Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілгенімен, оның жағдайы әлі де мәз емес екенін сынай келіп: «Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық», деген еді.
Содан бері бір жылдан аса уақыт өтсе де, Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының сынынан тиісті қорытынды шығарды деу қиын. Өйткені науқастардың 2020 жылдан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне наразылығы басылар емес. Себебі дімкәс жандар МӘМС жарнасын үзбей төлеп жүрсе де, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) уақтылы ала алмай, жекеменшік клиникалардың жәрдеміне жүгінуге мәжбүр.
«Мен 2 апта бойы тиісті дәрігерлерге көріне алмадым. Емханада әуелі терапевке қаралып, анализ тапсыруымды талап етті. Ал анализ тапсыру үшін апталап кезек күтуім керек екен. Сол себепті мен 4 жылдай уақыт ішінде бірде-бір рет тегін медициналық көмек алған емеспін. Сондықтан мен прокуратураға арызданып, емделуге жұмсаған шығынымды қайтарып беруді талап етемін», деді бір әйел.
«Мен былтыр ұлымды балалардың облыстық ауруханасында емдеттім. Ондағы дәрігерлерге еш ренішім жоқ. Бірақ биыл баламды жаңадан ашылған емханаға ауыстырды. Мұнда бәрі тым күрделі болып шықты. Емхана меңгерушісі: «Балаңыз ауырса қайтейін, оны тексерткіңіз келсе, ақылы тексертуге барыңыз. Біз ешқандай аутоиммундық сырқат бойынша тексеру жүргізбейміз, ондай аурудың себебін де іздемейміз», деп бір-ақ қайырды. Ендеше, мұндай емхананы не үшін ашқан?», деп шағынды Петропавл қаласының тұрғыны Анна Шульженко.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биік мінберлерден МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласына оң әсер еткенін мәлімдеп жүр. Мәселен, МӘМС енгізілген жылдары МСАК бойынша көрсетілген қызметтер саны 3,2 есе өскен. Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмектерге қолжетімділік те едәуір артқан. МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін халықтың әлеуметтік осал 8 тобы ғана қымбат тұратын КТ және МРТ қызметіне қол жеткізе алған болса, өткен жылы осындай 1,5 миллионға жуық қызмет көрсетілген, яғни 7 есе артқан. ПЭТ қызметін көрсету саны 2 есеге жуық өсіп, 13 мыңнан 21 мыңға дейін артқан. МӘМС бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың саны 2 есеге көбейіп, 2 мыңға жуықтаған. Халықтың медициналық қызметтерге өз қалтасынан төлеген ақысының үлесі 2018 жылғы 34 пайыздан 2022 жылы 31 пайызға дейін азайған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша медициналық-демографиялық көрсеткіштер пандемия кезеңіне дейінгі нәтижелерден асып түскен.
Денсаулық сақтау министрі келтірген статистикалық мәліметтер осы саладағы оң үрдісті айғақтайтыны даусыз. Алайда «бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні» секілді науқастар ренішін туғызып отырған кемшіліктерге көз жұма қарамай, оларды болдырмау шараларын қарастырған жөн. Бұл мәселеге жақында Парламент Мәжілісінде өткен «Үкімет сағатында» баса назар аударылғаны бекерден-бекер емес.
