• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 25 Қыркүйек, 2023

Сайлаушы сеніміне селкеу түспесін

398 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елі­мізде жүргізіліп жатқан саяси ре­фор­маларға сәйкес осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімдерін сайлау енгізілген болса, енді ал­ды­мыздағы 5 қарашада алғаш рет қанатқақты режімде аудан­ мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өткізілмекші. Бұл – қоғамдық өмір­ді демократияландыру жо­лын­дағы кезекті де маңызды қадам.

Осы орайда биылғы 19 наурыз­да алғаш рет пропорциялық және ма­­жоритарлық жүйелер қатар қол­да­нылып өткізілген Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының да саяси мәні зор екендігін айтқан жөн. Өйткені елімізде қайтадан енгізілген бір мандатты округтер бойынша тір­келген депутаттыққа кандидаттар бұрын-соңды ұшыраспаған дәре­же­де көп болды. Бұл – халықтың Мемлекет басшысы жария еткен саяси ре­формалар бағытына үлкен сенім артқандығының және оның Әділетті Қазақстан орнату идеясын шын пейілмен қолдағандығының нәтижесі екендігі даусыз. Алайда «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, сайлау үдерісіне кей өңір әкімдері заңсыз араласып, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына «өз адамдарын» өткізу үшін әкімшілік ресурстарды қолданғаны сайлаушылар сеніміне селкеу түсіргені анық. Себебі жекелеген облыстарда бәсекелестерін адам сенбестей ай­қын басымдықпен жеңген кан­ди­дат­тардың «таңғаларалық же­ңіс­тері» өте күмәнді еді.

Бұл ретте Жезқазған қаласы Қо­ғам­дық кеңесінің төрағасы Абзалбек Молақов: «Жезқазғанда сайлау нау­қанында сайлаушыларымен көп кездеспеген үміткердің депутат болып кеткені әлеуметтік желіде біраз талқыға түсті. Ол саяси науқаннан сәл бұрын ғана ірі кәсіпорынға та­ғайын­далған басшы еді. Егер бұ­рыннан істеп келе жатқан, елге бел­гілі азамат болса бірсәрі. Халық: «Өңір­ге белгілі адам неге депутат бола алмайды?», десті. Былай қара­саң, қисынға келетін уәж.

Екі жылдан бері жергілікті дең­гей­де өтіп жатқан ауыл әкімдері сайлауында да кімнің жеңетіні алдын ала белгілі болып жатады. Сайлаудағы келеңсіздіктер Президент бастама­ла­рына көлеңке түсіреді. Бірақ сын негізінен, жергілікті билікке бағыт­тал­ғаны ақиқат. Сондықтан алдағы уа­қытта өткізілетін аудан және облыс­тық деңгейдегі қала әкімдерін сай­лаудың әділетті өтуі бәрімізге бай­ланысты. Сайлау әділ болмай, Әді­летті Қазақстан да орнамайды», дейді.

Осы орайда Мемлекет басшы­сы­ның сегізінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында: «Сайлау науқаны кезін­де көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған сал­мақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Біз Отанымызды өр­кендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс», деген сөзі еліміздің сайлау жүйесінде әлі де олқы тұстар барын және оларды түзету қажеттігін білдіреді.

Біздің байқауымызша, орталық және жергілікті билік басында жүр­ген жоғары лауазымды тұлғалар өз іс-әрекеттерінде халқымызға ата­­­шылдық пен жершілдік сынды қо­­ғам­­дық дерттер тән екендігін қай­мыға ескеріп отырғандығы аңға­рылады. Мысалы, Президенттің 2022 жылғы 8 маусымда қабылдаған «Облыс аумағында орналасқан мәс­ли­хаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазым­ға тағайындауға келісім беруі қағи­да­ла­рын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес Мемлекет басшысы облыс, рес­публикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына кемінде екі кандидат ұсынатыны белгілі. Бір жылдан аса уақыт ішінде қа­­лыптасқан тәжірибе әкімдікке кан­­дидаттар ретінде орталықтан және жергілікті жерден екі басшы кадр таңдап алынатындығын және ашық дауыс беру арқылы барлық деңгейдегі мәслихаттар депу­тат­тарының көпшілігі орталықта бас­шы­лық қызмет істеген азаматты таға­йындауға келісім беретіндігін көрсетіп отыр. Әдетте жергілікті жерден таңдап алынған кандидаттың беделі мен іскерлігі һәм «саяси салмағы» орталықтан ұсынылған әріптесіне қарағанда әлдеқайда төмен болып келеді. Әзірге бұл «дәстүр» бірде-бір рет «бұзылған» жоқ. Тіпті депутаттар арасында «негізгі кандидат» деген ұғым пайда болыпты. Мұның өзі қазір жұртшылықтың сынына ұшырап отыр. Демек, Мем­лекет басшысының бастамасын бұрмаламау мен жершілдікке жол бермеу үшін екі лайықты үміткерді де орталықтан немесе жергілікті жерден іріктеп, мәслихат депутаттарының жабық дауыс беруі арқылы таңдау жасауын жолға қою қажет сияқты.

Ал өңір әкімдерінің Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және мәсли­хат­тардың депутаттығына, сондай-ақ аудан әкімдерінің ауыл әкімдігіне өздерінің «сенімді» адамдарын сайлатуға тырысып жүргені жасырын емес. Көбінесе солай болып жат­қаны да – қазіргі өмір шындығы. Со­ның салдарынан сайлаушылардың бір бөлігі еліміздің сайлау жүйе­сі­не сенімі шамалы. Бұл ретте Ор­талық сайлау комиссиясынан бас­тап, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының барлығының құрамын жаңарту, олардың мүшелігіне барлық саяси партиялардың өкілдерін тарту сияқты ұсыныстар айтылып жүргенімен, мұндай шаралардың тиімділігі шамалы деп санаймыз. Себебі ресми тір­келген саяси партияларға ха­лық­тың сенімі селкеусіз емес, әрі олар­­дың қайсыбірінің өңірлердегі мү­ше­лерінің саны мүлдем аз. Тіпті шал­ғай­дағы ауылдарда «Amanat»-тан басқа партияның бастауыш ұйымы түгіл, бірде-бір мүшесі жоқ.

Біздіңше, қай сайлауды болсын әділ өткізу үшін француз императоры III Наполеон айтқандай-мыс, «дауыс қалай берілгендігі маңызды емес, қалай саналғандығы маңызды» екендігін ескерген жөн. Сондықтан біріншіден, көршілес Қырғызстан сияқты сайлау жүйесі озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, дауыс берудің үш форматын – электрондық әдісті, қағаз бюллетеньді және био­мет­рия­лық технологияны қатар қолда­ну­ды енгізу өте қажет. Өйткені бұл жүйе да­уыс берудің әділдігін қамта­масыз етіп, оған еш күмән туғыз­байды. Екін­шіден, дауыс беру барысында әртүрлі құқық бұзушы­лық­тар­дың алдын алу мақсатында дауыс бе­ре­тін орындарға бейнебақылау орнатпай болмайды. Үшіншіден, әкімшілік ресурсты қолданғаны үшін шенеуніктерге мейлінше қатаң жаза белгілеген жөн. Төртіншіден, кандидаттардың сайлаушылардың дауыстарын сатып алғаны үшін де қатал жаза қолдану қажет. Егер осындай шаралар кешені қабылданбаса, кез келген сайлау қанша әділ өткізілсе де, оның қорытындысымен келіспей, дау-дамай туғызушылар табылатыны анық. Мұны да халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр.       Тағы бір ма­ңызды жайт – алдағы уақытта сайланатын аудан және облыстық ма­ңызы бар қала әкімдері жоғары жақ­қа жалтақтамай, өздерін сайлаған жер­гілікті тұрғындардың игілігі жо­лында барынша дербес жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу қажет. Бұл үшін, ең алдымен, олардың қолында қомақты қаражат болуға тиіс. Осы­ны ескерген Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның эко­номикалық бағдары» Жолдауын­да: «Аудан әкімдеріне жергілікті бюд­жетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет», деп атап айтты. Осыған орай, Үкімет Бюджет кодексіне тиісті өзгеріс енгізу туралы заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына енгізу ісін кешіктірмегені жөн.