Қызметтік ит ұландықтарға іздеуде жүрген азаматты ұстауға көмектесті. Алматыда әскери жасақ басшысы, сержант Әлішер Сағымбеков пен патруль ефрейтор Дамир Марат Әуезов көшесіндегі №23 үйдің жанынан іздеуде жүрген адамға ұқсас біреуді байқап қалады.
Ұландықтар оның құжаттарын тексеру үшін тоқтатқанда әлгі адам қаша жөнелген. Осы сәтте кинолог ефрейтор Дамир Марат: «Тоқта! Әйтпесе қызметтік итті босатамын!» деп ескерту жасаған. Азамат бұл талапты елемегеннен кейін Рой есімді қызметтік ит қашқынның соңына түсіп, қылмыскерді құрықтауға септігін тигізген.
«Біз оны құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан кезде ол қашып кетуге тырысты. Сондықтан оны ұстау үшін қызметтік иттің көмегіне жүгінуге тура келді», деді әскери жасақ басшысы, сержант Әлішер Сағымбеков. Ұсталған адам қосымша тексеріс үшін Алмалы ауданының полиция басқармасына жеткізілді.
Сондай-ақ елордада ұландықтар жоғалған баланы аман-есен ата-анасына қайтарды. Қазір бес жасар бүлдіршіннің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. 21 қараша күні кешкі сағат 7-лер шамасында Астана қаласының Жедел басқару орталығынан әскери жасақ бойынша кезекшінің рациясына бала жоғалғаны туралы ақпарат келіп түседі. Көп ұзамай оқиға орнына жақын орналасқан барлық әскери жасақ бес жасар қызды іздеуге кірісті. Жарты сағаттан кейін патрульдік топтың басшысы, кіші сержант Қажымұқан Мелдеш, патрульдер қатардағы Александр Иванов пен Кенжебек Ережеповтен құралған әскери жасақ «Asiya» дүкенінің жанында жылап отырған баланы байқайды.
«Біз бағдарлау белгілеріне сәйкес келетін баланы көріп қалдық. Қызға жақындаған кезде оның адасып кеткенін және өз ауласына жол таба алмай тұрғанын білдік. Содан кейін бүлдіршінді ата-анасының қолына тапсырдық», дейді кіші сержант Қажымұқан Мелдеш. Іздестіру жұмысында жеделдік танытқан әскерилерге ата-аналар дән риза екенін айтып, алғысын білдірді. Әскерилер қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қырағылығы мен жауынгерлік қызмет атқару кезіндегі байқампаздығы, іс-әрекетіндегі жеделдігі үшін марапатталды.