Уәлиханов ауданы – 1997 жылы Көкшетау облысы жабылғаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысына қосылған жер көлемі үлкен аудандардың бірі. Бұл да 1928 жылы құрылған ежелгі аудан. Бұрын ол «Қызылту» деп аталған, аудан аумағынан теміржол өтеді. Орталығы Кішкенекөл Петропавлдан 340 шақырым қашықтықта болғандықтан шалғай ауданға жатады. Солтүстігінде Ресей Федерациясының Омбы облысымен шектеседі. Халқының саны 16 мыңнан асады, 90 пайыздан астамы – қазақтар. Аумағына бір кездері қазіргі Ақжар ауданы да қараған. Уәлиханов ауданы – жазушы Сәкен Жүнісовтің, ғалым Серік Негимовтің және т.б. атақты адамдардың туған жері.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биыл 6,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 13 пайызға артты. Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Биылғы 10 айда аудан 27 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оған шаруашылықтардың техникалық паркін жаңартқаны игі ықпалын тигізді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары биыл 3,4 млрд теңгеге 117 дана жаңа ауыл шаруашылық техникасын сатып алып, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есе артық жетілдірілген техникалар сатып алды. Ауа райының биылғы қолайсыздығы Уәлиханов ауданы шаруаларына да оңайға соқпады, астық өнімділігі гектарынан 4,1 центнерді ғана құрап, 84,6 мың тонна астық бастырылды.
Ал мал шаруашылығы өнімдерінің барлық түрінен аудан 10 айда өсімге қол жеткізді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2024 жылға жалғасумен 11 млрд теңгенің инвестициясы құйылып, оған Кішкенекөл ауылындағы «Жолдасбай-Агро» фермерлік қожалығының, Ақбұлақ ауылындағы «Jalayr agrofoods» және «Олжа-Атамекен» ЖШС 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Шетелден 3 820 тұяқ асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу жоспарланған. 28 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қой шаруашылығы бойынша 1 жоба жүзеге асырылып, «Туған жер» ФҚ Павлодар облысынан 1000 тұяқ қой сатып алды. Жобаның құны – 100 млн теңге. Өз қаражаты есебінен қой бағуға қажетті қора-қопсы мен шопандардың үйі салынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8,6 млн теңгеге қой сатып алуға қосымша қаражат бөлінді, бүгінде осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Президенттің бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару туралы тапсырмасына сәйкес жалдауға алғандардан 88 мың гектар жер алынып, ауданның жер қорына қайтарылды.
Уәлихан ауданының әкімі тәжірибесі мол, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын жақсы меңгерген – Қайрат Пішенбаев. Ол бұған дейін де екі ауданды басқарған. Оның айтуына қарағанда, ауданның экономикалық әлеуеті мол, соның ішінде ШОБ-тың да болашағы зор. «Қазір ауданда 878 ШОБ субъектілері тіркелген, соның бесеуі биыл ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға 28 өтініш түсті. Олардың ұсынған жобасының құны – 172,5 млн теңге, бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге таяу артық. Бүгінге дейін оларға 138 млн теңгенің 19 несиесі берілді», дейді ол.
Ауданда құрылыс жұмыстары да өткен жылға қарағанда әлдеқайда қарқынды. Былтыр 10 айда 710,3 млн теңгенің құрылыс жұмысы атқарылса, биыл 2,8 млрд теңгенің құрылыстары жүргізіліп, 3,9 есеге артып отыр. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 жобаға, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында 5 жобаға және жергілікті бюджеттен 7 жобаға қаражат бөлінген. Қаржының негізгі көлемі әлеуметтік нысандарды салуға, жолдарды жөндеуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және сумен жабдықтауға бағытталыпты.
Аудандағы автожолдардың жалпы ұзындығы – 571 шақырым, соның 74 шақырымы республикалық, 223 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар. Биыл соның 93 км жөндеуден өткізілді. Ауылішілік жолдар арасынан Қулыкөл, Телжан, Кішкенекөл, Бидайық ауылдарының жолдарын жөндеуге 919 млн теңге бөлінген. Ал аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге барлығы 730 млн теңге қаражат бөлінген. Соның арқасында бұл жолдардың 73,6 пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткізілген.
