• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 06 Қазан, 2023

Медицинадағы қордаланған қарыз

240 рет
көрсетілді

Кейінгі үш жылда денсаулық сақтау жүйесін мемлекеттік қаржыландыру 2,5 есеге өсіп, 3 млрд доллардан асқан. Соған қарамастан жеткізушілерге, тіпті қызметкерлерге қарызы қатталып қалған медициналық мекемелер тұрғындарға толыққанды көмек көрсете алмай отыр.

Әрине, нарықтық қарым-қатынас қарыздың созылуына төзбейді. Ақы­сы төленбесе, белгілі бір уақыт өткен­нен кейін кез келген қызмет жеткізу­ші сырт айналатыны анық. Дәрі-дәр­мек пен медициналық мақсаттағы бұйым­дардан бастап, зертханалық, ақ­па­раттық жүйелер, науқастарды тамақ­тандыру, басқа да толып жатқан шы­ғындар медициналық көмектің тұтас режімін жасақтайды. Тауарлар мен қыз­меттер уақтылы қамтамасыз етіл­­­мей, медициналық нысандардың қа­лыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Қар­­жылық шиеленіс ауруханалардың аңтарылуына, диагностика мен емдеу хат­тамаларының бұзылуына, дәрі­гер­лердің қателікке ұрынуына әке­леді. Бүгінде медициналық ұйым­дардың кредиторлық берешегі Тегін меди­циналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі (ТМККК) және Мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру (МӘМС) шеңберінде жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың үштен бірінен астамына батпандап кірген. Мұндай жағдайда ұлт саулы­ғына, халықтың өмір сүру жасы­ның ұзақтығына әсер ететін медици­налық қыз­меттің сапасымен қоса, эконо­ми­калық қолжетімділігі де дүдәмал болып қалады.

Биылғы шілдедегі Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) дерегінше, 537 медұйымдағы креди­торлық берешек көлемі 80 млрд теңгеден асқан. Бұл ретте кредиторлық берешектің 88%-ы жергілікті атқарушы органдар қамқорлығындағы мемле­кеттік сектор ұйымдарына тиесілі. Де­генмен сарап­шылардың дерегіне сүйен­сек, өңір­лердің жартысынан ас­тамында көрініс анағұрлым күрделі. Мәселен, жарты жыл ішінде кредиторлық бере­шектің жалпы сомасы 26,2 млрд теңгені құраған. Бұл – мемлекеттік ме­кемелер ТМККК және МӘМС шең­берінде жасаған өңірлік шарттар көлемінің 8%-ы (жылдық мәнде). 2023 жылға ар­нал­ған қор шарттарының 2,5 трлн теңге көлемінен деректерді бүкіл елге шақ­­қанда, саладағы кредиторлық берешек – жылына шамамен 200 млрд теңге көлемінде.

Ағымдағы кредиторлық берешек проблемасының ерекшеліктерін қарас­­тырғанда, мемлекеттік сектор­да: қарыздың 71%-ы – қалалық медұйым­дарға, 29%-ы ауылдық медмекемелерге тиесілі. Стационарлар ‒ 87%, амбу­латорлық-емханалық буын меке­ме­лері 13% қарызға ие. Сондай-ақ кре­диторлық берешектің орташа мөл­шері 323 млн теңгені құрайды. Қа­рызы бар мемлекеттік медициналық мекемелердің үлесі – 35%, бұл – на­рық­тағы орташа деңгейден 28%-ға ба­ғаланғаннан біршама жоғары. Осы­лайша, ӘМСҚ мәліметтері бойынша жарты жыл ішінде 80 млрд теңге, ал жыл қорытындысында 160 млрд теңге кредиторлық берешек құралса, сарап­шылар зерттеуінің нәтижесі 200 млрд теңгеге барады. Әрине, медици­налық мекемелердің барлық қызметке бағасы елдегі ин­фляцияға, қосалқы мер­дігерлердің тәуекел­дерді есепке алуы мен төлемнің кешігуіне байланысты шығындардың өсуіне сәйкес шын мәніндегі нәтиже орташа немесе біршама жоғары деңгейде болжанатыны белгілі.

