• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әскер 13 Қыркүйек, 2023

Тарихпен танысу

246 рет
көрсетілді

Отан алдында борышын өтеп жүр­ген сарбаздар ұлттың мәдени жау­һарларымен жіті таныс болғаны жөн. Әсіресе Жетісу өңірінде ел­дің айнасына айналған рухани жә­дігер жетерлік. Соның бірі – Мұха­метжан Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі. Жақында Үштөбе гарнизонындағы 15603 әскери бөлімнің сарбаздары рухани шаңыраққа бас сұғып, тұңғыш теміржол инженерінің өмір дерегіне үңілді.

Биыл көктемде Отан алдындағы борышын өтеу үшін Қарағанды облысынан шақырылған 30-дан астам мерзімді қызметтегі сарбаз түрлі жәдігерлермен толыққан музей экспозициясымен танысып, олардың тарихын сұрап білді. Көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер туралы жан-жақты айтып берген музей қызметкерлері сарбаздар қойған сұраққа тұшымды жауап қайтарды.

«Әрбір сарбаз – ұлттың ұстыны. Оның тек елдің қорғаныс саласына ғана емес, рухани өміріне де араласуға құқығы бар. Біз жас сарбаздарға кітап оқуға, теат­р тамашалауға, музейлерді аралауға мүм­кіндік береміз. Бір жыл ішінде бірнеше кітап оқыған жастар да бар. Өңірдегі музейлер алыстан келген жігіттерге осы өлкеден шыққан алып тұлғалардың өмірінен сабақ алуға мүмкіндік береді. Әрі Жетісудың тарихымен танысуға жол ашпақ», дейді Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор Жанат Сембаев.

Қазіргідей жаhандану кезеңінде мұра­жайлар тарихи мұраны сақтау, өскелең ұр­пақты патриотизм мен азаматтыққа тәр­биелеу, жастардың тарихи санасын қа­лыптастыру сынды аса маңызды бағытта ерекше рөлге ие. Осыған орай әскерилер өздерін толғандырған пікірлерін ортаға салып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Солардың бірі – әскери бөлімнің сарбазы, қатардағы жауынгер Темірлан Қуатбек. «Музейге жасалған экскурсия қатты ұнады. Біз бұл жерден көне тарихи ескерткіштерді көрдік. Осындай іс-шаралар сарбаздардың рухтарын көтеріп, танымдық деңгейін арттыратынына сенімдімін», дейді ол.

М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде сарбаздар Екінші дүниежүзілік соғыста қолданыл­ған мылтық, зеңбірек, граната секілді қару-­жарақ пен сол кездегі әскери киім үлгі­лерін тамашалады.

«Бүгінгі күні қоғамда музейдің алатын орны ерекше. Музей – кешегі тарих, бүгінгі ғылыми-зерттеу орталығы, ертеңгі кемел болашағымыз. Музей – тарихи-мәдени және ғылыми құндылықтарды сақтауға, жәдігер заттар арқылы мәлімет­тер­ді жинақтап таратуға, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған мұралар жөнінде тәлім-тәрбие беруге арналған, тарихи қа­лыптасқан көпқырлы әлеуметтік ақпарат­тар институты», деген 15603 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, бөлім бастығы, майор Бекен Асылбеков мерзімді қызметтегі сарбаздардың дүниетанымын кеңейтіп, білімін жетілдіру үшін осындай экскурсиялар ұдайы ұйымдастырылып тұратынын айтты.

 

Жетісу облысы