«Өңірлерге барғанда ауруханаларды аралап, сайлаушыларымызбен, сарапшылармен, қарапайым дәрігерлермен болған кездесулерден, жүргізген зерттеулерімізден түйгеніміз – проблемалар толық шешілмеген. Медициналық көмектің сапасынан бұрын, біз қазіргі уақытта оның қарапайым қолжетімділігіне зəру болып қалдық», деді депутат, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов. Оның айтуынша, басты проблема – МƏМС-ті қаржыландыру жүйесіндегі олқылықтар. Біріншіден, мемлекеттік бюджеттен əлеуметтік санаттар үшін МƏМС-ке аударылатын жарна мөлшері бастапқы мөлшерлемелерге қарағанда 3 есе азайтылғандықтан, МƏМС қорына, яғни азаматтардың еміне жүздеген млрд теңге кем түскен. Екіншіден. коронавирус пандемиясымен күрес кезінде бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты, шұғыл шешімдер қабылдау үшін МӘМС қорындағы 700 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Үшіншіден, Үкімет зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төленетін жарналарды қысқартып тастаған. Соның салдарынан үш жылда, 2024 жылды қоса алғанда МӘМС-ке бюджеттен 600 млрд-тан аса қаражат бөлінбеген. Төртіншіден, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру бюджет есебінен ғана емес, МƏМС қаражаты есебінен де жүзеге асырылған. Үкіметтің осындай шешімдерінің салдарынан МƏМС қорына кемінде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеген. Мұның өзі денсаулық сақтау саласы шығындарының ауыртпалығын қарапайым азаматтарға да түсіріп, олардың өз қалтасынан емделуге жұмсайтын қаражаты азаюдың орнына кейінгі 2 жылда 27,7 пайыздан 31,1 пайызға дейін ұлғайған. Осылайша, МƏМС идеясының беделі түсіп, оған сенбеген науқастар оны тоқтатуды талап етіп отыр. Бұл ретте, біздің ойымызша, Үкімет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде азаматтардың денсаулығын сақтауға өз қалтасынан төлейтін қаражаты бір адамға есептелген барлық шығынның орта есеппен 16,9 пайызын құрап отырғанын, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша бұл көрсеткіш дамушы елдер қатарындағы Қазақстанда 20 пайыздан аспауға тиіс екенін ұдайы назарда ұстағаны жөн.
ДСМ биыл ақпан айынан бастап барлық медициналық қызметке «Шектік шкала» деген шектеу енгізген. Бұл əрбір медициналық қызмет түрі бойынша əрбір емханаға нақты белгіленген квота іспетті. Алайда қаражаттың жетіспеуіне байланысты асығыс қабылданған осы атүсті шешімнің кесірінен мыңдаған науқас медициналық көмекті уақтылы ала алмады.
«Шектік шкала» тіпті шұғыл медициналық көмекке де қатысты болып, ауруханалар травматологияға жедел түскен науқастарды да тек бекітілген квота шегінде алуға тиіс болды. Ал одан көп түскен пациенттер үшін ауруханаларға ақы төленбейді. Бұл деген – нонсенс! Адам қолын, не аяғын қашан сындырып алатынын, кімде инфаркт болатынын, кім уланып қалатынын алдын ала қалай болжай алады? Ауруханаға түскен науқасқа: «Шектік шкала» аясында осы айға бөлінген ақша таусылды, келесі айды күтуіңіз керек» деу де – нонсенс. Соның салдарынан халық тарапынан шағым көп түседі. Науқастар бір ай терапевті күтеді, кейін тағы бір ай бейін бойынша дəрігерді, одан кейін тағы да терапевке жазылып, оны тағы да күтуге мəжбүр. Сөйтіп жүріп, өз қалтасынан ақы төлеп емделеді. Осыған орай, денсаулық сақтау мекемелеріне өз бюджетінің шегінде қаражатты дербес бөлу мүмкіндігін беру керек», деді А.Аймағамбетов.
Жуырда Парламент Сенатының Евгений Больгерт бастаған бір топ депутаты Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, ДСМ-нің келесі бір ағат қадамын түзетуге мұрындық болды. Нақты айтсақ, аталған министрлік өзі қабылдаған кейбір нормативтік құқықтық актілерге мемлекеттік сатып алу арқылы МСАК қызметін көрсететін ұйымға тіркелген тұрғындардың саны 10 мың адамнан кем болмауға тиістілігі туралы өзгеріс енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірлеген екен.
«10 мыңнан аз адамға қызмет көрсететін көптеген жеке медициналық клиникалардың, шағын отбасылық денсаулық орталықтарының қызметін тоқтату қаупі төнгелі тұр. Бұл шешім мемлекеттік емханалардың жүктемесін шамадан тыс көбейтіп, оларда кезектер пайда болуына және басқа да қолайсыздықтар туындауына әкелмей ме?», деп дабыл қақты сенаторлар.
Өз кезегінде вице-премьер Сенат депутаттары көтерген мәселені «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығы және МСАК көрсетуші кәсіпкерлермен бірге талқылаған соң, ДСМ ұсынған жаңа норма ақылға қонымды деңгейге – 1,5 мың адамға дейін кемітіліпті. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген – осы.
Демек, ДСМ алдағы уақытта медицина саласының маңызды мәселелерін Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес көпшілік тілегін ескере отырып шешсе, құба-құп.