• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Қараша, 2023

Ажар Мұхамедиева, тарихшы-ғалымның зайыбы: Тарихи әділеттілік жолында еңбектенді

194 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға қатысты қыруар еңбек жазды. Ел тарихын кезеңдеудің теориялық-методологиялық мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізді. Ғалым отандық тарихшылардың алғашқылары қатарында сталиндік тоталитарлық жүйенің тарихи салдарын зерттеді. ХХ ғасырдың 20-30-жылдары байлардың малын тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру саясатының зардаптарын ашып көрсетіп, жаңа тарихи көзқарас қалыптастырды. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақ бере жүріп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында ұлт-азаттық сипаттағы көтерілістер мен қозғалыстардың нақты санын тұрақтандыруға атсалысты. Ғалымның зайыбы Ажар апаймен болған әңгімеде Талас Омарбекұлының еліміздегі, шетелдердегі архивтерден жинаған деректерді зерттеу мен жарыққа шығарудағы елеулі еңбегі туралы айтылды.

– Ажар апай, Талас Омарбекұлы­ның тарихтың ақтаңдақ парақта­рын ашудағы еңбектері бүгінде ғылыми ортаға ғана емес, көпшілікке де жете таныс. Ғалым сұхбаттарында том-том кітап шығара беру қажеттігін, халық трагедиясын жастардың білуі керек екенін үнемі айтып жүрді. Отбасында осы зерттеулері туралы не деуші еді?

– Бізді жұмысына араластыр­маға­нымен де құжаттарын реттестіріп, кө­мектесуге шақыратын. Еліміздің түк­пір-түкпіріне барып, өңірлердегі архивтерде айлап уақыт өткізгені ғылы­ми ор­таға мәлім. Әр сапарынан ашынып қай­татын. Өйткені ашаршылық кезіндегі босқыншылық, адам төзгі­сіз, тіптен нанғысыз жағдайлардың орын алғанына өзі танысқан архив деректері айғақ еді. Көп жайтты үйде ашық айтпағанымен, соның бәрін сұх­баттарынан, еңбектерінен оқып хабардар болып отырдық. Адам жанынан түңілетін деректерге куә болды, оның салдары да оңай болған жоқ.  «Қазақтың азаттығы жолындағы күресі туралы жастар білуі керек, сондықтан мен осы деректерді кітап етіп жарыққа шыға­рам» деп көп еңбектенді. Архив Таластың екінші үйіне айналды. Екі сөзінің бірінде «архивке бару керек» деп отыратын. Орталық комитет архивінен бастап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві сияқты ведомстволық мұрағаттарға жиі барып жүрді. «Ұлт-азаттық көтеріліс­тер туралы деректерді менен кейінгі жас зерттеушілерге ұсынып кетуім керек. Ста­линдік репрессия, ашаршылық­тың қасі­ретін ашып көрсетсем, олар әрі қа­рай зерттеп, зерделеп алады. Оның бар­лығына бірдей үлгере алмаймын», дейтін.

– Ғалым сұхбаттарында Ты­ным анасы туралы көп айтады. Тіптен, ғылыми жұмысының тақырыбын да анасымен ақылдасып барып, таң­да­ғанын жазады. Талас ағаның бала­лық шағы туралы не айтасыз?

