Астана қаласы көшелерінің алты жолақты кең автожолының өзінде қарбалас шақта кептелек пайда болып, едәуір уақыт жоғалтқан жеңіл көлік жүргізушілері де, жолаушылар да кейіп: «Елорданың алғашқы Бас жоспарын алақандай ғана жері бар Жапонияның сәулеткері Кисё Курокава жасамағанда мұндай қолайсыздық болмас еді. Қазақтың кең-байтақ жері жетпегендей, көшелердің арасын неге осынша тар қылды екен?..», деп сөгіп жатады.
Бірақ олар әу баста елорда тұрғындарының саны 300 мың ғана болғанын, оны 2030 жылға қарай ғана 1 миллионға дейін жеткізу қарастырылғанын біле бермейді. Ал астаналықтардың саны қазірдің өзінде 1 млн 383 мыңнан асып кетті. Бұл – ресми сан. Сол себепті қаланы жылумен және сумен қамтамасыз ету қиынға түсіп отыр, мектептер мен балабақшалар, емдеу мекемелері жетіспейді. Мұның өзі жергілікті жұртшылықтың ренішін туғызып қана қоймай, кейде әлеуметтік жанжалдарға әкеліп соғып жүр. Мәселен, биылғы жазда су тапшылығына байланысты тұрғындар үйлеріне ауыз су берілуін талап етіп, көлік жолдарын бөгеп, митингке шықты. Сондай-ақ жуырда әлеуметтік желіде Астананың №71 мектеп-лицейінің гардеробындағы кезекшілер сабақтан шыққан оқушыларға сырт киімдерін тез беріп үлгермей, балалар бірін-бірі басып-жаншып кете жаздағаны жайлы бейнежазба жарияланды. Қаптаған тұрғын үй кешендерінің маңында орналасқан осы білім ұйымы 1 200 оқушыға арналғанмен, онда қазір 5 мыңдай шәкірт үш ауысыммен оқуға мәжбүр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 шілдеде елорданы дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте: «Елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отыр. Мұны ашық айтуымыз керек. Бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс, сападан гөрі санға мән беру және жан-жақты ойластырылмаған шешімдер қаладағы өмірлік маңызы бар инфрақұрылымның тапшылығына алып келді. Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс. Өткен жылыту маусымында қалада жылу қуатының тапшылығы қатты сезілді. Қыс жылы болғандықтан, апаттан аман қалдық. Ал қала басшылығы қалыпты жылумен қамтамасыз етуге дайын болмаса да, миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салуды қолдап келеді», деді. Мемлекет басшысы қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынғандығын да сынады.
Президент айтқандай, «жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығының» салдарынан бертінге дейін бас шаһарда құрылыс қалай болса солай жүргізіліп келді. Тіпті қаланың бұрынғы әкімінің тұсында Кіші Талдыкөл көлінің бір бөлігі құрғатылып, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынғандығы жұртшылықтың наразылығын туғызған болатын. Кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл көктемде еріген қар мен жаздағы жаңбыр суының Кіші Талдыкөлге жер астымен барып құйылатын арналарын бітеп тастауға әкеліп соғып отыр. Соның салдарынан қазір Астанада қалың жауын болса, кей көшелерді су басып, Венецияны көзге елестетін келеңсіз жағдай туындады.
Сондай-ақ елордадан он шақырымдай қашықтықтағы жерде «Үркер» тұрғын үй алабын салу да құрылыс салушы компаниялармен және пысықай адамдармен жең ұшынан жалғасқан Астана әкімдігінің бұрынғы басшыларының бас пайдасын көздеген шешімі десек, қателеспеспіз. Өйткені, алғашқы тұрғын үйлерінің іргетасы бұдан жиырма жылдай бұрын қаланған, бүгінде 30 мыңдай адам тұратын «Үркерді» әлі де «қалаға қарайтын ауыл» деп атауға болады. Тіпті осындағы әскери қалашықтың өзінде орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Үйлердің көпшілігі қыркүйектен бастап мамырдың ортасына дейін көмір жағып жылытылатындықтан, осы айлар аралығында көшелерді иісі қолқаны қабатын қара түтін басып кетеді. Автожолдардың жанынан тротуар салу ісі де енді ғана басталып жатыр. Қала орталығына қатынайтын небәрі үш бағыттағы автобустарда кешкілік үйлеріне қайтқан жұмыскерлер мен студенттер бөшкедегі тұздалған балықтай сығылысып тұрады. «Үркерде» самсаған сауда орындары мен бірнеше жазғы спорт алаңдарынан басқа, тұрғындардың, әсіресе жастардың бос уақытын өткізетін бірде-бір мәдениет мекемесі жоқ.
Мемлекет басшысы Астанаға жыл сайын 50-60 мың адам қоныс аударатындықтан және күн сайын ел өңірлері мен шетелден 150 мың адам келетіндіктен, қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымына айтарлықтай жүктеме түсетіндігін айта келіп: «Жағдайды бақылауға алу және көші-қон үдерістерін реттеу үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет. Елордаға келетіндердің басым бөлігін еңбек мигранттары, әсіресе жақын орналасқан өңірлерден жұмыс іздеп келушілер құрайды. Осыған байланысты бұл салада реттеу мен бақылауды күшейту қажет», деп Үкіметке тапсырма берген еді. Соған сәйкес қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, қолданыстағы көші-қон заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылу үстінде.
Біздің ойымызша, Президенттің Астанаға көші-қон үдерістерін реттеу мен бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы елордаға қоныс аударушылар мен қысқа мерзімге келушілер санын қатаң шектеуді білдірмейді. Басты міндет – осы құбылыстың себептеріне жан-жақты талдау жасап, еліміздің бас шаһарына өңірлерден үдере көшуді азайтудың ұтымды шараларын қолдану, сондай-ақ Астанаға қоныс аударған отбасылар мен жұмысқа келген азаматтардың талапқа сай тұрмыс және еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуға тиіс.
Бұл ретте Мемлекет басшысының биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында белгіленген кешенді шаралар алдағы уақытта барлық өңірде экономикалық өрлеу туғызып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады, мұның өзі тұрғындардың өздері туып-өскен елді мекендерінде тұрақтап қалуына оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз. Бұған қоса, Үкімет кейінгі жылдары іске асырылып жатқан жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында қалыптасқан күрделі демографиялық ахуалды жақсарта алмағанын, бұл өңірлерден жыл сайын көшіп кетушілер саны көшіп келушілерден әлдеқайда көп болып отырғанын ескергені жөн. Нақты айтқанда, елордаға бет түзеген қоныс аударушылар көшін теріскей өңірлерге бұруға күш салу қажет. Бұл үшін оларды қосымша ынталандыру шараларын қарастыру керектігі сөзсіз.
Әрине, елордадағы көші-қон мәселесін ұдайы бақылауда ұстау және реттеп отыру қажеттігі анық. Осы орайда 2019 жылғы 4 ақпанда Астананың «Көктал-1» тұрғын үй алабында біреудің жеке үйінің жанындағы уақытша тұрғынжайды жалдап тұрып жатқан отбасының бес қызы түнде болған өрттен қаза тапқаны ұмытылмауға тиіс. Сол қасіретті оқиға қайталанбауы үшін қаланың тиісті мемлекеттік органдары көптеген жеке үйлердің жанындағы уақытша тұрғынжайлардың жай-күйін жүйелі тексеріп, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуын қатаң қадағалауы қажет. Уақытша тұрғынжайларды жалға алушылардың тіркелуі мен жалға берушілердің тиісті салықты төлеуі де тексеріс жүргізуді талап етеді.