Халықтың алаңсыз ұйқысын бағуда тәртіп сақшыларының таптырмас құралына айналған цифрлық технология көп. Әсіресе қаладағы құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздікті сақтауда көмекшіге айналған бейнебақылау камераларын «қаланың қырағы көзі» деуге болады. Жүріс-тұрысымызды қалт жібермейтін құрылғының қабілеті қандай деңгейде? Техниканың мүмкіндігі тұрғындардың қауіпсіздігіне қаншалықты жауап беруі мүмкін?
Осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы қоғамдық көліктердің бірінде танысымның ұялы телефоны қолды болды. Автобус ішіндегі бейнежазбадан қылмыскерді тану мүмкін болмады ма, арыздың соңы әлі күнге дейін созбалаңға салынып келеді. Шыны керек, осы күні ұялы телефонын үптеп кеткендердің қолына кісен салынып, жәбірленушілердің материалдық шығыны өтелгені жөніндегі факті некен-саяқ. Ал былтыр аяқ басқан жерде бейнебақылау камерасы орнатылған елорданың сол жағалауында көлігіме зақым келтіргендердің кім екені жұмбақ күйінде қалды. Себебі зәулім ғимараттың үстінен лақтырылған белгісіз зат сол жерде орнатылған бейнебақылау камерасына түспей қалған. Дәлел жоқ, кінәлі де жоқ. Міне, осындай олқылық болмас үшін техниканың уақыт талабына сай дамығаны, жүйенің жаңартылғаны жөн. Әсіресе қоғам тыныштығын сақтауда цифрлық құрылғыларға қажеттілік күн сайын өсіп келеді. Себебі тәртіпке бағынғысы келмейтіндерді жөнге салған құрылғы қазір қылмыстан жалтарып, жазадан құтылмақ болғандардың қолына дер кезінде кісен салынуына да септігін тигізіп жатыр. Десе де әлгінде айтқандай, қылмыскердің қимылын қалт жібермейтін цифрлық құрылғыны сан соқтырып кетудің амалын тауып, әрекет еткісі келетіндер барын әсте естен шығаруға болмайды.
Жоба жемісін беріп келеді
Ішкі істер министрлігі 2021 жылы құқықтық тәртіпті және ел азаматтарының заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында «Жаппай бейнебақылау» жобасын бастады. Осылайша, әрбір қоғамдық орында, әлеуметтік маңызды мекемелерде орнатылған техника тәртіпті түзеп, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл мақсаттың орындалуы бүгіннің өзінде белгілі бір нәтиже бергенін жоққа шығаруға болмас. Айталық, осыған дейін тасжолды жарыс алаңына айналдырып, ережені елең қылмайтын жүргізушілердің анағұрлым азайғанын көріп отырмыз. Статистика көрсеткендей, ақылды құрылғының арқасында ашылған іс пен іздеуде жүрген қылмыскердің қолына кісен салынғаны жөніндегі дерек те жетерлік.
Ішкі істер министрлігі Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы Біржан Өмірзақтың айтуынша, жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 8 673 қылмыстық және 465 525 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. «Биыл елімізде 1 млн 247 мың бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның ішінде 237 мыңы полиция департаменттерінің жедел басқару орталықтарына қосылған. Яғни осынша камера біздің полиция бөліміндегі кезекші қызметкерлердің дер кезінде көшедегі тәртіп пен құқық бұзушылықты бақылауда ұстап отыруына мүмкіндік береді. Бұл бағытта жұмыс әлі де көп. Алдағы уақытта елдегі барлық бейнебақылау камерасын жедел басқару орталықтарына қосуды мақсат тұтып отырмыз. Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаменттерінің бірлескен жобасы жұмыс істеп жатыр», дейді Б.Өмірзақ.
Мәселен, биыл жергілікті атқарушы органдар криминогендік жағдайға талдау жасап, 16 363 бейнебақылау камерасын орнатқан. Ендігі жерде полиция департаменттері жергілікті әкімдікпен бірлесіп бейнебақылау камераларын орналастырудың атаулы бағдарламасын әзірлемек. ІІМ өкілінің айтуынша, бейнебақылау камераларын есепке алу және қосу жұмыстары жалғаса береді. Министрліктің мәліметіне сенсек, қазір елдегі 100 тұрғынға 6 камера қызмет етсе, алдағы уақытта 100 тұрғынға 15 бейнебақылау камерасын теңестіру басым бағытқа айналып отыр.
Құрылғыларды монтаждау, орналастыру, айырбастау жұмыстарынан бөлек, көрінбейтін аймақтардағы бейнебақылау камерасының көру қабілетін қамтамасыз етуге ерекше ден қойылады. Мәселен, ағаштың қалқасында қалған камераларды дер кезінде ауыстыруға, ескірген құрылғыны цифрлық үлгіге айырбастауға да күн сайын көңіл бөлу маңызды.
