• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қазан, 2023

Малшы табудың мұңы

1556 рет
көрсетілді

Бұдан біраз жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының әкімімен бірге шалғайдағы Уәлиханов ауданы әкімінің аудан орталығы – Кішкенекөл ауылында өткен тұрғындар алдындағы есебін тыңдауға бардық. Аудан басшысы жасаған баяндамадан кейін сұрақ-жауап рәсімі басталған кезде бір әйел залда орнатылған микрофонға келіп, төрде отырған облыс әкіміне қарап: «Сіз осы ауылдың біз тұратын көшесіндегі үйлердің сиырларын жайылымға шығарып бағатын бақташы тауып беріңізші...», деп өтінді.

Облыс әкімі дереу залда отыр­ған Кішкенекөл ауылының әкімін орнынан тұрғызып: «Ауылыңызда қа­зір қанша адам жұмыссыз жүр?», деп сұрады. Ол: «200 адам жұмыссыз ретінде тіркелген», деп жауап берді. «Осыншама бос жүрген адамның ішінен бір бақташы таба алмасаңыздар, онда сіздер малдарыңызды қорада бағыңыздар. Қорада семіртілген малдың еті «мрамор» – бір қабаты май, бір қабаты қара ет болады», деп әзілдеді өңір басшысы. Бірақ іле қабағы түйіліп кетті. Арада бір апта өтер-өтпесте Уәлиханов ауданының әкімін қызметінен босатты. Ал оның орнына тағайындалған шенеунік өз жұмысын кішкенекөлдіктерге бақташы іздеуден бастапты.

Шынтуайтында, ғасырлар бойы ата кәсібіміз болған малшы­лық­тың бүгінде беделі түсіп кет­кені жасырын емес. Мұның бір себебі – тың игеру кезінен бас­тап ауылдық елді мекендердің маңындағы жердің көбі егін өсіру үшін жыртылып, жайылым көлемі тарылғандығында. Соның салдарынан малшылар бағымындағы төрт түлікті егіндікке түсіріп алмау үшін күні бойы ат үстінен түспей, айнала шапқылап, шар­шап-шалдығып жүреді. Әсіресе қысы-жазы азығын даладан табатын Қамбар ата түлігін бағатын жылқышылардың жұмысы қиын. Өйткені оларға қарауындағы жыл­­қыны жаюға қоса, түз тағысы мен ұры-қарыдан аман сақтау мін­де­ті де жүктелген.

Малшы кәсібінің тартымсыз болып тұрғандығының тағы бір себебі – жалақысының аздығы. Бұған «Еңбек» электрондық ең­бек биржасына жұмыс беру­шілер биылғы қазан айында орналастырған мал шаруашылығы жұмыскерлерінің бос орындарына қарап-ақ көз жеткізуге болады. Мысалы, Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы «S-Agro-Borovskoe» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі (ЖШС), Жетісу облысының Ақсу ауданындағы «Олжас» шаруа қожалығы (ШҚ) өздері жұмысқа шақырған бақта­шы­ға 70 мың теңгеден басталатын жалақы ұсыныпты. Бақташыларға салыстырмалы түрде жоғары жа­ла­қы ұсынғандар – Қарағанды облы­сының Қарқаралы ауданын­дағы «Құрмет» (85-150 мың теңге аралығында) және «Сағынтай» шаруа қожалықтары (180 мың теңгеден бастап).

Шопандардың жалақысы да бақташылардікімен шамалас. Шығыс Қазақстан облысының Тарба­ғатай ауданындағы «Серік­бол» ШҚ, Шымкент қала­сын­дағы «Қартабаев Талғар Асанбекұлы» дара кәсіпкері өздері іздеп отырған шопанға 70 мың теңгеден басталатын жалақы тағайындамақшы екен. Абай облысы Абай ауда­нын­дағы «Қасқабұлақ» ЖШС шопан болуға шақырған адам­ға айына 70-80 мың теңге төле­мек­ші. Ал салыстырмалы түр­де­гі ең жоғары жалақыны (150-190 мың теңге аралығында) Жетісу об­лысының Панфилов ауда­нын­дағы «Сұлтанбаев Ердәулет Тоқтарұлы» ШҚ ұсыныпты.

Жылқышыларға ұсынылған жалақы мөлшері де әртүрлі. Осы кәсіп иелеріне «Qyzmet.kz» сай­тын­да Қостанай облысының Мең­ді­қ­ара ауданындағы «S-Agro-Borovskoe» ЖШС 70 мың теңге, аталған өңірдің Амангелді ауда­нындағы «Әділжан» ШҚ 70-100 мың теңге аралығында жа­лақы белгілепті. Ал Алматы об­лы­сы­ның Талғар ауданындағы жыл­қы зауыты 200-230 мың теңге төлемекші.

