Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылыми және педагогикалық білім беру орталығы. Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин секілді ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері тұрған оқу орны күні бүгінге дейін елімізде білікті мұғалімдерді даярлауда көшбасшы. Оқу ордасынан осы күнге дейін 200 мыңға жуық педагог, 4 мыңнан аса ғылыми кадр білім беру саласына қанаттанған.
Салтанатты іс-шараны ашқан университет ректоры Болат Тілеп ұлт зиялылары бастауында тұрған «ұстаз» атты ұлық мамандықтың рухани ордасы Абай университеті осы жылдарда еліміздегі білім ошақтарына көптеген білікті кадрлар даярлағанын жеткізді. Ректордың айтуынша, кезінде 9 оқытушы ғана жұмыс істеген оқу ордасында бүгінде 5 академик, Ұлттық ғылым академиясының 6 корреспондент-мүшесі, 220 ғылым докторы мен PhD, 260-тан астам ғылым кандидаты, барлығы 900-ден астам адамнан тұратын профессорлық-оқытушылық құрам 16 мыңнан астам студентке заманауи білім беріп келеді. Білікті мамандардың еселі еңбегінің нәтижесінде университет әлемдік білім рейтингтерінде жоғары көрсеткішке ие болып отыр.
Мәртебелі ұстаздар қауымын айтулы мерекемен құттықтаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Ұстаздар ұстанаханасы, білім мен ғылымның алтын ордасы аталған қарт ҚазПИ-дің атаулы датасы еліміздегі білім беру жүйесіне ортақ мереке. Білім ордасының жеткен жетістігінде қазақ халқының аяулы тұлғаларының, Алаш қайраткерлерінің еңбегі жатыр. Білім биігінде тұрған оқу ордасының профессорлық-оқытушылар құрамының жемісті еңбегін ерекше атап өту керек», деді.
Жиын әрі қарай да жылы лебіздермен жалғасын тапты. Алматы қаласы әкімінің аппарат басшысы Бейбіт Шаханов шаһар басшысының құттықтауын оқыса, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев педагог кадрларды даярлауда көш бастап тұрған оқу орнының мерейтойына академияның құттықтауын жеткізді.
Университеттің әлемдік білім кеңістігінде жетістікке жетуіне зор үлес қосып жүрген оқытушылар қауымы осы жиында арнайы марапатқа ие болды. Атап айтқанда, профессор Қорлан Жампейісоваға «Ерен еңбегі үшін» медалі, Мәмбет Қойгелдиев, Марат Құлбек, Бағдат Қосанов, Докторхан Айдарбаева, Надежда Жиенбаева сынды ғалым-ұстаздарға «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрметті төсбелгісі, Дана Қосымоваға «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табыс етілді.
Бүгінде университет әлемнің 25 мемлекетінің 138 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыста жұмыс істейді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде осы жылдың қорытындысы бойынша 681-690 орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 университет қатарына енді. Орталық Азияда 147-орынмен үздік 200 университеттің қатарында тұр. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университет 601-800 позициядан көрініп, отандық университеттер арасында көш бастап тұр.
Мерекелік іс-шарада Қазақстан этникалық дизайнерлер одағы қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізіп, университеттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм көрсетілді. Мерекелік іс-шара өнер майталмандарының концертіне ұласты.
АЛМАТЫ