– Талас Омарбекұлының ата-бабасы – Әулиеата өңіріне белгілі әулет. Олар қилы заманда кеңестік-тоталитарлық жүйенің құрбаны бо­лып кетті. Талас 4 жасқа келгенде әкесі дү­ниеден озса, Тыным анамыз 80-нен асып қайтты. Әке алақанын алмастырып, өмірдің тауқыметін бір кісі­дей-ақ көрген енем ашаршылық заман­ның қилы кезеңдері туралы жиі айтып отыратын. Қазақ даласын шарпыған ашаршылық нәубеті мына таудың арғы бетіндегі қырғыз ағайындарға жете қой­мағанын сол кісінің әңгімесінен естіп білдік. Елден ауып, жота-жотаны сағалап, қуғыншыдан бой тасалай жүріп, қырғыз еліне жеткенде жайқалған егінді көріп таңданған екен. Сөйтіп, қырғыз елінде бас сауғалап аман қалған. Елден кете алма­ған кемпір-шалдар жастарды жіберіп, өздері үйде қалып отырған. Таластың әңгімесінен ішінара тірі қалғандардың ұрпақтарымен сөйлестім дегенін талай естідім. Осы тақырыпты соңына түсіп жазып, біліп, шама-шарқы келгенше қағаз­ға түсіріп кетті. Таластың бар әңгімесі халықтың ауыр тағдырымен өріліп жатты ғой. Тарихқа қызығушылығының артуына ұстазының ықпалы болғанын, мектепте тарих пәні өте жоғары деңгей­де оқытылғанын мақтанышпен айтып отыратын. Ал анамыздың әңгімесінен, естіген қилы тағдырлар осы тақырыпты зерттеуге деген ойын ұшқырлай түс­кен сияқты. Әулиеатада болған аштық, өзен жағасында көмілген адамдар, Ораз Жандосовтай тұлғалардың халықты аш­тықтан құтқарам дегені туралы көп айтылатын. Анамыз осыншама қасіретті тағ­дырлы халықтың тарихын жазу ұлы­на салмақ болады деп ойласа керек, ашаршылық тақырыбын таңдағанын қаламады. Сөйтіп, 60-70-жылдарда­ғы колхоз құрылысының қалыптасу кезе­ңінен кандидаттығын қорғады. Бірақ ашар­­шылық тақырыбына докторлы­ғын­да оралды. Соны шама-шарқынша ­жазып, көптеген беймәлім деректі жа­риялап кетті.

– Талас аға Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының құрамында да жұмыс істеді. Қазақ даласында болған ұлт-азаттық көтері­ліс­тердің санын анықтауға зерт­теу­лерін арнады.

– Иә. Бұл жұмысы аясында қуғын-сүргін, тіптен ашаршылық туралы құ­жаттарды реттеп, оған ғылыми баға беру қажеттігі де ойында жүрді. Қазақ­тың көрген қасіреті, ашаршылықтың адам нанғысыз шындығын Талас Омар­бекұлымен қатар өзге де тарихшылар, зерттеушілер еңбегінен оқып, біліп отырмыз. Бүгінде бұл қасіретті жылдардың куәгерлері де өмірден өтіп кетті. Тек қағаз бетінде қалған мәліметтер ғана біздің ке­шегі тарихымыздан ақпарат бере алады. Таластың сөзімен айтсақ, бүгінгі жастар интернетке ден қойды. Көп ақпаратты оқып емес, көзбен көріп, қолымен ұстап тануға тиіс. Ол үшін жастар кеңістігінде қазақ халқының басынан кешкен қилы тағдыры туралы мәліметтермен толығып, сол қасірет жылдарды көз алдымызға әкелетіндей ескерткіштер бой көтеруге тиіс. Қасірет жамылған адамдар туралы мәліметтер жарияланып, сол күндерді еске салып отыратындай, құрбандарды еске алу күндері атап өтілуі керек. Бұл жастар бойында туған еліне, ана тіліне деген сүйіспеншілікті арттыратыны анық. Жастар тәуелсіздіктің қадірін сонда ғана біледі.

– Жамбыл облысы Байзақ ауданында Талас ағаның жетекшілігі­мен мұражай ұйымдастырылғаны бел­гілі. Сол мұражайда археоло­гия­лық қазбалар барысында табылған көптеген жәдігер сақталған екен. Мұ­ра­жайдың қазіргі жағдайы қандай?

– 1972 жылдан бастап өзі еңбек еткен Жамбыл облысының Байзақ ауданын­дағы Чапаев атындағы орта мектепте ­қаз­ба жұмысын жүргізіп, ортағасырлық елді мекендер негізінде «Тарих және археология» мұражайын ұйымдастырды. Ол ортағасырлық елді мекендердің тарихына үңіліп, өзінің орта мектептегі шәкіртте­рін де баулыды. Талас өзеніне жақын жатқан, бұрын ғалымдар назарынан тыс қалып келген үш қорғаннан тұратын Тегістік ауылы маңына алғашқы қазба жұмыс­та­рын жүргізді. Бұл ісін облыстық му­зей қызметкері А.Попов, белгілі ар­хеолог К.Ақышев қолдады. Сол кезде орта­ғасырлық Оххум қаласы­ның тари­хына байланысты жазған ма­қаласы «Бі­лім және еңбек» журналын­да жарық көрді. Таластың «Социалис­­тік Қазақстан», «Же­тісу», тағы да басқа басылымдарда­ғы мақалаларында тарихты орта мектепте оқыту әдістері, жас ұрпақты тарих тағылымы негізінде тәрбиелеу, т.б. мәселелер көтерілді. Бүгінде бұл мұра­жай жұмысын жалғастырып жатыр.

