Жыл сайын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ алдағы жылғы жұмысқа экологиялық рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өткізеді. 16 қазанда кезекті қоғамдық тыңдау өтті.
Теміртау қаласының жұртшылығы, жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері және БАҚ өкілдері Халықаралық конференц-орталық ғимаратында 2023 жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы орындаған табиғат қорғау жобаларымен танысу үшін жиналды. Бұған қоса, теміртаулықтар 2024 жылы іске асырылатын экологиялық жобалар туралы білді. Оларды енгізу қоршаған ортаға әсерді төмендетуге көмегін тигізеді. Жобаларды әзірлеуші және экологиялық құжаттаманы құрастырушы – «Эколюкс-АС» компаниясы.
Қоғамдық тыңдауға уәкілетті мемлекеттік органдардың – Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің өкілдері де қатысты. Тыңдауға тұрғылықты жеріне қарамастан, ниет білдірушілердің барлығының қатысуына және қатысушылардың кез келгенінің компанияның экологиялық қызметіне қатысты өзін қызықтыратын сұрақты қоюына мүмкіндік берілді.
«Бұл – металлургия комбинатының одан әрі жұмыс істеуіне қатысты аса маңызды іс-шара. Яғни қаламыздың құт-берекесі осыған байланысты. Біз комбинат пен Теміртау қаласы бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар екенін түсінеміз, олардың біреуі екіншісінсіз өмір сүре алмайды», деген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ техникалық директоры Константин Цимбал: «АрселорМиттал» компаниясы ESG қағидаттарын қатаң басшылыққа алып отыр. Оның басында қоршаған ортаға және қоғамға жағымды әсер ету құндылықтары тұр. Қоғам дегеніміз – Теміртау және тұтастай алғанда, Қазақстан халқы, сондай-ақ комбинаттың ойдағыдай қызмет істеуіне тікелей мүдделі комбинат қызметкерлері. Ал қоршаған ортаға әсер ету – үдерістер мен технологияны жақсарту арқылы комбинаттың атмосфераға шығарындыларының жыл сайынғы тұрақты азаюы деген сөз. Біз комбинатта өндірістік экологиялық қауіпсіздікті нығайту үшін әлеуметтік жауапкершілікті бірге қамтамасыз етеміз. Уақыт бір орында тұрмайды. Бір жыл ішінде біз жаңа жобалардың бір бөлігін орындай алдық, қаланы көгалдандырумен белсене айналыстық, әлеуметтік салада көп жұмыс атқардық. Бүгін біз компанияның экологияны жақсарту саласындағы келесі жылға арналған міндеттерін талқылаймыз, сондай-ақ сіздердің барлық сұрақтарыңызға жауап береміз», деді.
Қоғамдық тыңдау барысында бірнеше экожоба мен экологиялық бақылау бағдарламасы қарастырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар жобалар ұсынылды. Теміртауды көгалдандыру және «Жасыл белдеу» құру жобасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Өйткені, бүгінде жасыл желектер отырғызылған алаң 360 гектарды құрады, ал сеппе мен көшет саны 1 миллионнан асты. Компания қаланы көгалдандыруды және Жасыл белдеу құруды өз қаражаты есебінен жүзеге асырып отыр.
Өндірістегі табиғатты қорғау іс-шараларына келсек, 2024 жылы атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің шығарындыларын азайтуға баса назар аударылмақшы. Олар – 1-ЖЭО, 2-ЖЭО және агломерациялық өндіріс. Сондай-ақ қолда бар кокс батареяларын жөндеу жалғастырылып, 2027 жылы аяқтау жоспарланған ауыспалы жоба – №8 және №9 жаңа кокс батареяларының құрылысы басталады.
Химиялық ұстау цехының құрылысы жалғастырылу үстінде. Келесі жылы әктас күйдіру цехындағы №2 айналмалы пешке электр сүзгісі орнатылады. Аглоөндірістің №5 агломашинасында қазірдің өзінде электрфильтр орнатылған. Таяу жылда №6 агломашинада газды тазарту жүйесін орнатуды жобалау жоспарланып отыр.
Оттегі-түрлендіргіш цехында қайталама шаңды басу жүйесін жетілдіру қажет. 2024 жылы ЖЭО-ПВС-дағы №1 қазандықтың және 2-ЖЭО-дағы №7 қазандықтың құрылысы аяқталады. Бұл екі жаңа қазандық екі сатылы КОЧ эмульгаторларымен жабдықталады. Осы эмульгаторлармен шаңды ұстау тиімділігі 20 мг/м3 аспайтын шаңның қалдық концентрациясы кезінде –99,9%, ал әк сүтін екінші сатыда пайдаланған кезде күкірт диоксиді бойынша SO2 концентрациясы 200 мг/м3 аспайтын кезде 95% тазарту деңгейін қамтамасыз етеді.
Компания металлургия өндірісінің қоршаған ортаға әсерін азайту стратегиясына сәйкес келетін барлық орта және ұзақ мерзімді экологиялық жобаны іске асыруды жалғастырып жатыр.
Тыңдау соңында қатысушылар өз сауалдарын қойып, компанияның табиғатты қорғау қызметі туралы пікірлерін білдірді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы айтылған ескертпелер мен ұсыныстарды жобаны жетілдіру мақсатында қабыл алды.