Әп, бәрекелді десек болатын шығар! «Көктен жаудыр, жерден өңдір» дегендей, биыл шаруалардың көңілі шат. 400 мың тоннаға жуық өнім жинауды мақсат тұтқан өңірдің күзгі науқаны қызып тұр. Зауыт алдында кезек күткен қант қызылшасын тиеген көліктер көңіл сүйіндіреді. Биыл Көксу мен Ақсу қант зауыттары қатар жұмыс істемек. Яғни өнім де мол болады деген үміт зор.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісуға сапарында өңір әкімі Бейбіт Исабаевқа қант қызылшасына басымдық беруді тапсырған. Әрине, аграрлы өңірдің ауыл шаруашылығы саласында айнасына айналар бірден-бір өнім тәтті түбір екеніне дау жоқ. Ақсу зауыты биыл қайта іске араласып, алыстан қатынаған шаруалардың жаңайқайы басылды.
«Облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға арттыру қажет», деген Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалатын секілді. Оған қоса Мемлекет басшысының Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет», деген сөзі осы қант мәселесіне қарата айтылғандай.
Бүгінде қант қызылшасын жинап, өткізуге әкелген шаруашылықтар арасында гектарынан 700 центнерден алып жатқандар да бар. Қазір Көксу мен Қаратал аудандарының шаруа иелері алғашқы болып шикізатты зауытқа тапсырып жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, биыл Жетісу облысында қант қызылшасынан 370 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде Ақсу және Көксу зауыттарында қызылшаны қабылдауға дайындық жұмыстары аяқталды. Жалпы, жоспар бойынша 8 100 гектарға тәтті түбір дақылы себілуге тиіс болса, іс жүзінде егіс алқабының көлемі 8 742 гектарды құраған. Бүгінде Көксу қант зауыты қызылша қабылдауды 10 қыркүйектен бастап кетсе, аяққа нық тұрған Ақсу зауыты 15 қыркүйектен бастауды жоспарлап отыр.
Жалпы, Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласының қызылша өсірушілері өнімдерін Көксу қант зауытына тапсырады. Бұл үшін 6 үйме салушы машина мен 3 автотаразы дайындалған. Ал Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының қызылша өсірушілері Ақсу зауытына өткізеді. Онда 5 үйме салушы машина мен 2 автотаразы дайын тұр. Егін жинау науқанына 60-тан аса қызылша жинайтын комбайн мен 40 бірлік пәлек жинайтын техника жұмылдырылмақ. Сондай-ақ Жамбыл облысынан 5 бірлік қызылша жинайтын комбайн тартылады. Бұл ретте қызылша өсірушілерге қажетті қолдау көрсетілмек.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл ғана Көксу қант зауыты 385 шаруашылыққа көктемгі егіс жұмыстары мен қант қызылшасының тұқымына 1 млрд 459 млн теңге бөлген. Сонымен қатар шетелдік селекция тұқымдарын жеткізу жолға қойылған. Бұл бағытта Көксу қант зауыты 9,5 мың себу бірлігі болатын шетелдік тұқымдармен қамтамасыз етіпті.
Өткен жылдан бастап Көксу қант зауыты көлік шығындарын жол қашықтығына байланысты 1-ден 3 теңгеге дейін өтей бастады. Осылайша, тоннасына 1 мыңнан 3 мың теңгеге дейін шығады. Бұл тәжірибені биылдан бастап Ақсу қант зауыты да енгізе бастады.
Атап өтсек, өңдеуге өткізілген қант қызылшасының сатып алу бағасы тоннасына 30 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін өсті. Зауыт 1 тоннаға 15 мың теңгеден қабылдайды, ал жергілікті бюджеттен берілетін субсидия 1 тоннаға 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін өсті. Бұл үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы, шаруашылықтардың ішінара шығындарын өтеу мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жылдан-жылға артып келеді. Атап айтқанда, осы жылы өсімдік шаруашылығы бағытына 10,3 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,6 млрд теңгеге артық. Соның ішінде тұқым, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялауға да қаржы бөлінді.
«Биыл 236 гектарға қант қызылшасын септік. Қазірдің өзінде бір гектардан 60-70 тонна аламыз деп айта аламыз. Бұл үшін біз барлық тиісті шараны қабылдап, агротехнология талаптарын сақтадық. Енді тағы бір рет суарамыз. Мемлекет қолдауын уақтылы алдық. Атап айтқанда, гербицидтерге, фунгицидтерге, тұқымға, дизель отынына жеңілдікпен берілетін субсидия берілді. Көксу қант зауытынан аванс алдық. 1 гектарға 100 мың теңге есебінде, яғни көктемгі егіс жұмыстарына 20 млн теңге шамасында берілді. Өз басым қант қызылшасын өсіруге тұрарлық дақыл деп есептеймін. Өнімділігі де, бағасы да жақсы, дегенмен оны нәресте секілді күтіп-баптау керек. Егіс алқаптарын біртіндеп ұлғайтсам деген ниетім бар. Мәселен, өткен жылы біздің кооперативте шамамен 50 га тәтті түбір себілсе, биыл 240 гектарға жетті», деген Көксу ауданының «Құрақты» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Ыбырай Дәуітов кооперативте 36 адам жұмыс істейтінін де атап өтті. Қант қызылшасымен қоса фермерлер соя, жүгері, жоңышқа да өсіреді.
