• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Инфографика 05 Қыркүйек, 2023

Мемлекеттік саясаттың интеллектуалдық деңгейі

232 рет
көрсетілді

Кейінгі уақыттағы геосаяси, климаттық, қаржы-эконо­мика­лық катаклизмдер ішкі күн тәртібін біршама шетке ысырып тастағаны белгілі. Соның салдарынан қоғамда ертеңгі күнге деген алаңдаушылық кү­ше­йіп, азаматтардың әлеумет­тік оп­тимизмі бәсеңдей бастады. Түрлі қаңқу сөзге, инсинуацияға толы ақпараттар тасқыны да халық­ты шаршатты десе болады.

Осындай сәтте біз үшін қоғамды жұмылдырып, нақты, конструктивті іс-әрекетке жетелейтін мықты саяси қадам, салиқалы тоқтам ауадай қажет еді. Президент Жолдауы халқымыз күткен осы шетін сауалдарға толықтай жауап береді.

Біздің қоғамға құр сөз емес, нақты іс-әрекетке жұмылдыратын батыл сая­си бастамалар қажет. Содан да болар, жұрт Жолдаудан көп нәрсе күтті. Бұған әлеуметтік желілерде желдей ескен биліктегі ауыс-түйіс туралы әңгіме емес, Президенттің ілгеріректе айтқан «ел дамуының жаңа экономикалық үлгісін ұсынамын» деген сөзі әсер еткені анық.

Қ.Тоқаев Президент әкімшілі­гінің басқару құрылымын өзгертті. Әлемдік тәжірибеде әртүрлі әдіс-тәсіл бар. Әсіресе «Welfare State», яғни әлеуметтің әлеуетін арттыруды ойлайтын мемлекетке басымдық беріледі.

Жалпыға ортақ әл-ауқаттың класси­­ка­лық жүйесі жөнінен Сканди­навия елдері көш бастап тұр. Бұл елдерде салық түсімі жоғары, әлеуметтік салаға қаржы молынан құйылады. Скандинав моделі энергетикалық ресурстарымен де ерекшеленеді. Мұны Норвегиядан байқауға болады. Десек те, «Welfare State» тақырыбындағы талқы әлі де жалғасып жатыр. Халқы бақуатты мемлекетке айналу үшін нақты, жүйелі әрекет керек.

Біз мұны Еуропалық одақ пен АҚШ-тан да байқаймыз. Олар қазір кедейлікпен күреске шындап кірісті. Салық, басқа да кешенді шаралар арқылы жүзеге асырып жатыр. Мәселен, АҚШ-та салық заңнамасына өзгеріс енгізілді. Көпбалалы отбасы­ларға үш жылдық салық каникулы берілді. АҚШ балалар арасындағы кедей­лікті азайтуға басымдық беріп отыр. Бұл оларға оңайға тиіп жатқан жоқ. Өйткені баланың ата-анасының айналасын мұқият зерттеп, әлеуметтік есеп жүргізу қажет.

Климаттың өзгеруі – жер-жаһанды алаң­датып отырған өзекті мәселе. Бүгін­­де көптеген мемлекет «жасыл» эконо­ми­каға ден қоя бастады. Тіпті қазба байлық­­тарының қоры мол елдердің өзі. Өнер­кәсіптегі энергия­ны үнемдеу, оны тұтыну көлемін азайту, көмір қышқыл газы­ның шыға­рындыларын қысқарту күн тәр­тібіндегі мәселеге айналды. Басқа жол да жоқ. Өйткені ғаламшарда демографиялық өсім жоғары. Алайда бұл жерде экономикасы орнықты, озық елдерде бар екі дүниені ескеруге тиіспіз. Бұл – әлеуметтік және климаттық жағдай.

«Мемлекет отандық өнім өндіру­ші­лерді қорғауға міндетті», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бұл – терең ішкі мәдениет пен демо­кратиялық құндылықты сақтаудың айқын айғағы. Мұның әрқайсысы өзіндік мән-маңызға ие. Түптеп келгенде, бұл ұлттық даму­ға бастайды. Терең ішкі мәдениет – адамдардың береке-бірлікте өмір сүру қабілеті. Яғни жауапкершілік, елгезектік, сыпайылық. Қоғамды алға бастайтын, адамдарды бірік­тіретін тағы да басқа осыған ұқсас қасиеттер.

Батыс елдерінің соңғы 70-80 жылдағы капитализм эволюция­сының негізгі өзегі – қоғамның тілегіне, әлеуметтің үніне құлақ асқандығында. Қазіргі капиталистік қоғам еңбек этикасымен ерекшеленеді. Негізгі корпоративтік ойыншылар, қаржы институттары, банктер тек қалта қампайтуды ойламайды, белгілі бір мақсаттар жолында жұмыс істейді. Олар табыстан абыройды биік қояды.

