• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Желтоқсан, 2023

Әлеуметтік сала әлеуеті

199 рет
көрсетілді

Биыл әлеуметтік сала үшін қомақты жыл болды десе де артық емес. Басты жаңалық – салаға қатысты түрлі заңдар жүйеленіп, Әлеуметтік кодекс қабылданды. Заң талаптары да бір ізге түсті. Мұның бәрі әлеуметтік саланы жетілдіруге зор ықпал еткені сөзсіз.

Жұмыссыздықты азайтатын 11 жоба

Үкіметтің 2023 жылғы табыстарды арттыру, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік саладағы қызметінің қорытындыларына қарағанда жетістік мол. Мәселен, Мемлекет басшысының тап­сырмасымен елімізде жаңа жұмыс орын­дарын құруға бағытталған 11 ұлт­тық жоба аясында биыл 908,5 мың адам жұмысқа орналасты. Бұған қоса еліміздің барлық аймағында әкім­діктер жас кадрлар үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін тиісті өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітті. Бұл жұмыс картасының ерек­шелігі – өңірлердегі жұмыс орындарына субсидия беріледі. Сөйтіп, қазір жұ­мыс берушілер азаматтарды жұмысқа бел­сенді қабылдай бастады, өйткені олар жергілікті бюджеттен қосымша қара­жат алады, ал үнемделген ақшамен өз бизнесін одан әрі дамытуға болады.

Уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары іске қосылды. 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша уақытша субсидия­ланатын жұмыс орындарына 196,3 мың адам жұмысқа орналастырылды. Елімізде әлеуметтік жұмыс орындарға жататын жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар қатарлы жобалар еңбек нарығындағы түрлі кедергілерді еңсеруге көмектесіп, азаматтардың әртүрлі әлеуметтік санаттарын көбірек қамтуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Бірінші жұмыс орны» жобасы еңбек жолын бастайтын түлектерге тиімді. Оған 29 жастан аспаған жастар қатарындағы жұмыссыздар жатады. Жұмыс іздеуші кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналаса алады. Ал «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыскерлерден жинақталған тәжірибе мен дағдыларды беру үшін арнайы жұмыс орны құрылады.

«Ұрпақтар келісімшартына» 35 жас­­тан аспаған, 2 жыл бұрын бітірген оқу орындарының түлектері қатысады. Жұ­мыс­тың ұзақтығы 6 айдан аспайды, аяқ­талғаннан кейін қатысушыға тұрақты жұмыс орны беріледі не зейнеткерлік жасқа толған қызметкердің орнын басады. Жалақы кемінде 30 АЕК-ті құрайды.

«Күміс жас» жобасы – жұмыс беруші зей­нет­керлік жасқа толмаған 50 жастан ас­қан жұ­мыссыз адамдардың жалақысын субси­диялай отырып, жұмысқа орна­ластыруға арналған жұмыс орны. Жұ­мыс­тың ұзақтығы 36 айдан аспайды, қаты­сушыға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі. Жала­қыны жұмыс беруші өзі белгілеп, өзі тө­лейді. Бұл ретте мемлекет алғашқы 12 айдағы жалақының 70%-ын жабады. 13 айдан 24 айға дейін жалақының 65%-ын, 25 айдан 36 айға дейін жалақының 60%-ын жабады, бірақ бұл 30 АЕК-тен аспайды.

 

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

 

Жалақы мен жәрдемақы өсті

2023 жылы әр министрлік жала­қы­ны өсіру бойынша жұмыстар жүр­гізгені белгілі. Бұл шара негі­зі­нен азаматтық қорғау, медицина, білім беру, экология және қорғаныс саласының қызметкерлері қатарлы біраз еңбек адамын қамтиды. Мәсе­лен, Төтенше жағдайлар минис­тр­лігі құтқарушыларға және құтқа­ру­шы міндетін атқаратын басқа да қыз­меткерлерге лауазымдық жа­ла­қысының 70%-ы мөлшерінде қо­сым­ша ақы белгіледі. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мем­лекеттік орман күзеті қызмет­те­рінің қызметкерлеріне, табиғат қорғау ме­ке­мелерінің мемлекеттік инспекторларына, жануарлар дүниесін және ормандарды қорғау секілді маман­дандырылған ұйымдардың қыз­мет­кер­леріне, балық шаруашылығы мем­лекеттік кәсіпорындарының инс­­пекторлары секілді еңбек ада­мы­ның денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупіне байланысты жұмыстың құ­жат­­тары жаңарды және лауазымдық жала­қының 100% мөл­шерінде қо­сымша ақы белгіленді. Ішкі істер және қорғаныс саласында да осындай жағымды жаңалық көп. Білім саласы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтердің жалақысын 1,3 мөл­ше­рінде коэффициент белгілеу ар­қылы арттырды. Денсаулық сақтау минис­трлігі 1 қаңтардан бастап қолда­ныстағы 2,73 коэффициентін 3,42-ге көтерді.

