Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар қатарында өнерімен және қабілетімен көптен озған дарындылар жетерлік. Солардың бірі – полиглот Бағжан Болатұлы.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 тілді меңгерген сарбаз «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6699 әскери бөліміне Алматы қаласынан шақырылған. Қатардағы жауынгер Түркияда білім алған.
«Мен орыс, ағылшын, түрік, әзербайжан, испан, француз, чех тілдерін білемін. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген нақыл сөз бар. Тіл үйрену арқылы сол ұлттың мәдениеті және дәстүрімен танысуға болады. Менің полиглот болуыма Еуропада білім алуым әсер етті. Себебі ол жақта араласқан адамдарым көп тілді білетін», дейді Бағжан Болатұлы.
Ол мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етпек. Қатардағы жауынгер әскери салада жүріп те шет тілін меңгеруге болады деген пікірде. Дарынды полиглот алдағы уақытта жапон, парсы тілдерін үйренуге пейілді. «Тіл үйрену бойынша жүйелі жоспарларым жазылған қойын дәптерім бар. Болашақта кемінде 10 тіл білгім келеді», дейді жас жауынгер.