• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 04 Қазан, 2023

Мың қаламның иесі

213 рет
көрсетілді

Сегіз жылдықтан соң кәсіптік-техни­калық учи­лищеге оқуға түсіп, тракторист-машинист маман­дығы бойын­ша тәмамдаған Балқаш ауданы­ның тумасы Бақтығали Дәуітбаевты жер­лестері «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат деп біледі.

Оған себеп көп. Отан алдындағы аза­маттық борышын өтеп келгеннен кейін өзі­нің ақ мекені Ақдала ауылында механизатор болып еңбек жолын бастаған Бақты­ғали аталған кеңшарда әртүрлі жұмыс­тар істеп, еңбекқорлығымен танылған. Бұ­дан соң бала күннен қолына қалам ұстат­қан ақындығы мен иығына ілген фотоаппараты шығармашылыққа жетелейді. Аудандық «Балқаш өңірі» газетіне опера­тор, фототілші, 2009-2016 жылдар аралы­ғын­да Талдықорған қаласындағы «Жетісу» телеарнасында штаттан тыс оператор болып та қосымша жұмыс істеген Бақты­ғали Дәуітбаев Қазақстан Журналистер ода­ғының мүшесі, Д.Қонаевтың туғанына 110 жыл толған мерекелік медалінің иегері атанған талант иесі.

Оның қаламынан туған «Киелі мекен», «Көкжиде алтын бесігім», «Қазақстан барыс­тары», «Алатаудай асқарлы», «Нау­рыз», «Жан анам», басқа да өлеңдеріне саз­герлер ән жазған. «Тәуелсіздікке-30 ән» облыстық байқауға қатысып, таңдаулы 7 ақынның ішінде топ жарған «Тәуелсіз­дік – мәңгілік» атты өлеңіне ән жазылып, мәд­ени іс-шаралардың өзегіне айналған. Бақтығалидың Дінмұхамед Қонаевқа арнаған өле­ңіне жазылған ән де осы күні Балқаш жұр­тының жүрегінде жатталған десек асыра айтқандық емес.

Өнерлі азаматтың тағы бір қыры – бүгінгі күнге дейін жинаған қаламсаптарының саны 1400-ге жетіпті.

«Менің коллекциямдағы қаламдардың дені шытырлақ қаламдар. 2004 жылдан бас­тап жинап келемін. Қалам жинауға деген қызығушылығым бала күннен бас­тал­ған. Өзім өлең жазатын болған соң қалам­сап­ты басқа дүниеден артық көремін. Қалам­дарымның арасында Олимпиада чемпио­ны Жақсылық Үшкемпіровтің және балалар жазушысы Әли Ысқабаевтың қаламда­ры бар», деген Бақтығали Дәуітбаевтың қа­лам­­саптар қоржыны биылғы жылы 18 қа­ламмен толығыпты. Оның ішінде екеуін ұлы Бекарыс Испания мемлекеті­не барғанда ар­найы сатып әкелген болса, күйеубаласы Ер­сіннің де арнайы тапсырыспен жасатқан қаламсабы ерекше көз тартады.

Осындай қасиеттерімен дараланған Бақтығали – мемлекеттік тілдің бірден-бір жанашыры. Ол ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, өз тұғырына қонуына үнемі атсалысып, қисық-қыңыр жарнаманы көзі шалса кемшілігін айтып, сын-ескертпе жасаудан жасқанбайды, оның орындалуын қадағалауды да ұлтжанды азаматтың өзіне міндеттеп алғаны аңғарылады.

Бойына кісілік пен кішілік, еңбекқор­лық сынды асыл қасиеттерді сіңіріп, адам қызығарлық бірқатар өнерді арқалап жүрген Бақтығали Дәуітбаев үлкен шаңырақ­тың иесі, жеті баланың әкесі. Өмірде өзіне қол­дау білдіріп, шығармашылығына демеу бо­лып жүрген аяулы жары, «Алтын алқа» иегері Майра Оқасова екеуінің ұл-қыздары есейіп, алды отау құрып үлгерген. Бағы мен бабы үйлескен шаңырақта бүгінде балдай тәтті немерелер өсіп келеді.

 

Алматы облысы