Биыл ел өмірінде болған елеулі өзгерістер көп. Ішкі саясаттағы реформалардың іске асырылуы сайлау жүйесіне қан жүгіртсе, алыс-жақын елдермен арадағы әріптестігіміз де әлемдік алаңдағы абыройымыздың артуына сеп болды. Жыл басындағы Сенат пен Мәжіліс, одан кейін мәслихат сайлауының соңы қарашада аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің қанатқақты сайлауымен жалғасты. Бұл саяси үдеріс осы жылы мемлекеттік басқару жүйесінің барлық орталық органын ауқымды қайта жүктеуді толығымен аяқтауға мүмкіндік берді.
Елдегі саяси сарапшылар жылдың ең маңызды саяси оқиғасы осы болғанын айтады. Президент жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаровтың пайымынша, Қазақстанның қазіргі саяси жүйесінің маңызды ерекшелігі – көппартиялық жүйе, парламенттік плюрализм, аралас сайлау жүйесі, Конституция кепілдік берген жоғары биліктің ауыспалылығы. Осы арқылы азаматтардың саяси өмірге белсенді қатысуы үшін құқықтық негіздері нығайды. Елдің саяси өміріне қатысу және жергілікті немесе республикалық деңгейде де шешімдер қабылдауға үлес қосу мүмкіндіктері көбейді. «Саяси реформалардың ең маңызды нәтижесі аралас сайлау жүйесін қалыптастыру және жергілікті жерлерде әкімдердің тікелей сайлануы болды. Бұл жетістіктер жергілікті биліктің қалыптасу тәсілін түбегейлі өзгертетінімен маңызды. Қазір ауыл, аудан әкімдері тікелей сайланып, олардың халық алдындағы жауапкершілігі арта түсті. Бұл мәслихаттарға да қатысты, депутаттар тек саяси партиялардан емес, партиядан тыс азаматтардан да сайлана алады. Осының барлығы мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастырады. Ішкі саясаттағы тағы бір маңызды оқиға – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты болды», дейді сарапшы. Дегенмен ол жаңа форматта жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың арасындағы өзара іс-қимылдың сапалы жаңа жүйесін құру қажет екенін айтады. Сондай-ақ олардың жұмысын әрбір азамат сезіне алуға тиіс. Себебі бұл – заманауи мемлекеттер дамуының негізгі қағидасы.
Еліміздің сыртқы саясатында да ауыз толтырып айтатын дүние көп. Президент жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен: «2023 жыл еліміздің сыртқы саясаты үшін өте бай және нәтижелі жыл болды», дейді. Нәтижесінде, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық, су-энергетикалық және гуманитарлық салалардағы өңірлік өзара іс-қимыл кеңейді. Бірлескен күш-жігермен Орталық Азия бестігі «ОА+» халықаралық серіктестермен ынтымақтастық форматын едәуір нығайтты. Қазақстанның төрағалығымен Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті Орталық Азия, Әзербайжан және Түркияның бауырлас халықтарының саяси, экономикалық және мәдени өзара іс-қимылын жаңа деңгейге көтеретін түркі әлемін одан әрі интеграциялауға бағытталған біздің бағытымыздың мызғымастығын дәлелдеп отыр. Бұдан басқа көпжақты алаңда да белсенді дипломатия жүргізіп отыр. Мәселен, отандық дипломаттардың күш-жігері ЕҚЫҰ-дағы келеңсіз жағдайды еңсеруге және осы ұйымның бірнеше құрылымдары басшыларының мандаттарын ұзарту туралы келісімге қол жеткізуге ықпал етті. Ядролық қаруды сынау құрбандарына көмек көрсету және радиациямен ластанған аумақтарды оңалту туралы бастама қолдау тапты. «Президенттің жетекші мемлекеттердің, орта державалардың және дамушы елдердің басшыларымен дипломатиялық байланыстары бір мақсатқа қызмет етті. Бұл – еліміздің өңірлік және жаһандық саясаттың субъектісі ретіндегі рөлін нығайту. Сонымен қатар Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерімен әріптестік байланыстарды жалғастыра отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара бастады», дейді Дәурен Әбен.
Саясаттанушы Сайын Борбасовтың айтуынша, аралас сайлау жүйесінің нәтижесінде Парламентке өзіндік пікірі, батыл ойларымен ерекшеленетін жаңа депутаттар келді. Солардың қатарында Ермұрат Бапи, Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Бақытжан Базарбек, Жұлдыз Сүлейменова секілді бір топ депутаттың есімін ерекше атап өтті. Яғни осындай депутаттар Парламенттің қоғамның саяси өміріндегі маңызын көтере білді. Халыққа қажетті өзекжарды мәселелер Парламенттің мінберінде ашық айтыла бастады. Әйткенмен, әлі де болса саяси партиялардың рөлін күшейтіп, әлемдік тәжірибеге сай саяси партиялар халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналуға тиіс. Осылай деген ол: «Бұл үшін билік халықпен сөйлесу мәдениетін қалыптастырып, барлық әлеуметтік дабылдарды дер кезінде сараптап отыру маңызды», дейді.
Саясаттанушы Ерлан Ахмедидің ойынша, елдегі саналы рационалды демократия қалыптасып келеді. Мәселен, былтыр енгізілген өзгерістер биыл теориядан тәжірибеге өтіп, нәтижесін беріп жатыр. Нәтижесінде, Парламенттің төменгі палатасы шынайы плюрализмнің алаңына айналды. Ал сыртқы саясатта Орталық Азия әлемдік геосаяси аренада өзіндік ерекше орынға ие болғанын атап өтті. Одан бөлек, алып державалар мен халықаралық қауымдастықтар Орталық Азиямен бірлесіп саммит өткізуі де көп дүниені көрсетеді.
Саяси оқиғаға толы жыл табысты болды. Саясаттанушылардың пікірі де ортақ мүдде жолында іске асырылған реформалардың толықтай жүзеге аса бастағанын растап отыр. Демек бізге бүгінгі өзгеріс елдік мүдденің орындалып, мемлекеттің мерейін өсіруге септігін тигізе бергені керек. Билік пен халықтың мұраты ортақ, қолға алған ісі бір арнаға тоғысса, құба-құп.