• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Қазан, 2023

Экономикалық өрлеудің өзегі

266 рет
көрсетілді

Еліміз егемендік алып, мемлекет құрылымы, қоғам өмірінің барлық саласы жаңадан жол іздеп, тыңнан түрен сала бастаған тұрлаулы жылдары қалың бұқараның тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты экономика мен өндіріс саласы да толықтай өзгеріске ұшырап, жаппай индустрияландыру бағытына бет түзеді. Негізгі бағдар өңдеу өнеркәсібі болды да, кейін ол бүкіл өндіріс, шаруашылық саласының қозғаушы, екпінді күшіне айналды.

Бүгінгідей жаппай өрлеу, өсіп-өркендеу, әлбетте, бір күнде орнай қалған жоқ. Елдің экономикасы мен өндірісі де, басқа барлық салалардай, қиын да күрделі қалыптасу, даму жолынан өтті. Шаруашылықтың, өнер­­кәсіптің жаңаруы, жаң­­ғыруы, инвестициялар ағы­мы, ин­новациялық серпі­ліс, озық үл­гілі жүздеген кәсіп­орын­­ның, соның арқасында мың­­даған жұмыс орындарының пай­да болуы – бірнеше жыл бойы мақ­сатты, жүйелі жүргі­зілген мем­лекеттік шара­лар­дың, бап­талған берік бағдар­ламалар­дың жемісі.

Еліміз экономикасын индустриялан­ды­ру­дың шарықтау шегі жаңа мыңжыл­дықтың оныншы жылдарына тұспа-тұс келді. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы бағдарламасы аясында үкімет, өнеркәсіптің ауыл шаруашылығы мен халыққа қызмет көрсету секторын қоса алғанда, экономиканың барлық негізгі салаларында белгілі бір мақсатты көрсеткіштерге жету үшін қажетті құралдардың бәрін тиімді қолдана білді. Ол жылдарғы барлық бағдарламаның басты мақсаты, сол кезеңде әлемде орын алған дағдарысты жағдайларға байланысты, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету болды. Дағдарыс кезеңін­де нақ осы индустрияландыру бағ­дарламасы экономиканы одан әрі дамы­тудың сенімді тетігінің бірі бола алды.

Индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы кәсіпкерлікті, ша­ғын және орта бизнесті дамыту, инфра­­құрылымды жетілдіру, халық­ты жұ­мыспен қамту, қолайлы инвес­тициялық ахуал қалыптастыру сынды мемлекетті дамытудың жалпы жүйелік бағыттарының басым бөлігін қамтыды. Бағдарламаға шикізаттық секторды, инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, экономика мен өндірістің барлық салалары енді. Сөйтіп, өңдеу өнеркәсібі басымдықтарының кең көлемі нақтыланды. Сонымен бірге экономиканы әртараптандыру үдерісін жылдам іске асыру үшін қажетті бірқатар базалық негіздер жасалды. Бірнеше жаңа заң қабылданды, көптеген заңға түзетулер енгізілді.

Бұл кезеңде көптеген инфрақұры­лымдық мәселелер оң шешімін тапты. Ел көлемінде 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары, 1700 шақырымға жуық теміржол салынды. Бірқатар трассалар қайта жаңғыртылды. 13 арнайы экономикалық аймақ пен 23 индустриялық аймақ тұрақты жұмыс істей бастады.

Кәсіпкерлікті, бизнесті қалыпты дамыту үшін «Өнімділік», «Инвестор», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары қабылданды. Ондаған жаңа қолдау құралдары әзірленіп, іске қосылды. Жеңілдікті несиелер мен экспорттық гранттар беріле бастады. Бүгінде жеке кәсіпкерлерге 100-ге жуық қолдау құралдары қолжетімді.

Индустрияландырудың екінші бесжыл­дығында да (2015-2019) экономи­ка­лық түрлі сыртқы әсерлерге, соққыларға аса төзімді және қазақстандық экономика үшін «қауіпсіздік төсемі» болу әлеуеті бар сектор ретінде өңдеу өнеркәсібіне ерекше мән берілді. Бұл жылдары өңдеу өнеркәсібінің 14 басымдықты секторы айқындалды, қолдау шаралары тікелей соларға бағытталды. Бағдарламаны іске асыру еліміз экономикасы үшін бір­қатар оң өзгеріс әкелді. Өңдеу өнер­кәсібіндегі экспортталатын тауар­лар номенклатурасы 21%-ға артты. Ак­кумуляторлар, темірден немесе қоспасыз болаттан жасалған жазық илем, қоспасыз алюминийден жасалған сым тәрізді жаңа экспорттық тауарлар пайда болды.

Жалпы алғанда, 2010-2018 жылдары аралығында өңдеу өнеркәсібінің дамуы үшін жан-жақты жағдай жасалды. Көптеген кәсіпорынды жаңғырту, экономиканың жаңа бағыттары мен экспорттық және инновациялық әлеуеті жоғары жаңа тауарлардың пайда болуы нәтижесінде тиімді базалық индустрия құрылды. Индустрияландыру арқылы өңдеу өнеркәсібіне 7,5 трлн теңге қаржы тартылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі ұстанымы қашанда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру, еңбек өнім­ділігін арттыру және өңделген та­уарлар экспортының көлемін ұлғайту болды. Әрдайым адам ресурсына басым­дық беріліп отырды. Ел көлемінде кәсіпкерлік жаппай өріс алды.

Осы кезеңде инвестициялар көлемі 5 трлн теңгеге жуықтайтын Индус­трияландыру картасының 500-ден аса жаңа индустриялық жобалары қолға алынды. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 80 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Жаңа, іргелі, әлеуетті кәсіпорындардың бірқатарын атап өтуге де болады. Мәселен, елімізде тұңғыш рет теміржол доңғалақтарын және олардың біліктерін шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Мұның алдында вагондар, локомотивтер, рельс­тер шығару ісі жолға қойылған еді. Сөйтіп, бірыңғай теміржол машина жасау кластері құрылды.

Сондай-ақ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауыл шаруашы­лығы машиналары үшін әртүрлі қосалқы бөлшектер мен тетіктер шығарыла бастады. Павлодар облысында пестицидтер мен глифосаттан бастап, түрлі агрохимиялық өнімдер шығару қолға алынды. Кореялық инвесторлардың қатысуымен «Инновациялық технологиялар паркі» арнаулы экономикалық аймағында жоғарғы технологиялық құралдар мен аспаптар өндірісі құрылса, сол парк орналасқан Алматыда ет және мал майы өндірісі іске қосылды. Қазақстанда бұрын-соңды өндірілмеген жаңа құрылыс материалдары өнімдерін шығару жүзеге аса бастады: металл жабындылар, ПВХ жасалған терезелер мен есіктер профильдері, энергия үнемдейтін шыныпакеттер, полимерлік-композитті материалдардан жасалған санитарлық-техникалық бұйымдар, шыныталшықты композитті профильдер, керамогранит өндірісі жаңартылды.

Тауарлар бойынша өңдеу өнеркәсі­біндегі ең мол экспорт көлемі мына сала­ларға – металлургияға, кокос өндірісіне, мұнай өңдеу өнімдеріне және химия өнеркәсібі өнімдеріне тиесілі. Одан соң­ғы орындарды азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ машина жасау өнімдерін алады. 2010-2019 жылдар аралығындағы өңдеу өнеркәсібіндегі өнім экспортының көлемі 154 млрд долларды құрады. Елімізде бұрын шығарылмаған 500-ден аса жаңа өнім түрі игерілді. Оның ішінде қоғам тынысы, адам өмірі үшін аса маңызды жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк, жеңіл автомобильдер және автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратура, жарықдиодты шамдар, титан құймалар мен слябтар, дәрі-дәрмектер сынды өнімдер бар. Осы кезеңде еліміздің 8 өңірінде тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын, химия және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, мұнай өңдеу бойынша 19 жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жалпы сомасы 736 млрд теңгеден аса қаржыға жаңартылды және кеңейтілді.

Барлық жаңа өндіріс өңірлерге оң әсер етті. Жұмыспен қамтудың сапа­сын күшейткен және еліміздің көптеген өңірінің экономикасының орнықтылығын қамтамасыз еткен жаңа индустриялық база пайда болды. Өңдеу саласының 26 жаңа елеулі маңызды секторы құрылды. Экспортқа шығарылатын өнімдер номенклатурасы 777-ден 824 тауарға дейін өсті. Жаңа өндіріс дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, жаңа отандық та­уарлар мен қызметтер, жұмысшыларға төленетін еңбекақы, сондай-ақ мемлекет қазынасына түсетін салықтар екендігі белгілі.

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігінің Өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Лаура Садықова атап өткен­дей: «Индустрияландыру – сауда, құры­лыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы секілді секторлармен қатар, экономикалық саясаттың құрамдас бір бөлігі және өңдеу өнеркәсібінің да­муы үшін ерекше маңызды бағдар­лама. Ал өңдеу өнеркәсібі елімізде экономикалық даму барысында барған сайын үлкен рөлге ие болып келе жатыр. Оның аясында түрлі кәсіпорындар, шаруашылықтар, өндіріс орындарының қалыпты дамуы нәтижесінде елдің тұрмыс-тіршілігі үшін бірінші кезекте, аса қажетті сапалы тағам өнімдерінің, дәрі-дәрмектердің, киім-бұйымдардың, үй жиһаздары мен құры­лыс материалдарының және басқа да заттардың жаңа түр-түрі көптеп өндіріле бастады».

Өңдеу өнеркәсібі, индустрияландыру бағдарламасы іске асырыла бастағалы бері 7 трлн теңгеге жуық өнім өндірілген екен. Өңдеу саласының өсім қарқыны бойынша біз қазірде посткеңестік кеңіс­тіктегі бірқатар елдің алдындамыз.

ӨҚМ мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторында жиынтық көрсеткіші 103,1%, ақшалай мәнде 14 трлн теңге болатын оң үрдіс қалыптасып отыр. Оның ішінде машина жасау саласы бойынша көлік құралдары және оған қажетті құрал-жабдықтарды шығару өндірісі артқан болса, қара металлургия, түсті металлургия салаларының: шойын, болат, көміртекті болат, ферро­қорытпалар, құймалардағы алтын, катодты мыс, тазартылған мыс, алтын, күміс, қорғасын шығару көлемінің төмендеуі байқалады.

Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдары өндірісінің өсуі есебінен өндіріс көлемі 19,8%-ға (+35,9%) ұлғайды. Мақта талшығы өндірісінің артуына байланыс­ты тоқыма бұйымдарының өндірісі ең үлкен өсім беріп отыр.

Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі аммофос өндірісінің өсуі есебінен 3,1%-ға (+44,8%) ұлғайды.

Керамикалық отқа төзімді емес кірпіш, силикат және қож кірпіш, гипсокартон, құрылыс ерітінділері мен отқа төзімді бұйымдар сияқты құрылыс материалдарын өндіру көлемі де өсті.              

Еліміз үшін ерекше маңызы бар бұл саланың қызметі Үкіметтің қашанда назарында. Ұлттық даму жоспарының 2025 жылға дейінгі алға қойылған міндеттерін орындау мақсатында осы жылы 28 наурызда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен өңдеуші өнеркәсіпті дамы­тудың 2023-2029 жылдарға арнал­ған Тұжырымдамасы бекітілді. Тұжы­рымдама өңдеу өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарын көздейді, олар өнер­кәсіпті мемлекеттік ынталандыру ша­ралары және өңдеу өнеркәсібінің индустриялық жобаларын іске асыру арқылы іске асырылатын болады.

Тұжырымдамада нысаналы индикатор ретінде өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 2021 жылғы деңгейге қарағанда 1,8 есе, 82,1 мың долларға дейін өсуі белгіленген. Нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 42 іс-шараны іске асыру көзделген. Сондай-ақ өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында олардың орындалу мүмкіндігіне орай 8 іс-шара алынып тасталды, есесіне «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған орнықты эконо­микалық өсу» ұлттық жобасының іс-шараларын қамту есебінен 20 жаңа іс-шара қосылды.

«Тұжырымдаманың негізгі қағида­лары индустриялық-инновациялық және аумақтық дамуды біріктіруге, ішкі мүмкіндіктерді ескере отырып, сыртқы нарықтарға бағдарлануға, мемлекеттің, қоғамның және бизнестің стратегиялық мүдделерінің теңгеріміне, өнеркәсіпті ынталандыру шараларының тиімділігі мен мақсаттылығына бағытталған. Жаңа іс-шаралар шетелдік зауыттарда өңдеу­ші өнеркәсіп кәсіпорындарының отандық инженерлік-техникалық персоналы үшін тағылымдаманы енгізуге, отандық өндірістің медициналық техника паркін жаңартуға, жоғары сапалы өнімдер өндіру үшін әртүрлі шикізатты қайта өңдеу технологияларын құруға, шағын және орта бизнесті дамыту үшін шағын өнеркәсіптік кәсіпорындарды салу және реконструкциялау жөніндегі жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпы, тұжырымдамаға енгізілген тәсілдер мен тетіктер өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», дейді Л.Садықова.

Қыркүйектегі Жолдауда өңдеу өнеркәсібі саласына айрықша көңіл бөлінді. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Біздіңше, өңдеу өнеркәсібіне қатысты әңгіменің бүтін сөзі – осы.