Ауыл мектебі қала мектебінен кем болмауға тиіс. Осы мақсатта «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы жемісті жұмыс істейді. Осакаров ауданының орталығындағы Әлихан Бөкейханов атындағы тірек мектебі де соның есебінен жаңғыртылды.
«Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы ауыл мектептеріне жаңа тыныс сыйлап келеді. Осымен облыстағы екінші мектеп заманауи кабинеттермен жасақталып, жаңа оқу жылында балаларды айрықша қуантты.
Мектептің іргетасы 1932 жылы қаланған. 2015 жылы үш қабатты жаңа ғимаратқа көшкен. Жалпы сыйымдылығы 600 балаға арналған мектепте қазір 769 оқушы білім алып, 86 мұғалім сабақ береді.
Жоба аясында мектепке жаңа жиһаздар мен техникалар алынды. Атап айтқанда, роботтехника, психолог, дефектолог, мектепке дейінгі дайындық, шахмат кабинеттері, тігін және тамақтану мәдениеті шеберханасы, телестудия, STEM зертханасы, АRT-студиясы, FabLab, кітапхана, спорт жабдықтарымен бірге барлығы 36 бөлме жаңартылды. «Қазақстан халқына» қоры мектепті жабдықтауға 250 млн теңге қаражат бөлді.
– Ауылдағы білім беруді қолдау туралы айтылғанда ең алдымен, тірек мектептерді көтеруді ойлауы керек. Былтыр Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, 17 өңірде 17 ауылдық тірек мектеп құрдық. Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты бойынша материалдық-техникалық базаны толығымен жаңарттық. Сондай-ақ мектепке талдау жүргізіп, мұғалімдер мен оқу орны әкімшілігінің біліктілігін арттырдық. Серіктестеріміз үш жыл бойы әдістемелік қолдау көрсетеді. Осылайша, оқу үдерісіне деген көзқарасты өзгертіп, жаңа білім беру технологияларын енгіздік. Қазір 17 облыста тағы 63 тірек мектепті жаңарту жұмыстарын жалғастырудамыз, – деді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Мұнымен қоса Назарбаев зияткерлік мектептері арнайы оқыту бағдарламаларын тегін жүргізбек. Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының барлық шығынын AITAS холдингі өтейді.
Назарбаев зияткерлік мектептері базасында педагогикалық ұжым мен мектеп басшылығының біліктілігін арттыру бағдарламасы да іске қосылды. Мұғалімдер 5-6 ай бойы оқытудың заманауи әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді.
Іс-шара кезінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов есімін алған мектептің үздіктердің қатарында болатынына сенім білдірді. «Бүгін бұл мектептің де, жалпы ауданның да жаңа тарауы басталды. Білім – табысты болашақ кепілі. Сондықтан да біздің тірек мектебіміз бүкіл өңірге сапалы білім берудің үлгісі болады деп сенеміз. Бұл – облысымыздағы жоба аясында жаңғыртылған екінші мектеп. Биыл тағы алты мектеп жаңғыртылмақ», деді облыс әкімі.
Жаңғыртылған мектептің ашылу салтанатына арнайы келген Aitas Foundation директоры Ксения Верба «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының маңызына тоқталып өтті.
– Жоба білім сапасын арттыруға, озық педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. О баста «Powered by NIS» жобасы Шығыс Қазақстан мен Ақмола облысындағы бірнеше тірек мектепті дамытудан басталып еді. Ал бүгінде, яғни екі жылда ел бойынша 80 ауыл мектебі қосылды. Енді мыңдаған оқушы мен мұғалімдер жаңа мектеп жабдықтарымен, ортақ әдістемемен қамтылады. Ауыл немесе қала тұрғыны болсын, әрбір бала тұлғалық және кәсіби даму жолында сапалы білім алуға лайық. Осылайша, ол болашақта еліміздің дамуына өз үлесін қосады, – деді Ксения Верба.
«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында өткен жылы Ақтоғай ауданында Күләш Байсейітова атындағы мектеп жаңғыртылды. Биыл Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылындағы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия, Абай ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицей, Шахтинск қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназия, Теміртаудағы Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-гимназия, Балқаштағы Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицей және Саран қаласындағы Абай атындағы орта мектеп жаңартылады.
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы