• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Қыркүйек, 2023

Шикізатқа тәуелділіктен арылу

257 рет
көрсетілді

Қазір дүние жүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі көкейкесті сипатқа ие болып отыр. Азық-түлік мәселесі мен оған деген сұраныстың артуы күн өткен сайын өткір сезілуде. Сондықтан Қазақ елі үшін де агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық берілуі аса маңызды. Қазақтың тарихи тамыры ауыл­да екенін ескерсек, ауыл шаруашылығының өркендеуі – Қазақстанның өркендеуімен пара-пар.

Мемлекет картасына зер сал­сақ, ұлан-ғайыр кең даламыз­да аграрлық сала шешуші орынға сұранып-ақ тұр. Же­рі­нің кеңдігі жөнінен әлем елдерінің арасында 9-орын алса да, хал­қы­ның саны жөнінен 64-орын­дағы Қазақстанның ірі аграр­лық-индустриялық мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндігі бар. Яғни ел экономикасының басым саласы ауыл шаруашылығы болуы тиіс. Жалпы, ауыл шаруа­шы­лығы жоғары экономикалық әлеуеті мен мүмкіндігі мол, ұда­йы өн­дірістік және әлеуметтік мәнді негізгі саланың бірі сана­лады. Қазіргі кезде ауылда Қа­зақстан халқының 40,8 па­йы­зы, экономикалық бел­сен­ді ха­лық­тың үштен бір бөлігі тұ­ра­ды. Оған қоса, ауыл шаруа­шы­лығы – қазақ халқы үшін дәс­түрлі ата­кәсіп.

Президентіміз ауыл шаруа­шы­­лығын дамытуды Қазақ­стан­ның стратегиялық мақ­са­ты ретінде айқындап, Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орта­лық­тың біріне айналу мін­де­тін қойды.

Өткен ғасырда Қазақстанның дү­ріл­деген ауыл шаруашылығы тәуел­­сіздік жылдары құлдырап кет­кені тарихи шындық. 1990-жыл­­дардың басында бұ­рын­­­ғы ке­ңестік шаруашылық жү­йе­­сінің бұзылуы, жаңа на­рық­тық қатынас­тар мен құ­ры­лым­дардың толық қалып­та­сып үлгермеуі, шаруа-эконо­ми­ка­лық байланыстардың үзілуі мен басқа да көптеген фак­тор­­ларға байланысты отан­­дық ауыл шаруашылығы дағ­да­­рысқа ұрын­ды. Төрт түлік малдың саны бірнеше есе аза­йып, eгicтік кө­ле­­мі де едәуір қыс­қа­рып кетті. Ауыл­­дарды жаппай жұмыс­сыз­­дық жайлап, ауыл халқы қа­ла­ларға қоныс аудара бастады. Яғни ауыл шаруашылығы санаулы жылдардың ішінде-ақ бұрын қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің көбінен айырылып, тұралап қал­ды.

«Ресурстардың қарғысы» ұғымын ғылыми айналысқа ен­дір­ген Ричард Аутидің айтуын­ша, қоныстанып отыр­ған атаме­кенінің асты-үсті табиғи ен бай­­лыққа толы болғанымен, би­леу­шілері қолда барды ұқса­тып игере алмаса, ондай ел «ре­сурс­тардың қар­ғы­сы­на» ұшы­райды. Р.Аути «Ресурсқа тәуел­ді елдердегі тұрақты даму: ре­сурстық қарғыстың проблема­сы» атты еңбегінде экономикасы минералды ресурстарға тәуел­ді мемлекеттерді салыс­тырып зерттеген. Ол Бразилия, Мек­­сика сияқты жері кең, қазба бай­лық­тары мол, халқының саны да көп елдерді Тайвань, Оң­түс­тік Корея, Сингапур сияқты табиғи ресурстары аз елдермен салыстырып, дамуындағы айырмашылықтарын көрсетуге тырыс­қан. Осы арқылы тауар өндірісі, жаңа технологияларды дамыту, туризм мен еркін сауда жасауды дұрыс жол­ға қою, білім беру мен денсау­лық сақтауды, құрылыс пен ауыл шаруа­шылығын жаңаша өр­кен­детуден түсетін табыс таби­ғи қазба байлықтарды шикі­зат күйінде сатумен салыс­тыр­ғанда әлде­­қай­да көп табыс әкелетініне көзі жетеді. Тіптен шикізат сатушы елдер өздері сатқан шикі­зат­тан өндірілген тауарларды бірнеше есе қымбат бағамен қайта сатып алып тұтынатынын көр­се­теді. Сондықтан Қазақстан Пре­зиденті Қ.Тоқаев ұсынып отырған жаңа эко­но­ми­калық үлгі өте өзекті, отандық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылту мен әртараптандыруға серпін бере­тін тың қадам.