Көксу ауданының тағы бір қызылша өсірушісі қант өндірісін одан әрі дамыту туралы ой бөлісті.
«8-9 жылға жуық қант қызылшасын өсірумен айналысамын. Бұрын 50 гектардан аспайтын жерге себетінмін, ал биыл 100 гектарға жеткіздім. Оған мемлекеттік қолдау шаралары көп септігін тигізді. Басқа дақылдардан мұндай табыс тапқан жоқпын. Бірақ әрине, қызылшаның жұмысы жеңіл емес, көп еңбектенгенде ғана мол өнімге қол жеткізуге болады, ауыспалы егіс талаптарын да сақтау керек. Өңдеуге өткізетін өнімнің сатып алу бағасын көтеру де бізді ынталандырды. Қазір тоннасы – 40 мың теңге. Бұған қоса қант зауыты көлік шығындарын өтейді. Осылайша, тәтті түбірдің әр тоннасына 41 мың теңге аламын, бұл – өте жақсы. Сонымен қатар мен 30 шақты адамға жұмыс беремін. Келесі жылы қант қызылшасын 200 гектарға дейін өсіруді жоспарлап отырмын», деді «Жалайыр» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Жайлығұлов.
Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, бірінші күні зауытқа 100 тоннаға жуық өнім әкелінген. Алғашқы болып өнім жеткізген шаруа қожалықтары кешке дейін тағы 2-3 рейс жасайды. Қызылшадағы қант мөлшері 12-13 пайызды құрайды, күн салқындай бастағанда бұл көрсеткіш арта түседі. Өнім өңдеу 15 қыркүйектен басталады, зауытқа жалпы көлемі 220-250 тонна қант қызылшасы өңдеуге әкелінеді деп күтілуде.
Қант зауытына өнім әкелгендердің бірі – Рахадыр Доғдырбек. Көксу стансасында қызылша жинауды бастаған «Меке» шаруа қожалығының басшысы қазір өнім жинауға 30 адам жұмылдырылғанын айтты. Ауа райы қолайлы болса, егін қыркүйек айының соңына дейін жиналып бітеді.
Р.Доғдырбек ауыл шаруашылығымен 2012 жылдан бері айналысып келеді. Ол 50 гектар егістік жерінің 15 гектарына биыл қант қызылшасын сепкен. Шаруа қожалығының тәтті түбір өсіруге ден қойғанына 8 жыл болыпты. «Бастапқыда 5 гектарға сеуіп бастағанмын. Қазір 15 гактарға жеткіздім. Бұл дақылды күтіп-баптай білсең, соған сай өнімі де жоғары болады», дейді шаруа иесі.
Қаратал ауданында қант қызылшасын жинауға алғашқылардың бірі болып «Бекмұрзаев» шаруа қожалығы кірісті. Бұл қожалық 2015 жылдан бастап Қанабек ауылында жұмыс істеп тұр. Басшысы Берік Шегебаевтың айтуынша, 10 гектар суармалы жердің 6 гектарына қант қызылшасы егілген. Биыл суармалы су жеткілікті болғандықтан, өнім де мол шыққан, әр гектарынан 700 центнерден айналуда.
Алқапта қызылша жинауда 20 адам еңбек етеді. Қазір қожалық жетекшісі қызылша жинайтын комбайн сатып алуды жоспарлап отыр. Ол үш ұлы да өзімен бірге алқапта жұмыс істейтінін, көліктің кез келген түрін жүргізе алатынын айтады. Яғни олардың техниканың тілін түсініп, жұмысты сәтті жалғастыра алатынына сенімді.
Айта кетейік, биыл Көксу ауданында 114 шаруа қожалығы 1 881 га, Қаратал ауданында 75 шаруа қожалығы 1106,7 га қант қызылшасын еккен. Ал жалпы облыс бойынша биыл 8 100 га алқапқа қызылша себу жоспарланса, бұл көрсеткіш 8 742 га құрады. Өңірде 370 мың тонна тәтті түбір жиналып, 62 мың тонна қант өндіріледі деп күтілуде.
Жетісу облысы