• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Қазан, 2023

Ішкі нарықтағы отандық өнімнің орны

263 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажеттігін айтты. Бұл – нақты міндет. «Осы ретте 100-ден астам ірі тауарлы сүт фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр», деді Президент.

Яғни елімізде өңдеу, оның ішінде сүт өнімдерін өңдеу ісінде үлгі етерлік, бұл бағытта жұмыс жүргізуде тәжірибесін негізге аларлық шаруашылықтар бар. Осыдан бес жыл бұрын ел газеті «Egemen Qazaqstan»-да «Оңтүстікте ақ мол, алайда...» тақырыбымен заман талабына сай өңделіп, тұтынушы талғамы ескерілген сүт өнімдері оңтүстікте, оның ішінде миллион тұрғыны бар Шымкентте әлі де жеткіліксіз екенін айтып, мәселе көтерген едік. «Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары азық-түлік, әсіресе ағарған алғанда «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің өнімдеріне таңдау жасайды екен. Әсіресе облыс орталығының тұрғындары ертерек барып алмаса, таусылып қалатынын айтады. Серіктестіктің өз дүкендері де аз емес. Теріскейдегі әріптесіміздің мәліметінше, облыстағы «Зенченко және К» командиттік серік­тес­ті­гі бұл күндері экологиялық таза, бағасы қолжетімді өнімдерімен танымал заманауи ауылшаруашылық кластері саналады.

Мемлекет тарапынан сүт өнімдері және оны өңдеу саласын жандандырғысы келетiн шаруашылықтарға, жалпы ауыл тұр­ғындарына қолдау көрсетiліп отыр. Әри­не, ең бастысы, сапаға екпін берілуге тиіс. Сондай-ақ шаруа қожалықтары мен кооперативтердің, сүт өндiрушi ком­паниялардың бастамаларын ғылыммен ұштастыруы да маңызды. Демек халқы көп оңтүстіктің орталығында аула аралап, бұрын қолданыста болған «баклажкамен» ағарған сатушыларға заманауи бәсекелестердің көп болғаны жөн. Иә, оңтүстікте ақ мол, алайда солтүстік ай­мақтың жұрты мақтан тұтатындай және өнімдерін таласа сатып алатындай кә­сіп­орын әзірге аз болып тұр» деппіз, жоғарыда аталған мақаламызда. Сондай-ақ өңірдегі сүт өңдеуші кәсіпорындардың тыныс-тіршілігінен деректер келтірген едік. Содан бергі бес жылда не өзгерді? Солтүстіктегі туысқандардың хабарлауынша, «Зенченко және К», «Родина» сынды серіктестіктердің сүт өнімдері әлі де жоғары сұранысқа ие. Тұтынушылар тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, көршілес облыс орталықтары мен Астана қаласында да көп. Яғни Мемлекет басшысы үлгі етерліктей дәрежеде. Ал Түркістан өңірінде...

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгін­де жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша – 22, ет өнімдерін өңдейтін – 8, сүт өнімдерін қайта өңдейтін 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда атал­ған кәсіпорындардың басым бөлігі­нің технологиялық ескіруінен бәсекеге қа­бі­лет­сіз болып, жеміс-көкөніс өнім­де­рінің 0,23%-ы ғана, ет өнімдерінің – 12,3%-ы, сүт өнімдерінің 13,6%-ы қайта өңделеді. Яғни қайта өңдеу деңгейі төмен. Дегенмен өңір тұрғындарын отандық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында, 2027 жылға дейінгі жалпы сомасы 329,1 млрд теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде биылғы 7 айда құны 10,6 млрд теңге болатын 26 жоба іске қосылып, 334 жұмыс орны ашылған. Ал біз әңгімелеп отырған сүт өңдеу бойынша өңірде 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы, 4 цех салынбақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеу кәсіпорындарын құру, кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидияны 2024 жылдан бастап 50% ұлғайтуды жоспарлап отыр екен. Облыс осы арқылы өңдеу көлемін 2027 жылға қарай кемінде 40-50% арттыруға мүдделі. Сүт өнімдерін өндіру саласында биыл 26,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл салада «Балмұздақ» ЖШС, «Компания Фуд Мастер» ЖШС, «Бөрте милка» ЖШС сынды серік­тес­тіктердің өнімдері көпшілікке жақсы таны­мал. Десек те олардың арасында жұ­мысын солтүстікқазақстандық сүт өндіруші-өңдеуші компаниялардай жүр­гі­зіп келе жатқандары, яғни бәсекелес бола алатындары жоқ сияқты. Неге? Жауап іздеп көрелік.

