• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Олимпиада 26 Қыркүйек, 2023

Алаш жұрты ақжолтай хабарды асыға күтіп отыр

425 рет
көрсетілді

Ханчжоудағы дүбірлі доданың үшінші күнінен де тым үмітсіз емес едік. Бұл күні 31 медаль жиынтығы сарапқа салынса, Қазақстан спортшылары 18 спорт түрінен бақ сынады. Кеше спортшыларымыз 1 күміс және 3 қола медаль еншілеп, медальдар жиынтығын көбейтіп жатқанымызда, Қырғызстан мен Тәжікстан алғашқы алтынды жеңіп алды. Алтынның ауылы алыстаған сайын уайымда күшейе бас­тады. Дегенмен, додада жүрген мамандар алтын алатын спортшыларымыз әлі көп деп отыр.

Алтынға бастар жол

Үшінші жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. Нысана көздеуден аралас жұпта Ислам Сәтбаев пен Александра Ли Азия ойындарының қола медалін жеңіп алды. Жүлдеге таласта олар Иран спортшыларын 15:11 есебімен ұтты. Бірінші, екінші орындарды Қытай мен Өзбекстан спортшылары бөлісіп алды.

Тапаншамен 25 метрге жылжымалы нысананы көздеуден командалық жарыста (Назырқұлов/Ибраев/Худяков) Қазақстан құрамасы күміс медальға қол жеткізді.

Ал 10 метрге жылжымалы нысананы көздеуден (жекелей сында) Ассадбек Назырқұлов – 4, Бақтияр Ибраев – 8, Андрей Худяков 12-орыннан көрінді.

Тапаншамен нысана көздеуден (25 метр) қыздар құрамасы іріктеуден сәтті өтті. Келесі кезең бүгін өтеді.

 

Пайдаланбаған соңғы мүмкіндік

Алтын жүлде алатындардың қата­рында дзюдошыларымыздың барын біліп, таң атысымен алдымен дзюдо өте­тін аренаға келген едік. Бұл жерде бес жерлесіміз татамиге шықты.

78 кг салмақта 1/8 финалда Аруна Жангельдина иемендік қарсыласын 10:0 есебімен ұтқанымен, 1/4 финалда өзбекстандық балуанға есе жіберді. Ал жұбаныш белдесуде 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері тайландтық Икуми Оёдадан «иппонмен» басым түсті. Ал үздіктер қатарынан көріну үшін ол жапон қызы Хуенжи Ионгтен басым түсу керек еді. Өкінішке қарай, бойжеткеніміз «иппон» әдісіне түсіп қалды.

+78 кг салмақта ел намысын қор­ғаған Камила Берліқаш жарысты бірден 1/4 финалдан бастаған-ды. Алай­да Камиланың алғашқы аяқалысы кө­ңілдегідей болмады. Ол моңғолиялық балуанға есе жіберіп, жұбаныш бел­десуінде өзбекстандық Ринота Исма­тованы «иппонмен» жеңгенімен, қола жүлде үшін сайыста жапон Вакава Томи­тадан жеңіліп қалды.

Ал соңғы екі Олимпиадаға қатысып үлгерген Дидар Хамза (90 кг) чемоданын ерте қамдайтын болды. Жерлесіміз алдымен 1/8 финалда ирандық қарсыласынан басым болғанымен, ширек финалда моңғолиялық, ал жұбаныш белдесуінде оңтүстіккореялық спортшылардан ескертуінің көптігінен жеңіліп қалды.

100 кг салмақта татамиге шық­қан Нұрлыхан Шарханның жолы өте ауыр болды. Отандасымыз алдымен бахрейндік балуанды жеңсе, ширек финалда оның қарсыласы әлем және Олимпиада чемпионы жапондық Аарон Филип еді. Нұрлыхан жарады. Жапондық қарсыласы оған қарсы ештеңе істей алмаған күйі төрешілерден үш ескерту алып жарысты ерте аяқтады. Алайда жартылай финалда жерлесімізді тағы бір мықты дзюдошы, 2022 жылғы әлем чемпионы Музаффарбек Туробоев күтіп тұрған еді. Еңгезердей өзбек балуанына төтеп берген Н.Шархан өзі әдіс жасаймын деп «иппонға» түсіп қалды. Ал қола үшін таласта ол оңтүстіккореялық Вун Жонгхунмен белдесіп, «иппон» әдісін жасап таза жеңіске жетті. Ал өзбек дзюдошысы өзінің мықты екенін дәлелдеп, Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

100 кг салмақта Ғалымжан Қы­рықбай алғашқы белдесуінде Непал өкілін еш қиналмай жеңгенімен, 1/4 фи­налда өзбекстандық балуанға есе жі­берді, жұбаныш белдесуінде моңғо­лия­лық балуанды ұтты. Ал қола медаль үшін болған кездесуде кореялық қарсыласына есе жіберді.

 

Семсерлесушілер – бір қола

Азия ойындарында семсерле­су­ші­лерге үлкен сенім артылған еді. Себебі, қос жерлесіміз Руслан Құрбанов пен Эльмир Әлімжанов әлем чемпионаттарында үздік сегіздіктің қатарынан көрінетін. Алайда бұл жолы алтын үшін таласта тек Эльмир Әлімжановтың ғана мүмкіндігі болды. Сол себепті де бір топ журналист пен фототілшілер Эльмирдің өнерін тамашалауға ағылды. Жартылай финалға қос жапондық, бір гонконгтық және біздің Эльмир жолдама алған екен. Отандасымыз жапон спортшысы Каномен екінші болып шпагаға шықты.