Президент Жолдауы осындай даму бағдарларына бастайды. Жолдаудың негізгі өзегі – қоғамға осындай өзгеріс пен белсенділік әкелу, халқы бақуатты мемлекет құру үшін отандық экономикалық жүйені трансформация­лау. Бұған Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға», ірі компа­ниялардағы мемлекет активтерін халықтық ІРО-ға беру бастамалары дәлел. АЭС құрылысын салу мәселесі референдумда қаралатын болды.

Президент отандық банк­тердің алдына маңызды міндет қойды. Банктер халықты табыс табудың көзіне айналдырмай, қоғамның дамуына үлес қосуды басты бағдар ету керегін шегелеп айтты. Енді еліміздегі корпоративті несие беру ісіне шетелдік банктер тартылатын болды. Меніңше, бұл отандық банк секторын ұйқыдан оятып, жұмысына тың серпін береді. Батыс­тағы банктердің еліміздегі банктерден өзгешелігі көп. Олар ең әуелі тұтыну­шылардың тілегін, нарықтың сұранысын ескереді.

Осы тұста Президенттің мемлекет­тік қызметтегі кадрларға қатысты айтқан пікірін айналып өте алмаймыз. Бұл Мемлекет басшысының кадрлардың сапасына ғана емес, күллі мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысына көңілі толмайтынын аңғартса керек. Пандемиядан кейін әлемде, еңбек нарығында, рекрутингте (қызметкерлерді іріктеуде), технологияда елеулі өзгеріс болды. Қазір жасанды интеллект технологиялары қарқынды енгізіліп жатыр. Әрине, бұл мемлекеттік қызметшілерге қойы­латын талапты күшейтеді. Бүгінде мемлекеттік аппаратта буын алмасу үдерісі жүріп жатыр. Мұндай жағдай үлкен спортта да болады. Бүкіл команда, барлық спортшы ауысады. Осындай сәтте үлкен нәтижелерге қол жеткізу қиын, бірақ шегінерге жол жоқ. Өйткені команда өзін жар салып жариялап қойған, жоғары лигадан ойып тұрып орын алған. Амалсыз сол абыройды сақтап қалу үшін ойынды жалғастырады. Әлсіздік танытып, бас тартсаң, кейін бәрін қалпына келтіру қиынға түседі.

Кадр саясаты жаңғыртуды қажет етеді. Тәрбиелік және институцио­налдық тұр­ғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да өзге­ріс керек. Президент «мемлекеттік саяси қыз­метшілер үшін кадрлық резерв құрылады» дегенді бекер айтқан жоқ. Енді мемлекеттік қызметшілердің саяси деңгейіне көңіл бөлінеді. Батыс елдеріне бажайлап қарасақ, олардың сая­си қызметшілері – нағыз саясаткерлер. Олар Парламент де­путаттары, үлкен мін­берлерде үл­кен мәселе қозғап жатады. Де­мек Үкі­мет пен Парламентте екі тізгінді тең ұс­­тайтын азаматтардың отырғаны абзал.

Саясаткерлер сайлауалды науқан кезінде жігерлі болуы керек. Олар саяси дода барысында жан алысып, жан берісіп, айқын басымдықпен жеңуге тиіс. Келесі сайлауда жеңіліп қалмас үшін берген уәдесін орындап, сайлаушыларының сенімінен шығуы маңызды. Осы орайда Президенттің еліміздегі саяси партия­лардың кадрлық әлеуетін пайдалану туралы айтуы өте орынды. Бұл – Мемлекет басшысы ұстанған бағдар, саяси реформалардың жалғасы.

Қазақстан – аймақтағы дамудың демо­кратиялық векторын ұстанған санаулы елдердің бірі. Бұл – Батыс сарапшылары атап көрсеткен әлемдегі авто­ритаризмнің жаңа толқыны жағ­дайында табандылықты талап ететін ең күрделі міндеттердің бірі болса керек. Тіпті ең жақын көршілеріміз де бұл мәселеде батылдық таныта ал­май отырғаны белгілі. Осын­дай жағдайда мемлекетіміз бас­қару жүйесін орталықсыздандыру, бюд­жет­ті тең бөлу, сайлау бойынша ма­ңыз­ды реформаларды батыл жүргізіп келеді.

Президент өзінің интеллектуалдық платформасы негізінде елдегі ахуалды жан-жақты саралап, қоғамда тепе-теңдікті сақтауға барынша назар аударатынын байқатты. Мемлекет басшысы биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермеу үшін саяси жүйені сапалық жағынан оңтайландыруды көздейді. Енді біртіндеп бәріміз баршаға мүмкіндік беретін, жайлы саяси жүйеде өмір сүруге үйренетін боламыз. Билік тармақтары мен шенеуніктер өз бетінше шешім қабылдау үшін жеткілікті деңгейде ресурстарға да, жауапкершілікке де ие болуы керек.

Біз саяси полюстер иерархиясының екпіні басылып, көптеген мәселенің көлденең байланыстар, желілер арқылы шешілетін жаңа кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Қазір шіренген шенеуніктер емес, алдына белгілі мақсат қойған, соңынан адамдарды ерте білетін жобалау топтарына басымдық беріледі.

