Теңгенің мерейтойынан екі күн өткен соң Қазақстан қор биржасы (KASE) да өзінің отыз жылдығын атап өтті. Бұл – тіпті де рәмізді емес, заңды сәйкестік. Себебі KASE биржасының іске кірісуімен ұлттық валютамыз толыққанды төлем құралына айналып, еліміздің қаржылық және экономикалық егемендігін қамтамасыз етті. Қазіргі таңда KASE посткеңестік кеңістіктегі биржалар арасында бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі бойынша 2-орынды, ал FEAS – Еуро-азия қор биржалары федерациясының акциялар нарығын капиталдандыру көлемі бойынша 4-орынды еншілеп отыр. KASE басқарма төрағасы Алина Алдамбергенмен Биржаның өткен жолы жайында ғана емес, оның егемен Қазақстанның ұлттық экономикасын дамытудағы рөлі туралы да әңгіме қозғауды жөн көрдік.
– Алина Өтемісқызы, егер Биржаның даму кезеңдеріне көз жүгіртсек, KASE-нің қандай тиімді шешімдері мен іс-әрекеттері қор нарығына және тұтастай алғанда Қазақстан экономикасының дамуына оң ықпал етті?
– Өз дамуының 30 жылы ішінде KASE заманауи экономиканың кез келген міндетін шешуге мүмкіндік беретін, сатылы интеграцияланған платформасы бар әмбебап биржаға айналды. Платформа сауда алаңын, KASE клиринг орталығын барлық нарықтағы Орталық контрагенттің функцияларымен біріктіреді. Ол мәмілелер бойынша есеп айырысуды аяқтаудың кепілі ретінде қызмет етеді. Биржа Қазақстанның ақша нарығының негізгі тәуекелсіз бенчмаркі – TONIA индикаторын есептеу операторы болып саналады. Ал KASE индексі – ұлттық қор нарығының негізгі индикаторы.
KASE қызметінің негізгі бағыттары – бағалы қағаздар нарығы, ақша және валюта нарықтары, деривативтер нарығы. Осы арқылы Биржа өзінің әртүрлі кезеңдерінде қаржы құралдары мен қызметтерінің әртүрлі сыныптары сұранысқа ие болып отырған экономикалық циклдің барлық ауытқуынан орнықты түрде өтіп келеді.
Біз әртараптандырылған өнімдер желісін ұсынамыз. Оған KASE Global алаңындағы жергілікті және халықаралық акциялар, облигациялар, туынды қаржы құралдары, мемлекеттік бағалы қағаздар, инвестициялық қорлар, шетелдік акциялар, валюталық, мерзімді және ақшалай нарықтардың құралдары кіреді. KASE стандартты биржалық сервистер мен ескірген практикалар аясынан тыс цифрлық шешімдерді жүйелі түрде дамытып отыр.
Шетелдік инвесторлар нарығына қол жеткізуді жеңілдету үшін Биржа сауда-саттық пен есеп айырысудың, репо нарығының және Т+2 толыққанды режімінің заманауи инфрақұрылымын ұсынады. KASE биржалық нарықтарда ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру үшін өзінің корреспонденттік желісіне ие. Биржа платформасы қазақстандық капитал нарығы туралы негізгі ақпарат көзі бола отырып, халықаралық биржалық қауымдастықтардың қызметіне қатысу есебінен инвесторлардың географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
KASE алаңы Қазақстанның FTSE, MSCI және S&P жаһандық нарықтық рейтингтерінде көрінуі кезінде ескеріледі. Отандық қор нарығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың және KASE күш-жігерінің нәтижесінде қазақстандық қор нарығы 2017 жылдан бастап MSCI, FTSE және S&P индекстерінің халықаралық қызметтерімен «Frontier Markets» ретінде жіктеліп отыр. KASE сапалық параметрлері бойынша Emerging market талаптарына толық сәйкес келеді.
Осы жылдар ішінде биржада «ҚазТрансОйл» АҚ, «Кселл» АҚ, «KEGOC» АҚ, «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» АҚ сияқты ірі компаниялардың бірқатар IPO-сы табысты өткізілді. 2022 жылғы желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO-сының қорытындысы бойынша KASE сауда жүйесінде 137,5 млрд теңгенің жай акциялары орналастырылды, бұл инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдерінің жалпы көлемінің 89%-ын құрады. 2023 жылы «KEGOC» АҚ SPO-сы нәтижесінде KASE алаңында 18,7 млрд теңге тартылды, бұл орналастырымның жалпы көлемінің 82,4%-ын құрады.
– Биржа 2022-2024 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асырып жатыр. Таяу болашаққа қандай мақсаттар қойылып отыр?
– «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, Биржа цифрлық теңгемен есеп айырысатын блокчейн технологиясы негізінде токенделген бағалы қағаздарды шығару бойынша қанатқақты жобаны әзірлеп жатыр. Дәстүрлі бағалы қағаздармен салыстырғанда цифрлық бағалы қағаздар шығарудың артықшылығы – рәсімдер мен делдалдарды қысқарту арқылы оларды шығаруды жеңілдету, жеделдету және арзандату, сондай-ақ мәмілелер бойынша есеп айырысулар мен транзакцияларды жүргізудің жоғары жылдамдығы, деректерді сақтау қауіпсіздігінің ең жоғары деңгейі.
2024 жылы биржаның 2025-2027 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірлеуге кірісу жоспарланып отыр. Құжатта мынадай жаңа трендтер ескеріледі: қор нарығындағы бөлшек инвесторлардың рөлі мен санының өсуі; цифрлық активтер маңызының арта түсуі және қаржы нарықтарын цифрландыру; капитал нарығындағы экожүйелер мен ESG факторларының дамуы; өңірлік экспансия және орталық контрагенттердің артып келе жатқан рөлі; көршілес нарықтарға көрсетілетін қызметтерді кеңейту мүмкіндіктерін ашу.
Естеріңізге сала кетейін, еліміз 2060 жылға дейін Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын және Экологиялық кодексті қабылдаған еді. Сондықтан KASE орнықты даму қағидаттарын ілгерілету жөніндегі кешенді жұмысты жалғастырады. Оның ішінде ESG облигацияларын шығару инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа ESG қаржы өнімдерін енгізу, орнықты даму туралы ақпаратты ашу стандарттарын дамыту, кеңінен ағарту жұмысын жүргізу бар.
Биржа Қазақстанның қаржы жүйесі мен экономикасының маңызды құрылымдық элементі ретінде корпоративтік басқару деңгейін арттыру, басқару есептілігін жетілдіру, жобаларды олардың маржиналдылығын ескере отырып бағалаудың жаңа тәсілдерін қолдану, сондай-ақ дивидендтік саясатқа жаңа тәсілдерді енгізу жөніндегі жұмысты жалғастырады. Бұл KASE-нің орнықты дамуына және инвестициялық тартымдылығын арттыруға, стратегиялық және бәсекелестік артықшылықтарын күшейтуге септеседі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»