Үкімет халықаралық тәжірибені және халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарын ескере отырып, ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) айқын­даудың жаңа әдістемесін әзірлеп жатыр. ЕТЖ мөл­шерін орташа жалақы мен еңбек өнім­д­ілігінің көрсеткіштерін пайдалана отырып анықтау ұсынылды. Бұл тәсіл жұмысшылардың кірісі мен өндірілетін тауарлардың кө­ле­мі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Биыл әлеуметтік жәрдемақылар да өсті. 1 қаңтардан бастап жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға ұлғайту жүргізілді. Елімізде бала күтімі, мүгедектігі бар (І-ІІ), асы­раушысынан айырылу жағдайы секіл­ді санаттар бо­йынша 2 миллионға жуық адам жәрдемақы алады. Аталған өсу осы санаттардың бәрін қамтып отыр. Жәрдемақының мөлшері өсіп қана қоймай, кейбір санаттардың мүм­кіндіктері жетілдірілді. Мәсе­лен, биыл бала күтімі бойынша мемле­­­кет­тік жәрдемақы алу кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәр­­демақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін өсті. 1 шілдеден бас­тап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрде­ма­қы­ларды, мемлекеттік арнаулы жәр­­демақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 15,7 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енуіне байланысты осы салада көптеген оң өзгеріс болды.

 

9,1 мың адамға грант берілді

Мемлекеттік органдар халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарын грант­тар беру арқылы өз бизнесін ашуға жағдай жасап отыр. 2023 жылы мемлекеттік гранттар берудің қоры­тын­дысы бойынша 9,1 мың адам стартаптарды іске асыруға қаражат алды. Өз бизнесін ашуға мемлекет ХӘОТ өкілдері үшін 400 карталық АЕК мөлшерінде грант бөледі. Бұл бастапқы капитал жаңа бизнесті бас­тау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде беріледі.

«Бұл гранттармен технологиялық жабдықтар, еңбек құралдары, мал және құс сатып алуға болады. Осының нәтижесінде жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт және басқа да өндіріс орындары ашылды. Осылайша, азаматтар өздерінің бизнес-әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, отбасын тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Мұндай тәсіл кәсіпорындардың иелеріне жағымды әсер етіп қана қоймай, жұмыс орындарының санын көбейтеді», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Жақыпова.

Бұған қоса 2023 жылдың наурыз айынан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие беру тетігі басталды. Ша­ғын несие конкурстық негізде беріледі. Биыл бұл бойынша сомасы 25,4 млрд теңгеге 5,4 мың бизнес-жоба мақұлданды.

 

Еңбек адамы – ерекше назарда

Министрліктің мәліметінше, 2023 жылы әлеуметтік серіктестік туралы ке­лісімдер 21 салада жасал­ған. Мем­лекет салауатты және қа­уіпсіз еңбек жағдайларын қамта­масыз ету жө­ніндегі жұмысқа ерекше на­зар аударып отыр. Тиісті нормативтік-құқықтық база жетіл­ді­рілмек. Қазір депутаттар салалық сарапшылармен бірлесіп еңбекті қорғау, экологиялық-өнеркәсіптік қауіпсіздік және т.б. бақылау мен қадағалаудың толыққанды жүйесін құруға бағытталған «Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын» әзірлеп жатыр. Бұл ретте ең төменгі тарифтік мөл­шер­лемелер, разрядаралық коэффициент­тер ауыр еңбек жағдай­­ла­рындағы және зиянды әрі қауіпті жұмыстарда істейтін жұмысшыларға қосымша ақы белгіленбек.

Еңбек нарығында заң бұзушы­лық­тар­дың алдын алу және болдыр­мау мақсатында еліміздің 3 211 кә­­­сіпорынға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттары енгізілді. Қазақстан Кә­сіп­­одақ­тар федерация­сымен бірле­­сіп мүге­дек­тігі бар адамдарды бақы­лау­шы ре­тінде тартуды көздейтін «Ха­лықтық бақылау» әлеу­мет­тік жобасы іске қосылды. Қазір бұл жобаға 252 кәсіпорын қо­сыл­ды, онда 600-ден аса қызметкер ішкі бақылауды жүзеге асырады.

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірленді.

«Бұл түзетулер адамдарға 55 жас­та зиянды еңбек жағдайларынан шығып, тиісті әлеуметтік төлемдер алуына мүм­кіндік береді. 7 жыл­дан кем емес міндетті кәсіптік зей­­нетақы жарналарын төлеу шар­ты қарастырылған. Атал­ған төлем­дер төрт түрлі қаржы кө­зінен – рес­пуб­ликалық бюджет, Бірыңғай жи­­нақтаушы зейнетақы қоры, сақ­тан­­дыру ұйымдарының қаражаты және жұмыс берушілер есебінен жү­­зеге асырылады. Зейнет­кер­лік жасқа толғаннан кейін олар жалпыға бірдей белгіленген зейнет­ақы алады», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, 55 жастан кейін кеншілер арнайы әлеуметтік төлемдер алады және қажет болған жағдайда зиянды еңбек жағдайына қатысы жоқ басқа жұмысқа орналаса алады. Әзірге заң жобасы Мәжілістің қарауында, Үкі­мет­­тің ұсынысын олар қолдаса, бұл 2024 жылы іске асады. Әзірге ал­ғашқы қадам жасалды.

Қорыта айтқанда, 2023 жылы әлеу­­меттік сала үшін жомарт жыл болды. Әлемде әлеуметтік мәсе­ле­сі түбегейлі ше­шілген ел болмас, сірә? Сондықтан халықтың тұрмыс-тір­шілігі – қашанда дамытуды, үнемі же­тіл­діріп отыруды қажет ететін сала.