• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қыркүйек, 2023

Зейнеткер еңбекке қабілетсіз адам ба?

253 рет
көрсетілді

Жақында тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар, жасы алпыстың жуан ортасындағы зейнеткер хабарласты. Айтуынша, өзі туып-өскен солтүстік облыстардың біріне отбасымен бірге көшіп барып, оқытушылық қызметке орналасу туралы өтініш берген. Алайда халықты жұмыспен қамту органы өтінішті қабылдамай тастапты.

Ол – ғұмыр бойы саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқан, он екі мүшесі тү­гел, дені сау, Алматы қаласындағы жо­ғары оқу орындарының бірінде студенттерге әлі сабақ беріп жүрген зиялы азамат. Жазғы каникул кезінде қол қусырып текке қарап отырмай, алыс-жақын шетелдердің үлкен қалаларына сапар шегіп, олардағы шаң басқан архивтерді ақтарып, ғылыми ізденісін жалғастырып жүр. «Осындай әсте де қайраты қайтпаған ақсақалды еңбекке қабілетсіз адам деуге бола ма?», деп ойланып қалдық.

Сосын биылғы 20 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне үңілдік. Оның 1-бабының 43-тармағында: «Еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мү­ше­сі) – бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қа­білетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он сегіз жастан бастап осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі», деп жазылған екен. Яғни зейнетақыға шыққан адам, расында да, заң жүзінде еңбекке қабілетті адам болып саналмайды екен. Бұл қағиданың негізділігіне шүбәланып, Негізгі Заң­ға – Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясына жүгінуді жөн көрдік.

Ата Заңның 14-бабының 2-тарма­ғын­да: «Тегіне, әлеуметтік, лауа­зым­дық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дін­ге көзқарасына, нанымына, тұр­ғы­лықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша еш­кімді ешқандай кемсітуге болмайды», деп тайға таңба басқандай етіп жазылып тұрса, 24-бабының 1-тармағында: «Əркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауына құ­қығы бар», деп көрсетіліпті. Демек, ден­саулығында еш кінәрат жоқ зейнет­кер­ді еңбекке қабілетсіз адам деп тану­дың қисындылығы ғана емес, заң­ды­лығы да күмән туғызады емес пе?

Осы орайда еліміздің мүдделі мемле­кеттік органдарындағы лауазым­ды ше­неуніктер ескі жүйедегі «бәрін бір тарақ­тың астымен қырқу» делінетін баршаға бір өлшеммен қарау тәсілінен әлі арыла алмай отырғандай әсер қалдырады. Әйтпесе, солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарының ерекшеліктерін неге ескермеске? Мәселен, олардың кө­бін­де ғылыми дәрежесі бар оқыту­шы­лар жетіспейді. Сол себепті ондай оқытушылар бір мезгілде бірнеше жоғары оқу орнында қызмет істеп, мұның өзі кейде көзбояушылыққа ұрын­­дырып жататыны жасырын емес. Сондықтан да жұмыс күші артық өңір­лер­дің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында ғылыми дәрежесі бар мамандардың солтүстік облыстардың жоғары оқу орындарына жұмысқа орналасуына рұқсат беру қажет деп білеміз.

Бұған қоса, зейнет демалысына шық­қан денсаулығы жақсы дәрігерлер мен мұға­лімдердің де аталған бағдарлама аясында теріскей өңірлердегі әлеуметтік сала кадрлары жетіспейтін елді мекендерге қоныс аударып, мамандықтары бойын­ша жұмыс істеуіне неге мемлекеттік қолдау көрсетпеске? Шынтуайтында, жасы ұлғайған шағында туған ауылына оралып, қызметін жалғастырып жүрген зейнеткер мамандар қай өңірден болсын табылады. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының ең шалғай Уәлиханов ауданының қиян түкпіріндегі Қулыкөл ауылында болғанымызда Көкшетау қаласындағы онкологиялық диспансерде көп жыл қызмет еткен жоғары санатты хирург Сайлау Ыдырысов зейнет демалысына шыққан соң атамекеніне оралып, ауылдық дәрігерлік амбулаторияға басшылық жасап жүргенін көрдік. Тә­жіри­белі дәрігердің көмегіне тіпті көр­шілес Павлодар облысының жақын орналасқан ауылдарының тұрғындары да жиі жүгінеді екен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 11 қаңтарда Парламент Мәжі­лісінің отырысында сөйлеген сөзін­де: «Барлық шенеунікті бірден жастар­мен ауыстыра салуға болмайды. Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойда­ғы­дай атқарса, институционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыстан шы­ға­руға болмайды. Яғни ақылға қо­ным­ды, сараланған көзқарас болуы керек», деген еді. Мемлекет басшысының бұл пайымы мемлекеттік қызметке ғана емес, барлық салаға қатысты. Себебі қазір елімізде, әсіресе солтүстік өңірлерде білікті кадрлар жетіспейді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында мұғалім мамандығының беделі түсіп, көбінесе орташа бағамен оқығандардың кәсібіне айналғанының, сол себепті мектеп түлектерінің білім деңгейі мен сауаты төмендеп кеткенінің, білім беру саласында министрлер ауыс­қан сайын әртүрлі реформа жасалып, жүйесіздік пен жүгенсіздікке жол беріл­генінің, көптеген жоғары оқу орнының диплом сатумен айна­лыс­қанының салдары. Кейінгі жылдары Президенттің тапсырмасымен білім беру саласында жүзеге асы­рылып жатқан жақсы бас­тамалар тиісті нәтижесін бергенше бірталай уақыт қажеттігі даусыз. Осыған байланысты қазіргі кезде шын мәнінде ең­бек­ке қабілеті бар зейнеткерлердің мол әлеуетін ұтымды пайдалансақ, ұтыл­ма­сымыз анық.

Ұзын сөздің қысқасы, Мемлекет басшысы айтқандай, кадр мәселесінде бар­шаға бір өлшеммен қарау тәсілі емес, әр маманға сараланған көзқарас болуға тиіс.