• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2023

Әке тәрбиесі – ғасырға азық

293 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлін әлсіретіп алмаудың маңызы зор. Алайда тал бесіктен басталатын тәр­биенің тізгіні нарықтың қатал заңына бағынышты болып кеткелі көп отбасындағы құндылық көк жәшікке тел­мір­ген жаңа ұрпақты өсіріп келеді. Сол үшін де бүгінгі ата-ана балаға беретін ізгілік қасиетті алдымен өз бо­йы­­на дарытып, отбасы құндылығын санасына сіңіруі қажет. Астанада өткен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт бола­шағы» тақырыбындағы VIII Республикалық әкелер форумына жиналғандар осындай ой-пікірлерін ортаға салды.

Алқалы жиынға Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің өкілдерімен қатар Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Әкелер одағы» РҚБ-ның делегаттары қатысты.

Әкелер институтын дамыту, отба­сылық құндылықтар және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында жаңа тәсілдерді насихаттау және қалып­тастыруды мақсат тұтқан жиында Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет әкелер институтына қатысты мәселелер бізде ғана емес, басқа елдерде де бар екенін жеткізді. Сондықтан фо­рум­да айтылатын ұсыныс-тілек­тер­ден үйренер тұсымыз көп бола­тынын айтқан ол: «Әкелер одағы» қоғам­дық бірлестігі қазіргі күні 12 өңірде жұмыс істеп келеді. Ұйым­ның мақсаты – әкелердің бала тәр­биесіне белсенді қатысуы, жауапты әке бола білуі және ұл тәрбиелей отырып, болашақта саналы әке, азамат тәрбиелейтінімізді насихаттау. Форумның маңыздылығы – ұсы­нылған пікірлер ертеңгі ұрпақтың тәр­­биесі үшін қажеттілігінде. Мыса­лы, «Әкелер күні» мерекесі – «Әкелер одағы» қоғамдық бірлесті­гінің көп жыл бо­йы жасап келе жатқан қоғам­дық жұ­мысының нәтижесі. Сондай-ақ біз қоғамдағы жал­ғызбасты, мүге­дек­тігі бар әкелер­мен жұмыс істей­міз. Ерекше және мүгедектігі бар бала­­лар­дың әкелері де назарымызда», деді.

Мәдениет және ақпарат вице-ми­нистрі Евгений Кочетов еліміз­дің 20 өңірінен 100-ден аса делегат қатысып отырған жиын әкелер институтын дамыту және отбасы құндылықтарын нығайту, отбасындағы әкелердің рөлін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. «Республикалық, облыстық, қалалық маңызы бар әкелердің жыл сайынғы форумдары, әкелер апталығын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Балаларымыз лайықты азамат болып өсіп, ұлт болашағы жарқын болуы үшін ұрпақ тәрбиесіне бүгіннен ерекше көңіл бөлу қажет», деген вице-министр отбасындағы берік қатынас пен сыйластық ұрпақ тәрбиесіне өз ықпалын тигізетініне ерекше тоқталды.

«Үйдегі әке мен ананың бір-біріне қарым қатынасынан үлгі алған бала ертеңгі күні соны қажетіне жаратады, санасына сіңіреді. Әкесі­нің анасымен қарым-қатынасы сыйлас­тықпен жарасқанын немесе зорлық-зомбылықпен аяқталғанын көрген бала сол тәрбиені, әкесінен көрген қарым-қатынасты өз әйелі мен балалары­на үлгі етеді. Сон­дықтан ортақ құн­дылықтар туралы ой бөлісе­тін, пікір алмасатын осындай маңыз­ды форумдарды, әкелер апталы­ғын өт­кізу игі дәстүрге айналды. Бала­лары­мыз лайықты азамат болып өсіп, ұлт болашағы жарқын болуы үшін ұр­пақ тәрбиесіне бүгіннен ерекше көңіл бөлу қажет», деді Евгений Кочетов.

БҰҰ Халықтың қоныстану қоры­ның Қазақстандағы өкілі, Түрік­мен­стан мен Қырғыз Республи­ка­сын­дағы директоры Ронни Линдст­ром ашық диалог пен білім алмасу әкелердің қоғамдағы рөлін арт­тырудағы тәжірибені толықтырып, мәселе­лерді тереңірек түсінуге мүмкін­дік беретінін жеткізді. «Қазір­гі әлемде әкелер дәстүрлі рөлде­р­ден асып түсетін қиындықтар мен міндет­терге тап болды. Біз әке­лері­міз бен ер адам­дарымыздың ескір­ген стереотиптер­ге қарсы тұрға­нын, құрметке ие болғанын және барлы­ғына тең мүмкіндіктерді қорғағанын қалаймыз», деді ол.

Форум аясында адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптеу, саламатты өмір салтын ұстану, отбасының заманауи бейнесін қалыптастырудағы БАҚ-тың орны, ерекше бала тәрбиелеудегі әкенің, отбасының рөлі, баланың бойын­дағы қабілетті арттыру тақы­рыптары да талқыланып, жеке сессиялар ұйымдастырылды. «Адал азамат. Ұлттық құндылықтар» тақырыбында өткен сессияда сөз алған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы оқы­ған­дар көп болғанмен, оқығанын санасына тоқығандар аз екенін атап өтті. «Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда баланың тәрбиесінен гөрі, білім алуы­на көбірек көңіл аударатын ата-аналардың қатарында бесіктен белі шықпаған баласын шетелде оқытуға шөліркеп тұратын үрдіс қалыптасқан. Ал дүниетанымы толық жетілмеген бала өз елі мен жерінің патриоты бола алмайды. Тәлім-тәрбие беруде балалар­дың танымына әсер ете­тін құнды дүние – кітап пен газет-журнал. Әрбір үйдің жеке кітап­хана­сында «Қабуснама» тұрса екен дей­мін. Бір ұстазымыз күйінген кезде «Баланың жетесіздігіне жеті атасы кінәлі» деуші еді. Бұдан асқан ауыр сөз жоқ. Сондықтан, Ахмет Бай­тұрсынұлы айтпақшы, балаға шала-шарпы үйреткеннен гөрі, аз да болса дұрыс нәрсені санасына сіңіру керек. Ол үшін алдымен өзімізден бастайық, сонда нәтиже болады», деді ол.

Іс-шарада «Орталық Азияның ер-азаматтары» кітабының тұсаукесері өтті. Әңгімелер жинағында авторлар қазіргі қоғамдағы ер азамат­тарға тән қасиеттер мен әке болудың әртүрлі қырлары туралы айтылған. Жинақ БҰҰ халық қоныстану сала­сындағы қоры (UNFPA) шығар­ған «Ерлерге арналған нұсқаулық. Саналы әке қандай болу керек?» атты әдістемелік құралына бейімделіп жасалған.

Форум қорытындысы бойынша әкелер институтын дамыту және осы саладағы қордаланған мәселелерді шешу жөнінде ұсынымдар мен сарапшылар пікірлерінің жиын­тығы әзірленіп, мүдделі мемлекет­тік органдарға орындау үшін жолданды. Айта кету керек, форум Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы­ның ұйытқы болуымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Әкелер одағы» РҚБ, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы Халықтың қо­ныс­тануы саласындағы қорының (ЮНФПА) техникалық қолдауымен өткізілді.