Биыл жолымыз түсіп, Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебінің ұжымымен жолыққан едік. Кездесу барысында мұғалімдер өздері тұрып жатқан шағын шаһардың мәртебесін өзгерту мәселесі көптен сөз болып келе жатқанымен, нақты қашан шешілетіндігі әлі беймәлім екенін қынжыла айтты.
«Қаламыздың ауылдан еш айырмашылығы жоқ. Жергілікті кәсіпорындар жабылған соң 10 мыңнан астам тұрғынның 3 мыңдайы жұмыс пен жайлы тұрмыс іздеп, басқа жаққа көшіп кетті. Орталықтандырылған жылыту жүйесі істен шыққалы ширек ғасырдан асты. Соның салдарынан біз де ауылдағы әріптестеріміз сияқты алты ай қыста үйімізді көмір жағып жылытып, әуре-сарсаңға түсіп жүрміз. Алайда Сергеевканың «қала» деген дардай мәртебесі сақталып отырғандықтан, ауыл мұғалімдері алып жүрген 25 пайыздық үстемеге қолымыз жетпей тұр. Міне, осындай әлеуметтік әділетсіздікті болдырмау мәселесін әкімдер мен депутаттардың алдында көтеріп жүргенімізге он жылдан асса да, еш нәтиже жоқ. Ендігі үмітіміз – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болып отырған халық үніне құлақ асатын мемлекетті – Әділетті Қазақстан орнатуда», деді ұстаздар.
Шынтуайтында, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде қала құраушы кәсіпорындары мен коммуналдық мекемелері жаппай жабылып қалғандықтан, тұрғындарының саны азайып, кәдімгі ауыл кейпіне түскен Сергеевка сынды шағын қалалар еліміздің өңірлерінің көпшілігінде бар болып шықты. Осы жайлы алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты 2016 жылғы 2 қарашада сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап: «Үкіметтің еліміздегі шағын қалалардың мұқтаждықтарына назар аударатын кезі жетті деп санаймыз. Біріншіден, олардың өз мәртебесіне сәйкестігін анықтау қажет. Өйткені «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға, яғни шағын қалаларға өз аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекендер жатады. Ал биылғы жылдың басындағы статистикалық деректер 41 шағын қаланың 12-сінің тұрғындарының саны 10 мыңға жетпейтіндігін көрсетті. Солардың ішінде, әсіресе Ақтөбе облысындағы небәрі 1 968 тұрғыны қалған Жем және 2 468 адам ғана тұратын Темір қалаларының, Ақмола облысындағы 3 746-ақ тұрғыны бар Степняк қаласының демографиялық тұрғыдан болашағы өте бұлыңғыр. Сондай-ақ Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының (5 559 тұрғын), Ақмола облысындағы Державинск қаласының (6 183 тұрғын), Қызылорда облысындағы Қазалы қаласының (6 813 тұрғын), Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка, Булаево және Сергеевка қалаларының (әрқайсысының тұрғындарының саны 7 мыңдай), Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласының (8 393 тұрғын) және Шығыс Қазақстан облысындағы Шар (7 430 тұрғын) және Серебрянск (8 791 тұрғын) қалаларының қолданыстағы заңнамада көрсетілген өлшемшарт деңгейіне қашан көтерілетіні де белгісіз.
Екіншіден, көптеген шағын қаланың өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында істен шыққан орталықтандырылған жылумен және сумен қамтамасыз ету жүйелері әлі күнге қалпына келтірілген жоқ. Ал оларда тұратын мұғалімдер мен дәрігерлер үйлерін қыста пеш жағып жылытып, суды көшедегі колонкадан тасып ішіп отырса да жалақыны өздерімен бірдей тұрмыстық жағдайда өмір сүріп жатқан ауылдық әріптестерінен 25 пайызға кем алады. Әрине, мұны әлеуметтік әділдікке жатады дей алмаймыз.