Аудан аумағындағы 24 елді мекен, яғни 99 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Басқа ауылдармен салыстырғанда бұл – жоғары көрсеткіш. 2024 жылы тағы 3 ауылға су мұнарасын салу жоспарланған. Ауданның барлық 27 елді мекенінің 19-да мобильді ұялы байланыс пен интернет бар. Биылғы жылы Тілеусай ауылы ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етілсе, жыл соңына дейін Жасқайрат ауылын қамтамасыз ету жоспарланыпты. Ауданның елді мекендерін жарықтандыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылып, оның ішінде аудан орталығы Кішкенекөл ауылындағы тұрғындардың көп жылғы осы мәселесі шешімін тауыпты. Биыл тағы 5 ауылдың (Телжан, Көбенсай, Көктерек, Күзексай, Аққұдық) көшелерін жарықтандыруға 12 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Осылайша, аудан көшелерінің жарықтандырылуы 90%-ға жетті.
Халықты жұмыспен қамтуда да ілгерілеушілік бар. Биыл жалпы саны 1 175 адам жұмысқа орналастырылды, оның 989 тұрақты орындар. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 50 адам жаңа кәсіпті игеру бойынша оқытылды. Қазір аудан бойынша 128 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген, алайда жұмыс орындарын ашу мен жұмысқа тұрғызу шаралары одан әрі жүргізіліп жатыр.
Денсаулық саласында да оң өзгерістер бар. Биылдан бастап аудан орталығында 250 орындық емхананың құрылысы басталды. Бұл – ірі жобаның құны 3,3 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған. Басқа медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайларын жақсартуға биыл 17 млн теңге бөлінген. Облыстың басқа аудандары сияқты бұларда да медицина мамандарының тапшылығы үлкен. Биыл 6 дәрігер, 10 орта дәрежедегі медицина қызметкерлері келгенімен әлі кардиолог, хирург, лор, офтальмолог, акушер сияқты мамандар жетіспейді. Қазір Кішкенекөлде 16 пәтерлі «Дәрігерлер үйі» жаңартылып, келемін деген дәрігерлерге барлық тұрмыстық жағдай ұсынылып отыр.
Ауданда жалпы білім беретін 24 мектеп және мектепке дейінгі 23 мекеме жұмыс істейді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі мектепке дейінгі біліммен қамту – 97%, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ды құрайды. Аудан өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша облыста бірінші орынға ие болды. Орташа ұпай алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 5%-ға жоғарылап, 83,7-ні құрады. Тестілеуге ауданның 124 түлегі қатысып, оның 80 пайызы оқу гранттарын жеңіп алды.
Биыл 100 млн теңгеге Қайрат орта мектебінің шатыры күрделі жөндеуден өтті. Келесі жылға 3 мектептің жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Мәдениет саласындағы оң өзгерістер де аз емес. Соңғы 3 жылда ауданда 4 жаңа клуб және 1 кітапхана ашылып, жалпы саны 36-ға жетті. Биыл жалпы құны 9 млн теңгеге Жамбыл демалыс орталығы мен Аққұдық ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 212 млн теңгеге Кішкенекөл ауылының орталық алаңын қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 569 млн теңгеге саябақтың аумағын абаттандыру жобасы жасалған. Мәдениет мекемесі жоқ Көктерек, Жас Ұлан, Тілеусай ауылдарына клуб құрылысы жоспарланып отыр.
Ауданда спортпен 6 мыңнан астам адам шұғылданады, бұл аудан халқының 41 пайызын құрайды. 149 спорт нысаны бар. Биыл 7 ауылда 50 млн теңгеден астам қаражатқа спорттық-ойын алаңдарының құрылысы жүргізілді. 7 ауылдың (Телжан, Мортық, Көктерек, Аққұдық, Жас Ұлан, Қарашілік, Қаратерек) футбол алаңдары газонмен жабдықталды. Міне, шалғайдағы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов ауданы