Президент жаңа Жолдауында екі стратегиялық саяси бағытты ай­қындады. Біріншіден, ол консти­ту­циялық өкілеттігі аяқ­талған­ша елді түбегейлі өзгертуді, Жаңа Қазақстан құруды көздеп отыр. Не­гізгі жос­парлар мен бағдарламалар 2029 не­месе 2030 жылдары түпкі нәтижесін беру­ге тиіс. Яғни Президент сая­си және эко­но­микалық жүйесі жол­ға қойылған, хал­қы бақуатты, билігі әділ мемлекеттің қайрат­кері болуға ниетті. Елең еткізген екінші бағыт – Президент қоғамды жаңа кезеңде ұйыстыру міндетін белгіледі. Бұрын мұндай міндет қойылмады, өйткені билік жеке тұлғаға табынуға негізделген жүйенің кем-кетіктерін жоюмен айналысты. Бұрынғы кездегі көп мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үдерістері жүргізілді. Бұл, шын мәнінде, күрделі кезең болды және капиталды қайтаруға қатысты мәселелер оның әлі толық аяқталмағанын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлы­ғымен Үкіметте жаңа министр­лер таға­йын­далды. Ең бастысы, Пре­зидент өзі­нің жаңа бағдарын ай­қындады. Қазір­гідей аумалы-төк­пелі кезеңде қоғам­ды біріктіру миссиясын реттеп алды. Дегенмен Президенттің осындай саясатының артында орта тапты нығайту мақсаты байқалады. Президент Жолдауындағы мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту, орта бизнесті қолдау, корпоративтік несиелеуді кеңейту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту сияқты мәселелер бұған айқын дәлел.

Ел экономикасының негізі – индустрия, электр энергетикасы, аграрлық өндіріс, ғылым мен инновация. Креативті өндірісті дамыту әлемдік әдебиетте «креа­тивті класс» деп жиі аталатын орта тапқа тың серпін береді. Жаңа экономикалық модель ұлттық кірістің көбірек болуын, қаржының орта тапқа көбірек бөлінуін қамтамасыз етуге арналған.

Бұрнағы жылдары бұл әлеуметтік құ­рылым мемлекеттің назарынан тыс қал­ды. Үнемі төтенше жағдайда жұмыс іс­­теу­ге мәжбүр болды. Пандемия кезінде адам­­д­ардың өмірін сақтап қалу, оларды қа­уіп­сіз жерге көшіру, апаттар мен қақ­ты­­­ғыс­­тардың салдарын еңсеру секілді дү­ние­­­лерден бас көтермеді. Орта таптың бар-жо­ғы білінбей қалды. Құндылықтар өзгерді.

Сарапшылардың пікірінше, посткеңес­тік авторитарлық елдерде орта тап консер­вативті идеологиялық қысымға ұшыраған. Олардың бұған еті үйреніп алған, кей адамдар тіпті осыны өздеріне қолай көрген. Алай­­да конституциялық реформа аяқ­талып, сай­лау өтіп, билікте ауыс-түйіс болған соң еліміздегі орта тап­тың жағдайы өзгер­­ді. Олар либерал­ды-демократиялық құнды­лықтарға бет бұрды. Бұл еліміздің өзіне тән демо­кратиялық даму векторын жалғас­тырып келе жатқанын анық аңғартады.

Демократия міндетті түрде мінсіз деген сөз емес. Бұл – баршаға өздерінің жан дүниесі қалаған әлемді құра алатын­дай мүмкіндік жасау. Жалпыға ор­тақ әл-ауқатты мемлекетті құру таң­дау еркіндігімен тығыз байланысты.

Біз Президенттің елдің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру үшін экономи­калық, саяси, электоральды жүйені қалай жаңғыртып жатқанын көріп отырмыз. Әрине, бұл – нағыз, шынайы бәсеке. Саяси бәсекелестіктің негізі – мықты орта таптың дамуы, демек, шағын және орта бизнестің өркен жаюы. Бұл монополистер­дің жалғанды жалпағынан баспай, қызметін бақылауға алып, Үкіметтің тарифтік саясатты реттеп отыруына мүмкіндік береді.

Президент әділ және жауапты қоғамның өлшемдерін жүйелі түрде енгізіп жатыр. Жолдаудың түпкі мағынасы Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы туралы айтқан кезде белгілі болды. Президент осындай терең әрі мазмұнды тұжырымдамаларды алға тарта отырып, мемлекеттік саясатты интеллектуалдық деңгейін барынша көтеруге пейілді екенін аңғартты.

Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауы халқымыздың әл-ауқатын түбегейлі жақсартуға, қазір қа­лыптасып жатқан жаңа геосаяси, геоэко­номикалық және көлік логистикалық кеңістікте ойып тұрып орын алатынымызға кепілдік береді.

 

Дархан КӘЛЕТАЕВ,

Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және

өкілетті елшісі