Кеше Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Мемлекеттік комиссияның және оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысының нәтижесі бағаланған басқосуда ғалымдар мен тарихшылар өз ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді.
Зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса ден қойылған комиссия қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген еді. Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталып, әр өңірде аймақтық комиссия құрылған.
Отырысты ашқан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин комиссия жұмысына атсалысқан ғалымдардың арқасында өткен ғасырдың 20-50-жылдарында жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі жұмысты жүйелеуге мүмкіндік туғанына тоқталды. Бұл еліміздің зор ғылыми әлеуетін жұмылдыруға, теңдессіз мұрағат материалдарын ашуға және бұрын-соңды болмаған әдістемелік зерттеу жұмысын қалыптастыруға жол ашты. Оның айтуынша, Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан аса мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды.
«Бұрынғы кеңес одағы республикаларында осындай ауқымды деңгейде ұйымдастырылған жұмыс болған жоқ. Осыншама ғалымды жинап, жүйелі жұмыс істелінбеген. Сондықтан ең алдымен атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Сіздердің еңбектеріңіз ертең іздеріңізді басатын ғалымдар мен зерттеушілерге ғылыми капитал болмақ. Екіншіден, іздестіру және экспедиция жұмыстарына аймақтық комиссияның ғалымдары зор үлес қосты. Олар еліміздің әр өңіріндегі 60-тан аса архивте ауқымды жұмыс атқарды. Олар көпшілікке белгісіз болып келген көптеген құнды материал тапты. Үшіншіден, архив материалдары құпия құжат болғандықтан онымен айналысатын арнайы ведомстволық комиссия құрылды. Оған арнаулы қызметтің өкілдері кірді. Әрбір құжат мұқият қаралып, талданып, тиісті баға берілгеннен кейін құпия ұсталған құжаттың барлығы арнайы орталықтарға жіберілген. Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан аса құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Бұл ғылыми ортадағы бірегей тәжірибе деп айтуға болады. Осы ретте ғалымдардың жұмысына атсалысып, қолдау көрсеткен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері мен басшыларына алғыс айтамын», деді Мемлекеттік кеңесші. Сондай-ақ Президент архиві жанындағы өткен ғасырдың 20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жұмысын атап өткен Ерлан Қарин: «Бұл – Мемлекеттік комиссия қызметінің қорытындысы зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ететін бірегей ұйым. Орталықтың базасында ерекше инфрақұрылым бар. Табылған тарихи құжаттарды бір қорға біріктіруге, сақтауға, саралауға, каталогке бөлуге және цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік туды. Орталықта тарихи мұраларды қалпына келтіруден бастап, сақтауға, ғылыми зерттеуге дейін барлық сатыны қамтитын архивтік құжаттармен жұмыс істейтін толық цифрлық жүйе түзілді. Арнайы жабық мемлекеттік архивтерден екі жыл ішінде осы орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан аса іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді. Бұл жұмыс әрі жалғасып жатыр. Жүз жылда осы архивке 700 мыңнан аса материал жиналса, екі жылда 600 мыңнан аса материал қосылып отыр. Жұмыс нәтижесінде Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан аса адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Зерттеу нәтижесі Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы ретінде бір сериямен әзірленді. Жинаққа бірегей сирек тарихи құжаттар енеді», деді.
Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек комиссия жұмысы сәтті жүргізілуіне сала басшылығы мен жергілікті университеттер мейлінше қолдау көрсеткенін және алдағы кезде осы бағыт ғылыми гранттар негізінде салаланатынын мәлімдеді.
Басқосуда арнайы баяндама жасаған жобалық офистің басшысы, танымал заңгер Сабыр Қасымов атқарылған жұмыстардың әдіснамалық негізіне, сондай-ақ ақтау жұмыстары халықаралық және отандық заңнамаларға сүйеніп атқарылатынын, бұл шаралардың адамзаттық құндылықтарға сәйкесетінін айтты. Сондай-ақ ол өңірлік ғылыми топтардың жұмыстарына оң баға беріп, ортақ та нәтижелі жұмыс келешекте ғылыми аяда жалғаса беретінін жеткізді.
Сонымен бірге жиында белгілі тарихшы-ғалымдар Күлғазира Балтабаева, Зәуреш Сақтағанова, Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина әр бағытта атқарған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Жарыссөз кезеңінде Сенат депутаты Н.Жүсіп, Мәжіліс депутаты А.Сарым, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Д.Қамзабекұлы, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Б.Аяған, жергілікті комиссия мүшесі, Ясауи университетінің профессоры Х.Тұрсын, т.б. пікір айтты.
Айдос Сарым Президенттің бастамасын жүзеге асыру ортақ іс екенін атап өтіп, архившілер мен тарихшыларды біріктіретін бірегей қоғамдық, ғылыми-танымдық ұйым құруды ұсынды. Сондай-ақ ол тарихи концепция ауадай қажеттігін, архивтердің деңгейін күшейтіп, тарыдай шашылып әр ведомстволарға бөлінген құрылымдарды бір мекеменің қарауына тапсыру маңызын айтты. Депутаттың пікірінше, зерттеу жұмысын жандандыру үшін қолданыстағы тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізіп, тарихшылар мен зерттеушілерді мемлекеттік деңгейде қолдауға назар аударған дұрыс.
Академик Дихан Қамзабекұлы жергілікті жерде зерттеу жұмысын өлкетанумен байланыстыру қажеттігін, сонымен бірге мамандандыруды жүйелеуді ұсынды. Қазір магистрлік, докторлық бағдарламалар бар. Ендігі жерде заманауи архив ісі бағытына да тартып, мамандандыру негізін қалыптастыру қажет деді.
Отырыс соңында Мемлекеттік комиссия мүшелері, ғалым-зерттеушілер, сарапшылар комиссия жұмысына және ғылыми зерттеу қызметін жүргізуге мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшылығына, жауапты орындарға ризашылық білдіріп, ұрпақ бойындағы ұлттық рухты қалыптастыруға өз үлесін қоса беретінін жеткізді.