Бұл тұрғыда Президентіміз ауыл шаруашылығы саласында ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады, экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұра ала­тын жағдайда боламыз деуі қисынды. Орта және шағын шаруа қожалықтарының қолы қысқа, олар агроөнеркәсіптік кешен ретінде қызмет етуге қау­қар­сыз. Сондықтан отандық агро­фирмалардың ірі компаниялар қатарына кіруі, өзара тиімді шарттар негізінде халық­аралық корпорацияларды бел­сен­ді түрде тарту арқылы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруа­­­­­­­шылықтарын дамыту сияқ­ты елі­міз үшін болашағы зор ба­ғыт­тар­ға басымдық берген абзал.

Сонымен қатар мынадай мін­дет­тер де шешімін табуы қажет:

– ауыл шаруашылығында жа­ғым­ды инвестициялық ахуал жа­сауға бағыт­тал­ған кешенді іс-шараларды жүзеге асыру;

– қысқа мерзімде капитал құйылуына және инвестициялық жобалардың іске асырылуында оны ұтымды пайдалануға қажет­ті инфрақұрылым құру, ауыл шаруа­шылығының ерекшелік­терін ескеретін жетілген инвести­ция­лық жобалар жасау;

– тарихи тәжірибеде өзінің тиім­ділігін көрсеткен ауыл­шар­уа­­­­­­шылық кооперациялары мен мемлекет көмегімен машина-трактор стансаларын нарықтық қа­ты­настарға сай бейімдеп құ­рып, қайта жаңғырту;

– ауыл шаруашылығына аралас жоспарлы-нарықтық қатынасты қатар енгізу.

Жерінің жалпы аумағы – 2,7 миллион шаршы шақырым, өкінішке қарай, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығына жарамайтын шөл, шөлейтті, та­қыр және сортаң жерлер. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан су шар­уа­шылығын реттеу мен дамыту аса маңызды. Бұрын өз алдына дербес министрлік болған су шаруашылығы саласы «бюджеттік қаражатты үнемдеу», «оңтайландыру», «әкім­шілік реформа» сияқты түрлі желеулермен ұсақталып, бір­­­неше ми­нистрліктің құрамына бөл­­шек­теліп еніп кеткен болатын.

Агроөнер­кә­сіптік кешенді дамыту – Қазақс­тан­ның экономикалық саяса­тының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл – бір жағынан, бос жатқан ауыл­шаруашылық жерлерін, іске асырыл­маған өн­дірістік қуаттарды ұтымды пай­далану, ішкі нарық пен әлем­дік на­рықтардағы сұранысты қана­ғат­тандыру деген сөз. Екінші жағынан, агро­өнер­кәсіпті жетілдіру, ауыл­шар­уа­­шылық өнімдерін өңдеу, отан­дық тауар өндірушілерді, оның ішінде ауылшаруашылық өнім­де­рін өндірушілерді қолдау мың­даған жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Ал Қазақстан хал­­қының жартысына жуығы ауыл­дық жерлерде тұратынын ескерсек, бұл көптеген маңызды әлеуметтік-экономикалық мәсе­­­ле­лердің шешілуіне ықпал етері сөзсіз.

 

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

саяси ғылымдар докторы

 

АЛМАТЫ