Жуырда Петропавл қаласында тұратын таныс зейнеткер хабарласып, өзінің көптен бері глаукомамен сырқаттанып жүргенін, ал емдеуші дәрігер жазып берген көз тамшысы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне енгізілмегендіктен, дәрі сатып алуға мардымсыз зейнетақысынан ай сайын 12 мың теңгедей қаржы жұмсауға мәжбүр екенін айтып шағынды.
Дереу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне үңілдік. Оған Үндістанда шығарылған «Латанопрост» көз тамшысы енгізілген екен. Бұл препаратқа Петропавлдағы дәріханаларда 3 250 теңгеден 3 750 теңгеге дейінгі баға белгіленіпті. Ал бізге мұңын шаққан зейнеткер сатып алып жүрген Румынияның «Дорзопт» дәрісінің бағасы 4 090-4 940 теңге аралығында екен. «Дәрігер осы дәрі тиімділеу деген соң, қымбаттығына қарамай, соны алып жүрмін. Денсаулықтан ештеңені аямайсың ғой», дейді ол.
Осы орайда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында амбулаториялық деңгейде дәрілік заттардың белгіленген шекті бағасы мен олардың қымбат тұратындарының бағасының арасындағы айырманы бірлесіп төлеу арқылы халықтың неғұрлым сапалы препараттарды таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделгені ойымызға оралды. Ал 2018 жылғы 28 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қымбат тұратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар құнын бірлесіп төлеу қағидатын енгізу туралы арнайы норма енгізілген. Осылайша, әртүрлі науқасы бар азаматтар көптен көтеріп жүрген көкейкесті мәселе заңнамалық тұрғыда оң шешімін тапқан. Сонымен қатар бірлескен төлем сияқты күрделі тетікті енгізудің техникалық және ұйымдастырушылық шараларын іске асыру қыруар уақытты қажет ететіні ескеріліп, аталған норманы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізу белгіленген еді. Соған сәйкес 2019 жылғы 31 желтоқсанда сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа қол қойған. Өкінішке қарай, аталған бұйрық іске асырылмай, тек қағаз жүзінде қалған.
Сол себепті Парламент Сенатының депутаты Серік Бектұрғанов 2020 жылғы 6 ақпанда Денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал жолдап, онда: «Биыл 22 қаңтарда Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысының тиімділігі мәселелері жөнінде өткізген іс-шарада Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері алдағы алты айда бірлесіп төлеу тетігі енгізілмейтінін мәлімдеді. Яғни іс жүзінде уәкілетті орган «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс талабын орындамай отыр. Соның салдарынан азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз қалауы бойынша бағаның айырмасын төлей отырып, қымбат дәрілік препараттарды немесе медициналық бұйымдарды таңдап алу құқығынан айырылды», дей келіп, бірлесіп төлеу қандай себеппен іске асырылмағанын сұрап, оған кінәлі шенеуніктерге шара қолдануды және жол берілген кемшілікті түзетудің нақты мерзімін белгілеуді талап еткен.
Осы депутаттық сауалға министр Е.Біртанов: «Бірлесіп төлеуді енгізуге көптеген дәріхана қатысады, мұның өзі қазіргі электрондық есеп жүйесін жаңғыртуды талап етіп отыр. Осыған байланысты қолданыстағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі бірлесіп төлеу бойынша алынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу жүйесі жетілдірілді. Бұл жүйе дәрігер жазып берген және бірлесіп төлеу арқылы алынған препараттарды ашық та нақты уақыт режімінде қадағалауға мүмкіндік туғызады. Қазіргі уақытта бірлесіп төлеу үдерісін автоматтандыру аяқталып қалды, техникалық талаптарды, ақпараттық өзара әрекеттестікті келісу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолданыстағы ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйені тестілеу биыл сәуір-мамыр айларына жоспарланған. Сонымен қатар осы нормативтік құжатты уақтылы әзірлемегені және іске асырмағаны үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаментінің директоры қызметінен босатылды. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидаларын іске асырудың болжамды уақыты – 2020 жылдың екінші жартыжылдығы», деп ресми жауап берген.
Өкінішке қарай, Е.Біртановтың бұл уәдесі орындалған жоқ. Келесі Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың 2021 жылғы 16 шілдедегі бұйрығымен бірлесіп төлеуді жүзеге асырудың жаңартылған қағидалары бекітілді. Бірақ оны іске асыру Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының сол жылғы 5 қарашадағы бұйрығымен 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін, ал 2023 жылғы 1 тамыздағы бұйрығымен 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылды.
Бір қайран қаларлығы, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары 2020 жылғы 7 шілдеде жаңадан қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілген бірлесіп төлеуді енгізу мерзімін кейінге жылжытудың себебі неде екенін жұртшылыққа түсіндіріп, ашып айтқан жоқ. Біз тілдескен кейбір білікті мамандардың пікіріне қарағанда, бірлесіп төлеуді енгізуге, ең алдымен, отандық фармацевтика компаниялары мүдделі емес көрінеді. Өйткені бірлесіп төлеуді енгізу олардың өндіретін өнімдеріне сұранысты күрт кемітіп жіберуі мүмкін. Мұның себебі – науқастар шетелдік қымбат дәрілік заттардың сапасы отандық препараттарға қарағанда әлдеқайда жоғары деп санайтындығында. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар отандық фармацевтика компанияларының мүддесінен гөрі халықтың денсаулығын нығайтуға басымдық беретін кез жеткен сияқты. Бұған қоса Денсаулық сақтау министрінің нормативтік-құқықтық актілер сатысында деңгейi жоғары тұрған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің маңызды нормасын өз бұйрығымен тоқтатуы қалай? «Құқықтық актілер туралы» заңның 11-бабының 1-тармағында: «Егер нормативтiк-құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк-құқықтық актiлер тiкелей қолданылады», ал 2-тармағында: «Қолданысқа енгізілген нормативтiк-құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi», деп атап көрсетілген емес пе?