Кездесу басталысымен қос қарсылас бір-бірін ұзақ уақыт аңдысумен жүрген­де екеуі де төрешіден ескерту алды. Со­дан кейін ғана семсершілер шабуыл­дай бас­тады. Әйткенмен, жапон спорт­шы­сы бірден 2:0 есебімен алға шықты. Кейін 3:4, 3:7 есебімен жапондық басым түс­ті. Эльмирдің таразы басын теңесті­ру­ге тіпті, алға шығуға да мүмкіндігі бол­­ған еді. Алайда оның қарсыласы қор­ға­на жүріп қарсы шабуылға шығады екен. Осындай әдіспен жапондық семсер­ле­суші 15:9 есебімен жеңіске жетті. Дәл осы Эльмирді жеңген жапон Азия ойын­дарының жеңімпазы атанды.

Ал қыздар арасында сынға түскен Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай Азия ойындарын ерте аяқтады.

Бұл күні 200 метрге шалқалай жүзуде бақ сынаған Ксения Игнатова үздік сегіз спортшының қатарына еніп, финалға жолдама алса, еркін әдіс бойынша 400 метрге сүңгіген Диана Тасжанова іріктеу сайысында 4-орынмен финалға шықты.

Теннистен кортқа шыққан Денис Евсеев дүбірлі доданың төртінші кезе­ңіне жолдама алды. Ол 3-раундта тай­пейлік қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Баскетболдан (3х3) ерлер құрама­сы топтық сында Камбоджаны 21:13 есе­бімен ұтты.

 

Жеңгендерден жеңілгендер көп

Кеше жарыс жолына бастап шық­қан таеквондошылардың аяқалысы ал­ғашында жаман емес еді. 63 кг сал­мақта сынға түскен, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген Нұрбек Ғазиз алғашқы кездесуінде филиппиндік Жозеф Чуаны 2:0 есебімен жеңсе, ширек финалда қытайлық Юшуай Янгке қарсы даянгке көтеріліп, 0:2 есебімен есесі кетті.

53 килода бақ сынаған Азиза Қара­жанова 1/16 финалда вьетнамдық Ву Ши Дангқа еш мүмкіндік бермей, 2:0 есебімен басым түсті. Медаль үшін та­­­ласта ол оңтүстіккореялық Хьежин Парк­­тен аса алмады – 0:2.

Мария Севостьянова (57 кг) гон­конгтық қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. 100 метрге жүзуден (еркін әдіс) бақ сынаған Софья Сподаренко тек 11-орыннан көрініп, іріктеуден өте алмады.

Е-спорт, яғни киберспорт түрінен жарысқа келген Тасынер Калел қатары­нан үш ойында да (Жапония, Корея, Сингапур) бірдей есеппен ұтылды – 0:2.

Тағы бір отандасымыз Бауыржан Сағымбеков дәл осындай есеппен оң­түс­тік­кореялық спортшыдан жеңілді. Ар­тынша жағдайын жақсартуға ты­рыс­қан Бауыржан Палестинадан келген спортшыдан 2:1 есебімен басым түсті.

Шахматтан (қыздар) 5-тур аясында қос қазақстандық Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік тең түссе, 6-раундта Б.Асаубаева қытайлық шахматшы Жинер Жуге есе жіберді. Ал Ж.Әбдімәлік үндістандық шахматшы Харика Дронаваллимен тең түсті.

Ерлер бәсекесінде Ринат Жұмабаев Новендра Приасморо (Индонезия), Қазыбек Нөгербек Въетнам шахматшысы Минх Ле Туанға жол берді.

Велотректен командалық спринтте ерлер құрамасы іріктеу сынында 7-орыннан көрінсе, Ақпейіл Өсім, Марина Кузьмина, Виолетта Казакова, Анжела Соловьевадан құралған із кесу­шілер командалық сайыста тек 6-орынды қанағат тұтты.

Баскетболдан ерлер құрамасы ал­ғаш­қы кездесуінде Сауд Арабиясынан 62:86 есебімен жеңіліп қалды.

Сингапур құрамасын 50:0 есебімен ойсырата жеңген регбиші қыздарымыз Азия ойындарын 5-орынмен аяқтады.

Волейболдан ерлер құрамасы соңғы матчында Тайландтан басым түсіп, Азия ойындарын 9-орынмен аяқтады.

 

Қытай ұзап кетті

Үшінші күннің қорытындысы бойынша қытайлық атлеттер алтын медаль саны бойынша да, жалпы медаль саны бойынша да барлық мемлекеттен оқ бойы ұзап кетті. Тіпті, барлық мемлекеттің жеңіп алған алтын медальдарын қосқанда бір Қытайдың алтын жүлдесіне жетпейді.

Қазақстан құрамасы екінші, үшінші орындардағы Корея мен Жапонияның медалін айтпағанның өзінде төртінші орында тұрған Өзбекстанның жеңіп алған медальдарының тең жартысына жете алмай, ұятты болып отырмыз. Өзбек ағайындар кеше қоржындарын тағы 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медальмен толықтырды. Бір қызығы, көр­ші ел Азия ойындарына бас-аяғы 396 спортшы алып барса, Қазақстан 524 спортшыны үкілеп қосқан. Алайда спорт функционерлері саннан сапаға көшетін кез келгенін әлі білмей жүрген сияқты. Әйтпегенде, Азия ойындарының үшінші күнінде қоржында бірде-бір алтын болмауы тарихта болмаған жайт.

Бұл бүгін болған проблема емес. Аталған мәселені Токио Олимпиадасы көрсетіп берген еді. Бірақ спорт басшылары одан сабақ алмаған сияқты. Қайткенменде, елге келгеннен кейін бапкерлерден бастап, төмен нәтиже көрсеткен спорт түріне жауап беретін басшылардың мәселесі қаралуы керек. Қандай шешім болса да, ең бастысы, спортшыларымыз халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, Әнұранымызды жиі орындатса деген тілек.