–  Талас Омарбекұлы орта мектептерге арналған тарих оқулығын да жазды емес пе?

– Талас жастарға ата-баба тарихын оқытудың маңызын жиі айтатын. Аш­тық, саяси қуғын-сүргін, Алашорда се­кіл­ді мәселелер жөнінде біраз де­рек­тер жарияланды. Ендігі кезекте жас­тар­дың санасында ұлттық тарихи жад­ты қалыптастыру қажет дейтін. Жо­ғары оқу орнында сабақ бере жүріп, ке­йінгі жастардың ақпаратты жылдам мең­геремін деп, әсіресе тарихи мәсе­лелерге келгенде үстірт білім алып жат­қанына қынжылған кездері болды. Талас­тың жетекшілігімен бірсыпыра оқулық жазылды. Ол тәуел­сіз елдің тарихын жас­тар санасына сіңіру, мектеп жасындағы балалардың жас ерекшелігіне қарай меңгеруіне лайықты етіп, әр сынып бағ­дарламасына сай жазу керегін қаперде ұстады. Тарих пәнінің көркемдік деңгейі жоғары әрі тартымды жазылуына мән берді. Ол сұхбаттарының бірінде айтқан мына бір сөздері көкейімнен кетпейді: «Шын мәніндегі тарих адамдардың аштық­тың зардабынан жыланның, тас­бақа­ның етін жегені, босып кеткені, кө­мусіз қалғаны туралы бұрынғылар ауызша айтқан тарих екенін білдік. Десе де олар ауызекі ғана айтылып, ресми дерек болмағандықтан онша мән бермегені­міз рас. Ал қол қойылып, мөр басылған қасіретті құжаттарды көзбен көргенде, жүрегім ауырды. Осыншама қасіретті жа­сырудың не қажеті болды екен деген ойға келдім. Көзі көрген адамдардың тірі болса да жасырып отырғаны қалай деп қапаландым. Міне, осы әсерден әлі күнге дейін арыла алмай келемін» дегені бар еді.

– Ал отбасында тарих саласын таң­дағандар бар ма?

– Үйдің үлкені Шыңғыс тарихты жақ­сы көрді. Кіші ұлымыз Мәуленнің де тарихқа деген ынтасы зор болды. Мұндай әңгімеден кейін Талас пәтеріміздің есі­гіне «мұнда тарихшылар тұрады» деп жазып қоямыз ба деп әзілдеп отыратын. Шыңғыс кітапты көп оқыды. Үйге жақын маңдағы С.Бегалин кітапханасында үш айда алпыс кітап оқып тауысқанын есті­генде сенер-сенбесімізді білмеген едік. Оған әкесі қалай қуанды десеңізші. Бі­рақ Шыңғыс тарихшы боламын деген арманына жете алмай кетті. Ендігі кезекте Таластың аяқталмай қалған зерт­теулері, еңбектерін шәкірттері аяқтар деп үміттенемін. Оған архивтерді қатар зерт­теген аға тарихшылар да бас-көз бола жатар. Кезінде жанынан табылған профессор Қамбар Атабаев, мектепте бірге оқыған ұстаз Айтмахан Тышқанбаев сияқты жолдастарының қолдауы көп болғанын да көзінің тірісінде жиі айтып жүретін. Артында қалдырған жазба мұраларын өзі сабақ берген жоғары оқу орындары студенттеріне, ауылдағы мектеп бұрышына үлестіріп бердік. Ал жұмыс үстелінде өзі армандап кеткендей, том-том кітаптары тізіліп тұр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»