеше бапта ұшырасады.
Конституциялық соттың аппараты қабылдамау себебін былай деп уәждейді: «... мәтіндердің сәйкестігі туралы сұрақ туындаған жағдайда, сіздер ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргізу үшін құзіретті органдарға жүгінуге құқылысыздар. Нормативтік-құқықтық актілер мәтіндерінің сәйкестігін тексеру Конституциялық соттың құзыретіне жатпайды».
Осы екі сөйлемге бөлек-бөлек жауап берейік. Иә, біз «мәтіндердің сәйкестігі туралы сұрақ туындаған жағдайда ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргізу үшін құзіретті органдарға жүгінуге» құқылымыз. Сөздің көпше түрі мен жекеше түрін ажырату үшін сараптама жасатып, ол сараптаманың қорытындысын алдық делік, онда мәтіндер бір-біріне сәйкес емес деген қорытынды бар делік. Ары қарай не істейміз? Жеке тұлғаның заң шығару бастамашылығы құқығы жоқ, яғни жеке адам «мына заңның мына жерін өзгерту керек» дейтін құзыреті жоқ. Ондай құқық Президентке, Парламент депутаттарына және Үкіметке ғана берілген. Қарапайым пенденің өзгеше амалдармен шешу мүмкіндігі болмағанда және ол адам мен азаматтың конституцияда бекітілген құқықтарына қатысты болса, оны түзету үшін ұмтыла алатын жалғыз ғана механизм – Конституциялық сотқа жүгіну. Мемлекет өзін құқықтық, демократиялық деп жариялаған соң осы тетікті іске қосып тұр. Дәл осы күйінде алғашқы сөйлем «дәрменсіздігіңді мойында да ары қарай жасай бер» деген сыңайлы.
Ал екінші сөйлемдегі уәжге біз жолданымның ішінде Конституциялық кеңестің қаулысына сүйене отырып, жауап берген болатынбыз. Өйткені Конституциялық сот қайта оралып, Конституциялық кеңестің жұмысы тоқтағанмен оның нормативтік қаулыларының барлығы өз күшінде қалды. Конституциялық сотқа жүгіну барысында назарды тек мәтінге немесе мәтіндердің сәйкестігіне аударған жоқпыз. Ол біздің тарапымыздан заңдағы конституциялық құқықтарды елемеу болар еді. Біз осы арқылы азаматтардың құқықтары шектеліп тұрғанына назар аудардық. Осыларды баяндай келе жолданымды былай жалғаған болатынбыз: «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 1997 жылы 8 мамырдағы №10/2 қаулысына түсiндiрме беру туралы» қосымша қаулысының 1-тармағының 5-абзацына орай «Қазақ және орыс тiлдерiн пайдаланудағы теңдiк сондай-ақ нормативтiк-құқықтық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң заңдық маңызы тең екенiн де бiлдiредi. Сол сияқты Конституциялық Кеңестiң 2007 жылы 14 ақпандағы №2 қаулысынан келiп шығатыны, егер қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң сәйкессiздiгi құқықтық норманың тұжырымдамалық мазмұнын бұрмалап, оны бiржақты түсiнуге мүмкiншiлiк бермейтiн болса, онда Негiзгi заңның 7-бабының 2-тармағын негiзге ала отырып, мұндай норма белгiленген тәртiппен Конституцияға сәйкес емес деп танылуы мүмкiн». Біз осыны еске салдық.
Конституциялық кеңес қаулысында «нормативтiк-құқықтық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң заңдық маңызы тең», деп тұрса Конституциялық сотқа жүгінуден басқа амал да, заңды тетік те жоқ. Егер де «қайшылық туған жағдайда басымдық мемлекеттік тілге беріледі» деген ереже болса, онда ешқайда жүгініп те керек емес еді.
Конституциялық соттың қайта қалпына келтірілуі әділетті Қазақстанның құқық саласына қан жүгірткені аян. Дегенмен дамудың заңдылығына сәйкес мәселелердің қордаланып келе жатқаны, оны дер кезінде шешу керек екені анық. Біздің мақсат – кінәрат іздеу емес, елде құқықтық мемлекеттің институттары қайта қалыптасу кезеңінде туындаған мәселені бірігіп шешу. Бұл – бәрімізге ортақ парыз.
Марат АХМАДИ,
Алмас ЖҰМАҒАЛИ,
«Maqsut Narikbayev University»-нің ассистент-профессорлары