• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 24 Қазан, 2023

Талайғы Түркістанның тағылымы

199 рет
көрсетілді

«Түркістан екі дүниенің есігі ғой», (Мағжан) яғни екі дүниенің қақпасы екенін әйгілегендей көрме Республика күні мен Түркі мемлекеттері ұйымы­ның 10-мерейтойлық саммитіне орай Ұлттық музейде өтті. Мұнда Қазақ хан­дығының ғана емес, ұлы Тұ­ран, түркі елдері ор­та­­лығының тамыр­лы тарихынан сыр шер­тетін жәді­герлер кімді болсын бейжай қал­дыра қоймас.

Иә, Түркістан туралы Мағжан жырынан бекер бастамадық. Түсінгенге бұл шығарма көп сыр шертеді. Ұлттық музейде өткен «Мыңжылдықтар тоғы­сын­дағы Түркістан» атты мына көрме солардың шет жағасына көз жеткізеді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қоры әкеліп қойған көрмені Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев аш­ты. «Бүгінгі көрме еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында ашы­лып отыр. Еліміздің елдігі мен мәдени тарихы осындай мұралардан бастау алады. Жалпы, «Мыңжылдықтар тоғы­сындағы Түркістан» көрмесі – құнды мұраларымызды сақтап, оларды на­сихаттауды көздейтін іргелі жобалар­дың бірі. Тұжырымдамада ұлттық мәдениетімізді сақтау мен дамыту туралы қағидаттар және идеялар белгіленген. Мақсат – халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарының өткені, бүгіні мен болашағын таныстыру», деді ол сөзінде.

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорларынан мұнда 130-ға жуық жәді­гер әкелініп қойылыпты. Қазба жұмыс­тарының деректеріне сүйенсек, Түркіс­танның екі мың жылдан астам тарихы бар. Ежелгі түріктерден бермен жасап бүгінге жеткенін бағамдауға болады. Біздің заманымыздағы ІІ-VІІ ғасыр аралы­ғындағы тиындарға дейін тұр. Ежелгі Түр­кістан туралы көптеген керемет жә­дігерлер бар. Қыш ыдыстар мен алтын бұйымдардың өзі көздің жауын алады. Бұларды «Тарихы терең Түр­кістан» бөліміне топтастырыпты.

Келесі «Түркістан – Түркі әлемінің рухани орталығы» бөлімінің мәні тіптен зор. Түркістан деген қала ғана емес, үлкен географиялық аумақ екенін естен шығармау керек. Мұстафа Шоқай «Түр­кістан өлкесі» деп тегін ұран көтер­меген. Түркістан ұлы тұран даласының астанасы болғаны жадымызда жаңғыруға тиіс. Бұрынғы Яссы (Түркістан) өрке­ниеттің де, руханияттың да ошағы, алтын жүл­десіне айналған. Оған Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгінеки есімдерін атаса да жет­кілікті. Мәселен, көрмеде Ахмет Ясауи кесенесіне Әмір Темірдің сыйға тартқан шырағдандары – сол заманның ғана емес, қазіргі уақыттың да озық үлгілері деуге келетін дүниелер. Және бір емес, бірнеше шырағдан.

Экскурсия жүргізушінің айтуынша, Ясауи кесенесінің көптеген дүние­лері тоналған. Аман жеткендерінің арасындағы құнды жәдігерлердің бірі лауқа, көшірмесі екен. Тудың басы. Ғұла­маның қабіріне кіреберісте тоғыз метрлік үлкен ту тұр. Мынау соның басы, қоладан құйылған, бір метрге жуық. Салмағы 5 килодай. Ұшында Алла деген жазу бар, екі жағынан да бір­дей оқылады. Және қошқар мүйіз оюы салынған. Бұл Ясауидің түркілік мәде­ниет пен Исламды кіріктіре алғанын әйгілейді. Сол кезде осындай туынды жасатып, сыйға тартқан Темірге де қайран қалдырғандай белгі. Сондай-ақ кесенеде орналасқан тайқазанның кө­шір­месі. 1399 жылы Яссыға жақын Қар­нақта жасалған. Әлемдегі ең үлкен қазан. Ауырлығы екі тонна, үш мың тонна су сыяды. Бірақ бұл – ас-ауқаттан гөрі иман мен ізгілікке, ырыс пен берекеге соғылған құндылық. Мұнда да Ислам мәдениеті мен түркі белгілері тең орналастырылғанын атап өткен жөн.

Ясауидің, Софы Аллаяр, тағы бас­қа ғұ­ламалардың еңбектерінің көне нұс­қалары да осы көрмеде. Сопылық ілімнің негізі мен мағынасын түсінуге жақын­дататын жәдігерлер жетерлік. Түркістанның талайғы тарихының бір шеті осындай.