Шопандар мен жылқышыларға қарағанда сауыншылардың айлы­ғы сәл артығырақ болып шықты. Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы «Айсұлтан» дара кәсіпкері сауыншыға айына 150 мың теңге жалақы ұсынған. Ал Ақтөбе облысының Мәртөк ауда­нын­д­ағы «Айс» ЖШС өзі іздеп отырған сауыншыға ай сайын 240-260 мың теңге төлемекші.

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бойынша, осы жыл­дың бірінші жартысында елі­міз­де­гі орташа жалақы мөлшері 365,5 мың теңгеге жеткендігін ескерсек, малшылар қауымының табысы мәз еместігі анық. Сондықтан да мал шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер орталық және жергі­лік­ті мемлекеттік органдар өткі­зіп жүрген алқалы жиындарда мінбеге шығып: «Қазіргі жастар ауылда қалып, мал баққылары келмей, қалаға кетіп жатыр. Қар­тай­ған малшыларды кіммен алмастырамыз?», деп байбалам сала бергенше, мал мен оның өнім­де­рін сатудан түскен табысты әділ бөліп, малшыларға атқарып жүр­ген еңбегіне сай жалақы төлеу мәселесін қарастырғаны жөн деп білеміз. Мәселен, Сол­түс­тік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауда­нын­дағы «Ақселеу» ЖШС және Тайынша ауданындағы «Астық STEM» ЖШС сияқты алдыңғы қатарлы шаруашылықтар өз жұ­мыс­керлеріне көптен бері ла­йықты жалақы төлеп келе жат­қан­­дықтан, малшы тапшы­лы­ғын сезініп отырған жоқ.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құ­рыл­тайдың Түркістанда болған екінші отырысында: «Біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады.

Біз еңбек адамының мәрте­бе­сін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады», деген сөзі ойға оралады.

Расында да, қарапайым ең­бек адамын қадірлейтін, оның мәртебесін көтеретін кез жеткені даусыз. Бұл ретте, әсіресе елімізде мал өнімдерінің молшылығын қам­тамасыз етуге қысы-жазы маң­дай тер төге атсалысып жүр­ген мал­шылар еңбегі әділ бағаланса, құба-құп.

Мемлекет басшысының сөзіне үн қосқан Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров Үкіметке биылғы 21 маусымда депутаттық сауал жолдап: «Жыл сайын әр өңірдегі білікті әрі озат малшыларды анықтап, оларға Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қа­зақ­­станның Еңбек Ері» ата­­ғын беруді ұсынамын. Біз бала ке­зімізде 100 қойдан 176 қозы алған Социалистік Еңбек Ерлері Жол­се­йіт Молдасановты, Жазылбек Қуанышбаевты біліп өстік. Өз заманында ол кісі­лер­дің қолын алып, жүзде­су­дің өзі мәртебе болатын», деді. Оған Үкімет берген ресми жауапта: «Үкімет «Қазақ­стан Республикасының мем­ле­кеттік наградаларымен наг­рад­тау­ға ұсынудың және олар­ды тап­сырудың тәртібі туралы нұс­қаулықты, Қазақстан Рес­пуб­­ликасының мемлекеттік наг­ра­­далары құжаттарының үл­гі­лерін және Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы №90 Өкіміне сәйкес көтермелеу шараларын жүзеге асырады. Ауыл шар­уашылығы және тамақ өнер­­кәсібі қызметкерлерінің кү­ні­не орайластырылған ауыл шаруа­шы­лығы қызметкерлерін дәс­түрлі марапаттау тұрақты негіз­де жүргізіледі», делінген екен. Халық қалаулысының нақ­ты ұсы­ны­сына нақты жауап беріл­мей, «Мен не деймін, домбырам не дейді?»-нің кері болып тұр.

Ардақ Назаров айтса-айтқан­дай, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында белгілі мемлекет пен мәдениет қайраткерлеріне, жазушылар мен ақындарға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы кәсіп­орындарының басшылары­на, үздік дәрігерлер мен мұға­лім­дерге және тау-кен компа­ния­ла­рының бірнеше майталман жұмысшысына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенімен, мұндай жоғары құрмет ата кәсібі­міз­ді жалғастырып, абыройға бө­леніп жүрген қарапайым мал­шылардың ешқайсысына көр­се­тілмеген екен. Ойланарлық мәселе.