Оның өлеңдері жүрек пен жанның бітісінен естілген үндей нәзік. Нәзік те болса қайсар. Болмашы ғана сол өмір лебі бұрқанса, дауыл тұрғызуға қауқарлы, күбірлеп-сыбырласа, шым-шымдап бойыңды билеп алады. Ақынның оқырманы көп болатыны содан болуы керек. Дәурен Берікқажыұлы жырларында артық сөз, әдемілікке жетемін деп әлеміштеген жасанды тіркес жоқ.
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деп ұлы Абай көксеген биік, өлеңдегі ұлы мұратты тұтқан екі қазақ болса, бірі осы Дәурен Берікқажы екенін ақын Есенғали Раушанов: «Ақын болса, Дәурендей болсын. Дәурен не жазса да жібермей оқуға тырысамын. Газет-журналға шықса, әлбетте. Қадағалап отырамын дегенім, ол қызық-қызық ізденістерге барады, мінезі де біртүрлі, ағылшын тілін жетік біледі, әлемде не гәп болып жатқанынан қашанда құлағдар, өзге елдерде достары көп, «ауылдың арасы, қойдың қорасында» қалып қоймағаны қуантады. Ендігі жерде Мұқағали мен Есенғалидың арасын шаңдата берудің керегі шамалы екенін ол баяғыда-ақ білген. «Менің ауылымның иті сенің ауылыңның итінен гөрі бөрібасарлау» деген сықылды «квасной патриотизм» де оған жат. Оқуы, тоқуы бар адам осындай болады. Бұдан былайғы жерде кем дегенде бір шет тілін білу қазақ қаламгері үшін қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Жастарға қызықсақ олардың біліміне, мәдениетіне, алғырлығына қызығалық, әйтпесе екі қазақтың бірі өлең жазады. Рас, бұдан екі қазақтың бірі ақын деген қорытынды шықпайды.
Ол қазақ қоғамында болып жатқан жайттарды түгел жүрек сүзгісінен өткізіп отырады. Қиын іске ұрынады. Қауіпті қадамдарға барады. Ақын болсаң, Дәурендей бол! Дәурен өз сөзін өзі айта алатын ақын болып қалыптасты. Бұдан артық не бақыт керек?», депті.
Демек Есенғалиша айтқанда, Абайдың өлең сөзге қойған жоғарыдағы талабын барынша түсініп, бойына сіңірген және солай жаза білген талант – нағыз талант.
Ақынның осы уақытқа дейін шыққан «Оттегім менің, от демім менің – жырларым», «Алдаспанның арызы», «Анте меридием», «Гүл мен қылыш жырлары», «Сізге жазған хаттардан», «Муза», «Сенің атың – от», «Ішке жұтқан көз жасым», «Ең жылы сөз кешіккен» атты жыр жинақтары тек автордың ғана атағын шығарып, алапатын асырған кітаптар деуге әсте болмайды. Бұлар – маңдайынан ай сүйіп, төрт аяғын тең басып, қазақ жырын алға оздыруды көксеген бейнелер. Оқырман сана-сезімін өсіріп, рух кеңістігін ұлғайтуды көздеген жан мен ойдың жемісі. Автордың жеке басы үшін жүйке мен сананың кескілескен майданы. Мың өліп, мың тірілген болмыс пен мінездің күресінен қайнап шыққан немесе жүректің оты санаға шағылғанда саусақ ұшынан сия болып төгілген сәулелі шырақтар.
«Ең қымбат бағаға сатылған –
ең арзан кітаптар,
ең ауыр ойларға батырған –
ең нәзік бұтақтар,
ең әлсіз адамға берілген –
ең ауыр сынақтар,
ең таза балаға көрінген –
ең жауыр сұрақтар
жылатты ал, жылатты ал
жанымды.
Тағы не?
сұрап қал...»
«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» дейді. Бірақ осы ойды ақын Серік Ақсұңқарұлы теріске шығарады. «Парижде өлетіні өтірік» дейді. Абай ғұлама Шыңғыстауда туып, сонда өлгенін ескерсек, әлгі сөз қазақтарға жүре бермейтіндей. Мен осы сұрақты шетел ақындарын көп оқып, көп аударған Дәукеңе қойғым келеді. Бірақ оның «ақындар провинцияда туатыны рас, бірақ Парижде өлуі шарт емес, қайда жерленсе де, халқының жүрегінде қалса, жетіп жатыр» дейтінін ішім сезеді. Қазір Дәурен Берікқажыұлы – көп оқылатын ақындардың бірі. Халқының көкейіндегісін айтып, жүрегіне жол таба алса, ақынға одан асқан бақыттың керегі де шамалы.
«Ысытқан, суытқан,
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан,
Құмарың тозар, біл»,
дегенде Абай нені, меңзеді екен? Құмары тозса да, іңкәрлігі сөнбеген көз жастың да алапат қайсар мұңынан көктеп шыққан рухты сезінгің келсе, ақын жырларына үңіл. Дәукеңнің «Беу, мынаны мен де жаза аламын-ау» дегізгендей кейбір қарапайым көрінген шумақтары жанды жерге тиеді, көкейге қона кетеді. Бәлен деп айтудың да қажеті шамалы, үнсіз ғана түсініп, бас шайқап қойып, өзіңмен өзіңді мұңдастыратын өлеңдер тек Дәурен ақынға тән сияқты мен үшін. Түсінгенге бұл – бүгінгі поэзияның табысы! Өлең оқып отырып демалу, өзіңмен сырласу деген – үлкен бақыт. Автордың үлкен бақыты.
Оның аудармалары, тәржімаға қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлық. Ақын болған соң өз өлеңдерін ғана жазып, өз шығармашылығын насихаттау – әркімнің қолындағы іс. Ал мен оқып-білген дүниенің, мен таныған ғажаптың дәмін сен де тат деп шетел жауһарларын оқырманға түпнұсқадан мөлдіретіп аударып беру – түсінгенге ерлікпен пара-пар іс. Дәукең – ол үдеден шыға алған жанкешті ақын. Ұлттың ақыл-ойы мен сана-сезіміне қызмет осындай-ақ болады!