Үшіншіден, «Жығылғанға – жұдырық» демекші, биыл шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға айналдырылған орталық аудандық ауруханалар бюджеттік ұйымдар санатынан шығарылғандықтан, әкімшілік орталықтары шағын қалалар болып отырған ауылдық аудандарды медицина кадрларымен қамтамасыз етуде үлкен проблема туындап отыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласында орналасқан Шал ақын ауданының орталық аудандық ауруханасына қазір 9 дәрігер жетіспейді. Мұның себебі – аудандық маңызы бар шағын қалаларға жұмысқа шақырылатын жас дәрігерлерді «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етуге рұқсат етілмейтіндігінде», деген екен.
Осы депутаттық сауалға Үкімет басшысы Б.Сағынтаев: «Қазақстанда халық саны бойынша өзінің мәртебесіне сәйкес келмейтін қалалардың болуы тарихи факторлармен байланысты. Іс жүзінде елдің барлық қаласы өз мәртебелерін «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заң қабылданғанға дейін алды.
Бүгінгі күнге өзінің мәртебесіне сәйкес келмейтін жекелеген қалаларды ауылдық елді мекендерге өзгерту бойынша мәселені қарау үшін заңнамалық негіз жоқ. Осыған байланысты қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесіп, «Заманауи өңірлік саясатты және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту міндеттерін ескере отырып, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру» тақырыбында зерттеу жүргізу үстінде (аяқтау мерзімі – 2017 жыл). Оның қорытындысы бойынша жасалған ғылыми негізделген ұсынымдар негізінде елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы қолданыстағы заңнамаға жекелеген елді мекендерді қала мәртебесінен айыру өлшемшарттары мен механизмін анықтау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралатын болады», деп ресми жауап берген.
Алайда осы уәде үш жылдан астам уақыт ішінде орындалмаған соң, 2020 жылы белгілі қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов бастаған бір топ депутат «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға қалалардың мәртебесін өзге елді мекендерге ауыстыру механизмін айқындаған түзетулер енгізуді көздеген заң жобасын өздері әзірледі. Оған сол жылғы 12 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойып, шын мәнінде ауылға айналған шағын қалалардың мәртебесін өзгертуге заңнамалық тұрғыда жол ашылды.
Нақты айтсақ, аудандық маңызы бар қала мәртебесі оның тұрғындарының саны бес жыл ішінде 10 мыңға жетпеген жағдайда өзгертілуге тиіс. Бұл үшін осындай елді мекен әкімі әуелі аудандық мәслихат пен аудан әкіміне аудандық маңызы бар қаланың мәртебесін өзгертіп, кент немесе ауыл санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізуі керек. Оны қараған аудандық мәслихат пен аудан әкімі бірлескен шешiм қабылдап, облыстық өкiлдi және атқарушы органдарға тиісті ұсыныс жолдайды. Өз кезегінде облыстық мәслихат пен облыс әкімі аудандық маңызы бар қаланы өзге елді мекен етіп қайта құру туралы ортақ ұсынысын Үкіметке енгізеді. Соның негізінде Үкiмет Мемлекет басшысына тиісті ұсыныс жасайды. Сөйтіп осы мәселе бойынша түпкілікті шешімді Президент қабылдайды.
Аудандық маңызы бар қала мәртебесі ауылдық елді мекен болып өзгертілген жағдайда оның тұрғындарының бір бөлігі мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады. Мысалы, ауылдағы бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысына мәслихаттардың шешімдері бойынша кемінде 25 пайыз үстеме ақы қосылады. Сондай-ақ оларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде және отын сатып алуда әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ал жекелеген салалардың мамандарына «Дипломмен – ауылға!» жобасына қатысу мүмкіндігі беріледі. Бұл жобаға қатысушылар 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) (345 мың теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК (5 млн 175 мың теңге) мөлшерінде 0,01 пайыздық бюджеттік кредит ала алады. Бұған қоса, шағын қала ауылға айналдырылған жағдайда оның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында дамытылатын болады.
Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнамаға аудандық маңызы бар қаланы кентке немесе ауылға айналдыру механизмі енгізілгелі үш жылға жақын уақыт өтсе де, атына заты сай емес шағын шаһарлардың ешқайсысының мәртебесі өзгертілген жоқ. Яғни заң іске аспай, қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Ал ауылдан еш айырмашылығы жоқ шағын қалалардың көпшілігінің тұрғындары санының жылдан-жылға азаю үрдісі тоқтар емес.