Бұл орайда біз, жоғарыда аталған серік­тестіктер арасынан «Бөрте милка­ның» тыныс-тіршілігін зерделеп көрген едік. Иә, «Бөрте милка» да – еліміздегі үздік, алдыңғы қатардағы тауарлы-сүт фер­малардың бірі. Табиғи сапалы, еш­қан­дай қоспасыз өнімдерін Түркістан, Қызылорда облыстарына, Шымкент, сондай-ақ Алматы қаласына жеткізіп отыр. «Бөрте милканың» өнімдеріне сұраныс бар. Бірақ серіктестік сүт өнімдерінің бағасы басқа фермаларға қарағанда қымбаттау. Серіктестік басшылығы сол себептен де бәсекеге сәйкес болу қиындау болып тұрғанын айтады. «Оның үстіне бәріміз білетіндей, қазіргі халықаралық геосаяси жағдайға байланысты Ресей, Беларусь елдеріне Еуропа нарығы толығымен жабық. Екі мемлекет те – ауыл шаруашылығы жағынан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер қатарында. Сол себепті ол жақта өндіріліп жатқан сүттің және сол сүт өнімдерінің бізге көптеп кіруі жергілікті шаруаларға үлкен әсерін тигізіп жатыр. Яғни олардың сүттерінің түпкі бағасы арзан, оның үстіне ол жақтан келіп жатқан сүт өнімдерінің сапасын мен жоғары деп айта алмаймын. Себебі дүкендерде қарасаңыз Ресейде өндірілген сүт өнімдерінің барлығында құрғақ сүт қосылған. Ол сүттің түпкілікті бағасының арзан болуына септігін тигізеді. Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі таңда Ресей сүт өнімдерінің жолақысын субсидиялап, мемлекет сол сүт өндіріп жатқан фермаларға 100% төлеп беріп отыр екен. Ол да сүттің түпкілікті бағасына әсерін тигізеді. Соның себебінен бізге бағасы төмен сүт өнімдері көптеп келіп жатыр. Жергілікті өнімнің қымбатырақ болуына байланысты сұраныс қазіргі таңда азайып кетті деп айтуға болады. Бұл жағдай біздің оңтүстікте ғана емес, солтүстік, батыс өңірлерде де жиі байқалып келеді. Ол облыстардағы әріптестермен біз күнделікті байланысып отырамыз. Оларда да – осы проблема. Мен өзім Қазақстан Республикасы Сүт палатасының мүшесімін. Тағы бір айта кетерлік жайт, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстанда бір­не­ше шағын сүт фермалары іске қо­сылды. Олардың бәрі өз нәтижесін берді. Ондай тәжірибені біздің оңтүстікте де енгізуге болады. Қазір осы орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр», дейді «Бөрте милка» ЖШС бас директоры Бөкейхан Әбішев.

Сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорын­дар­ға ауылдағы қарапайым тұрғындар да бәсе­келес. Түркістан өңірінде өздерінен ар­тыл­ған сүт, қаймақ, май, айраны мен ірім­шігін аудан орталықтарына, қалаларға тасып, жайма базарда немесе үй аралап сатып жүрген ауыл тұрғындары көп. Миллионнан астам тұрғыны бар үшінші мегаполис Шымкентте де аула аралап, бұрын қолданыста болған «баклажкамен» ағарған сатушыларды күнде көресіз. Бұл орайда серіктестік басшысы ауылдың сиырлары белгілі бір дәрі-дәруменді, жемшөпті қажет етпейтінін, азығын көбіне өрістен алатынын айтады. «Даланың шөбін жеп келетін сиыр­дан шамамен 3-4 литр сүт алып, сатылымға шығарып жатқандар бар. Тауарлы-сүт фермасы болғандықтан барлық талапты сақтауымыз керек, шетелден алып келген сиырларды біз ауыл тұрғындары сияқты өріске жа­йып, қайтып алып келіп сауа алмаймыз. Үлкен ферманы ұстап отырғаннан кейін жұмысшылардың айлығы, сиыр сауатын аппараттарға жұмсалатын электр қуаты бар, осылардың бәрі дерлік шығын. Яғни сүттің түпкілікті бағасына әсер етеді. Мәселен, біздің фермада Мажарстаннан алып келген сүтті бағыттағы «голштино-фриз» асыл тұқымды ірі қара малға арнайы рацион жасалады. Ол рационда 12-13 түрлі азық-түлік бар. Соның бәрі тауар бағасына әсерін тигізгеннен кейін, біздің шығарып жатқан сүт, біздің ғана емес, біз секілді тауарлы-сүт фермалардың шығарып жатқан өнімдері қымбатырақ болады. Жалпы, барлық оңтүстік өңірінің тұрғындарын сүтпен қамтамасыз етуге бір ғана кедергі – сол шетелден келіп жатқан сүт өнімдерінің көптігі. Яғни бәсекелестік жоғары. Жергілікті тұрғындар дүкендерге барғанда сөреде тұрған отандық өнім мен ресейлік өнімдердің бағасын салыстырып көреді. Ресейлік өнім 50-100 теңгеге дейін отандық өнімнен арзан болғандықтан, сол өнімдерді тұтынады да, біздің отандық өнімдер тұрып қалып жатады», дейді Бөкейхан Нұралыұлы.