«Бейнебақылау камераларының техникалық ерекшеліктеріне сәйкес талап қоямыз. Яғни заманауи талаптарға жауап беретін цифрлық камера орнату керек. Оның барлығы қаржыға байланысты екенін де ұмытпау қажет. Дегенмен бұл жеке ұйымдағы тәртіп пен қылмыстың алдын алуда өте маңызды. Мысалы, біздің жедел басқару орталықтарына мемлекеттік мекемелер мен адам көп жүретін қоғамдық орындардағы камералар қосылғанымен, сауда-ойын-сауық орталықтары, дүкен секілді жеке ұйымдардың барлығы қосылмаған. Бірақ жеке ұйымдар күзет агенттіктеріне шығады. Олар өз кезегінде полиция қызметкерлеріне хабарлама береді», дейді Б.Өмірзақ.
Цифрлық құрылғы – сенімді серік
Бүгінде бейнебақылау камерасынан қылмысын жасырып, айласын асырғысы келетіндердің әрекетін жиі еститін болдық. Сол үшін құқық қорғау қызметкерлері фотобейнетіркеуден әлдеқайда тиімді болатын жүйені жүзеге асыруға көшті. Қарапайым халық үшін камераның барлығы қырағы секілді көрінеді. Бірақ бүгінгі талапқа сай келетін бейнесараптау функциясының мүмкіндігі одан да көп.
Сенімді серігімізге айналған цифрлық құрылғыны адамдардың жеке өміріне қол сұғу деп сөгетіндер де бар. Дегенмен Астана қаласы ПД Жедел басқару орталығының бөлім басшысы Лариса Чирва тұрғындар тарапынан арыздан гөрі ұсыныс-тілек көбірек түсетінін айтады. «Камера орнату қажеттігі туралы ұсыныспен шығатындар бар. Біз де өз тарапымыздан криминогендік жағдайды зерттеп, адам көп жүретін жерлерге камера орнатуға басымдық береміз. Қазір қаладағы кез келген тұрғын үйдің ауласында камера орнатылады. Бұл азаматтардың қауіпсіздігі мен түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға керек. Сондай-ақ құрылыс жүріп жатқан аймақтарға да айрықша назар аударамыз. Бұл бойынша құрылыс компанияларымен бірлескен меморандум бар. Қазір біздің жедел басқару орталығына 30 мыңнан астам камера қосылған. Оның көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, жертөлелер мен тұрғын үйдің кіреберістерінде орнатылған. Осы арқылы біз қаланың әр бұрышында болып жатқан жағдайды бақылауға алып отырмыз», дейді ол.
Заманның ағымына сай техника өзгеріп жатыр. Қайнаған қала тіршілігіндегі кез келген қозғалысты бақылауға алуға бұрынғы құрылғылардың мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан кейінгі жылдары тек жол қозғалысын бақылайтын сары түсті камераларды «Сергек» секілді жаңа құрылғы ығыстырып жатыр. Мәселен, жүйе іске қосылған 2017 жылдан бастап Астанада жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 43%-ға азайған. Ал қоғамдық орындардағы қылмыс 67%-ға азайыпты.
Десе де автоматтандырылған жүйенің өзі де жаңарып отыруы керектігін айтқан Лариса Чирва: «Қазір қылмыскерлер қылмысын жасыру үшін камераны алдағысы келіп бағады. Жүру бағытынан жаңылдырып, бет-әлпетін жасыруға тырысады. Не болмаса бейнебақылау камера орнатылмаған жерлерді алдын ала зерттеп алады. Сол үшін біз құрылғылардың жұмыс істеу тәсіліне жаңа бағдарламаларды енгізіп отырамыз. Мысалы, қазір жарқырайтын қабілетке ие камералар шығып жатыр. Одан бөлек бейнеталдау функциясы бар құрылғыға қажеттілік басым. Көп жағдайда қылмыскер сыртқы киімін ауыстырып, камераны алдағысы келеді. Алайда біздің операторлар камера арқылы қылмыскердің іс-әрекетіне талдау жасайды. Қазір әрбір автобус аялдамасында камера бар. Ол жердегі күмәнді жолаушылардың әрекеті жедел басқару орталығындағы камерада көрініп тұрады. Осы тұрғыдан алғанда фотобейнеталдау функциясы – құқық бұзушылық пен қылмысты нақты дәлдікпен көрсетуде таптырмас құрал», дейді.
Кейбіреулер камераның қырағы көзінен жасырынып, «Сергек» секілді құрылғыдан қулығын асырып кететін секілді көрінеді. Алайда қылмыскердің қулығы ғана емес, камераның қабілеті де қарыштап дамып жатыр. Сыртқы пішінді өзгертіп, көзілдірікпен көзін көлегейлеп, бетпердемен бет әлпетін жасырғанымен, фотобейнеталдау жүйесі іздеудегі адаммен ұқсастықты оңай таба алады. Қала үлкейіп, халықтың саны артқан сайын ақылды құрылғы адам өмірі үшін де ауадай қажет екенін аңғарасың. Әлемдік ғалымдардың өзі бақылау камераларының көптігін адамзат қауіпсіздігінің кепілі деп түсіндіреді. Өйткені «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегеннің» дұрыс екенін аңғарсақ, қылмыскерді құрықтаудан бұрын құқық бұзушылықтың алдын алып, халықтың алаңсыз ұйқысын қамтамасыз ету әлдеқайда оң шешім болары анық.