Денсаулық сақтау саласының сарапшылары Марат Қайырленов пен Гүлнар Әміренова миллиардтаған бюджет қаражатына қарамастан, клиникалар үлкен қарызға батып отырғанын айтады. Мәселені зерттей келе, олар жүйелі қаржылық қиыншылықтар жағдайында медұйымдар қаражат тапшылығын шешу үшін қызметкерлерге штаттар мен түрлі төлемдерді, жедел жәрдем бригадаларын, терапевтік учаскелерді қысқартуға, көптеген ауылдық стацио­нардағы штаттық лауазымдар мен төсектік-орындар санын барынша азай­туға мәжбүр екенін анықтаған. Оған қоса қаражатты үнемдеу мақсатында тауарлар мен қызметтердің шығыстары мен сатып алуларына бақылауды кү­шей­тіп, бірінші кезекте тіршілік үшін ең қажетті құралдарды ‒ дәрі-дәр­мек, жанармай, коммуналдық қыз­мет­­­терді қамтамасыз етуге тура келіп отыр. Ал консультациялық, зерт­х­а­налық, диагностикалық зерттеу­лерге, қымбат қызметтерге жолдама беру мүмкіндігінше шектелген. Сол се­­кілді сызықты межелік лимиттерін сақтау үшін ауруханалардың басқа өңір­лерден бейінді емес пациенттерді емдеуге жатқызғысы жоқ. Бұл амалдау үшін жасалған қисынды шара болса да, клиникалардың кредиторлық бере­шегі орта есеппен 151 млн тең­ге­ні құрауы және оның әрбір үшінші медициналық мекемеге зардабын ти­гі­зуі – алаңдатарлық жағдай. Мәсе­лен, 2022 жылдан бері Астана емхана­ларының жеке медициналық зертханалар алдындағы қарызы 5 млрд теңгеге жеткен. Бұл ақшаға 50-ден аса зертхана салуға болады екен. Archimed+ мәліметтері бойынша, бір зертхананың құны бізде шамамен 85 млн теңгені құраса, 5 млрд теңгеге қанша зертхана ашуға болатынын есептей беріңіз. Егер ӘМСҚ жеке зертханаларды қар­жыландырудың орнына ақшаны емха­наларда мемлекеттік зертханалар ашу­ға бағыттаса, қызметкерлердің жа­лақысына, реактивтерге жұмсалатын бюд­жет қаржысы үнемделіп, жабдық, ғимарат және басқа да заттар мемлекет меншігінде қалар еді.

Басқармалар болса МӘМС және ТМККК шеңберінде қолда бар қажет­тілік үшін қаржыны жеткіліксіз көлемде орналастыру медициналық нарықтың барлық субъектісі үшін күрмеулі мәселе болып отырғанын алға тартады. Тағы бір мәселе ‒ жоспарлы сомадан асып кеткені үшін сызықты межелік бойын­ша айыппұлдар қолдану. Сызықты межелік жеткізушіге ғана емес, сонымен бірге бірлескен орындаушыларға да қолданылады. Тиісінше, медициналық ұйымдар қосалқы мердігерлердің шы­ғындарын өз қаражаттары есебінен өтеуі керек. Диагностика мен емдеу хат­­­тамасы бойынша пациенттерді бел­гілі бір саланың маманына және зерт­ханалық зерттеулерге жіберу шарт бо­йын­ша жоспардың асыра орындалуына әкеледі, ал сатып алушы шығындарды өтемейді. Пациенттерді ӘМСҚ енгізген медициналық қызмет көрсету лимиттері қызықтырмайды. Өйт­кені ай сайын медициналық сақ­тандыруды төлей отырып, олар тегін кө­мекті талап ете­ді. Осылайша, МӘМС шеңберінде кон­сультациялық-диаг­нос­тикалық қыз­меттер көрсетуге ақ­ша қаражатының жетіспеушілігі қалып­тасқан. Бұдан бөлек, төлемдерді 2 айға кейінге қалдыра отырып, ӘМСҚ қызмет­терін сатып алушының шарт­тық мін­деттемелерін уақтылы қаржы­лан­­дырмауы, кезең жабылғаннан кейін айыппұлдарды төлеуді және қол­­дануды реттейтін бұйрықтардың енгізілуі, медициналық қызметтер тари­­фінің төмендігі ахуалды қиын- д­а­тып жіберген. Алайда мәселе тек саланы қаржыландыруда ғана емес. Шы­ғындарды басқару мен бақылаудың тиісті жүйесі, сын-қатерден шығудың жо­лын таба білетін білікті менеджер­лер бол­майынша, миллиардтаған қосымша қар­жы құмға сіңген судай жоғала береді.

Сонымен қатар сарапшылар зерттеуі нарықтың шамамен 30%-ын құраса да жеке медициналық ұйымдардың шығыс­тар құрылымы немесе креди­торлық берешегі туралы деректер еш­бір өңірде жоқ екенін көрсеткен. Өңір­­лердің тек бесеуі ғана (25%) ве­дом­стволық бағынысты мемлекеттік медициналық мекемелердің шығыстар құрылымы туралы деректерді ұсына алған. Ал негізінде медициналық мекемелер үшін қолданыстағы медициналық қызметтер тарифтерінің қолайлылығы мен тиімділігі, олардың инфляциялық үрдістерге әсері, өңірдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы, саладағы жеке бизнесті қолдау мәселелері жергілікті денсаулық сақтау органдарының күн тәртібінде тұруы тиіс-ті. Нәтижесінде, мемлекеттік тап­сырыс бойынша жұмыс істейтін меди­циналық ұйымдардың үштен бірі ресми түрде жұмыс істегенімен, пациент­терді дәрі-дәрмекпен, медициналық мақсат­тағы бұйымдармен, консуль­та­циялық-диагностикалық бойынша қызмет­термен жеткілікті қамти алмайды.

Қордаланған қаржылық қиындықтар науқастарды қажетті ем-домнан айыра­ды. Ал ақылы емделуді халықтың басым бөлігінің қалтасы көтермейді. Демек, денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің тамыры терең, салдары ауыр және жедел де жүйелі шешімдерді талап етеді.