«Бөрте милка» облыстағы сүттің он пайызын ғана өндіреді екен. Демек сұраныс осылай болып тұр. Серіктестік қызметкерлері әр күні дүкендерден тиісті сұранысты алады. Сол сұранысқа сай өнім шығарылады. Сұраныс көбейіп жатса, өнім санын арттыруға мүмкіндік мол. Бұл орайда серіктестік «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5%-бен үлкен сомада несие алмақ. Қосымша тағы бір қора-жай салып, 400 бас сиыр алып келіп, тәулігіне 20 тонна сүт өңдеуді көздейді. Алайда соңғы кездері «Бөрте милка» жабылады деген әңгіме де айтыла бастаған-ды. Оны серіктестік басшылығы мемлекет тарапынан берілетін көмектің аздығымен байланыстырып отыр. «Заман талабы дейміз бе, барлық заттың қымбаттауына байланысты, аталған көмек аздау болып тұр. Осы жерде сұрақ туындауы мүмкін, «арпа-бидай арзандады ғой былтырғыға қарағанда» деген. Иә, арзандады. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, сиырға берілетін азық-түлік мөлшері 10-нан астам. Оның біразын шетелден алдырамыз. Яғни арпа-бидай арзандағанмен, басқа азық-түліктер қымбаттау үстінде. Сондай-ақ медициналық препараттар, яғни вакцинациясы бар, басқасы бар – осылардың бәрі дерлік қымбаттамаса, арзандап жатқан жоқ. Оның үстіне өз қызметкерлерімізден де айлық мәселесі бойынша жыл сайын ұсыныс, арыз-шағымдар түсіп жатады. Біз жылда айлықты 10%-ға көтеріп отырамыз. Мұның бәрі сүттің түпкілікті бағасына әсер етпей қоймасы анық. Осыдан 1 ай бұрын Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қабылдауында болдым. Ол жерде 2 мәселе көтердім. Біріншісі – 600 бастан аса ірі қара малы бар тауарлы-сүт фермаларына берілетін субсидияның көлемін 45 теңгеден 85 теңгеге көтеру. Екінші – Ресей мемлекетінен кіріп жатқан арзан, сапасыз сүт өнімдеріне қандай да бір шектеу қою. Яғни олардың санитарлық, ветеринарлық нормаларын күшейту қажет. Осындай ұсыныстарды айтқан болатынмын. Шетелден келіп жатқан сүт өнімдерінің салдарынан алдыңғы жылдармен салыстырғанда біздің өнімдеріміздің сатылымы 30-40%-ға түсіп кетті десек те болады. Бірақ оған қарамастан біз қолдан келгенше жұмыс істеп, әрекеттеніп жатырмыз. Басқа да көршілес облыстарға шығып жатқан жайымыз бар. Яғни жабыламыз деп қол қусырып отырған жоқпыз», дейді «Бөрте милка» ЖШС бас директоры Бөкейхан Әбішев.

Иә, сүт өңдеуде бәсекелестік бәсі жо­ғары екенін аңғардық. Бұл орайда Пре­зидент Жолдауында жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп, технологиялық бәсеке қызып тұрғаны айтылды. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнер­кәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет», деді Мемлекет басшысы Жолдауда. «Бөрте милканың» бәсе­ке­лестік бәсінде озық шығу мақсатын­дағы өз жоба-жоспары бар да болар. Арзанға көңілі ауатын тұтынушының тұр­мысы жақсарып, денсаулыққа пайдасын ескере, сапалы өнімді таңдайтын күн де келер. Ағарғансыз отырмайтын қарапайым тұтынушы, облыстағы технологиясы ескіргендіктен бәсекеге қабілетсіз күйдегі қайта өңдеу кәсіпорындары заман талабына сай жаңарып-жаңғырып, отандық өнімнің бағасы да қолжетімді болар деген үмітте.

 

Түркістан облысы