Елорда төрінде өткен «Жаңа жыл республика төрінде» атты Президент шыршасы әдеттегідей балаларға ерекше көңіл күй сыйлады. Ертегі әлеміне толы кешке еліміздің әр өңірінен 100 бала қатысты. Олардың барлығы – спорттық жарыстарда үздік шығып, оқуда озат атанған үлгілі оқушылар. Балалар мультфильм кейіпкерлері мен Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар секілді қазақ ертегілерінің қаһармандарымен бірге жарқыраған жаңа жылдық шыршаны айнала билеп, ойын-сауық бағдарламасын тамашалады.
Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған оқушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Біздің мақсатымыз – еліміздегі балалардың жүзінен күлкі кетпеуін, бақытты балалық шағын қамтамасыз ету. Бүгінгі мереке әрбір баланың көңіліне үлкен қуаныш пен үміт сыйлауы керек. Мерекелік іс-шараға арнайы ерекше топтағы, көпбалалы, инклюзивті топтағы, ерекше білімді қажет ететін балалар келді. Президент шыршасы – жыл сайынғы дәстүрлі мереке. Әр өңірден алдыңғы қатарлы балалар келіп отырады. Бұдан бөлек, дәл осындай тізімдегі балалар өңірлерде әкімдердің қатысуымен ұйымдастырылған Президент шыршасына да шақырылды», деді. Бұдан кейін министр Президенттің атынан әр балаға құттықтау хаттары мен сыйлықтар табыстады.
Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры Меруерт Медетбекованың айтуынша, биылғы Президент шыршасына 100 бала қатысып жатыр. Оның ішінде 20 өңірден 5 баладан таңдалып алынған. Олардың барлығы – өз өнерімен, спорттан, білімнен оқ бойы озып шыққан шетінен алғыр оқушылар. Бас қалаға келген балалар үш күннен бері арнайы бағдарлама аясында қаланың көрікті жерлерін аралап, театрдағы түрлі қойылымдарды тамашалады. Ал бүгін мерекелік шарада әсем әуен мен тәтті күйге толы бағдарламаға қатысып, әрқайсысына Президент атынан арнайы сөмке, IPad, энциклопедия кітаптарының топтамасы және кәмпиттер табыс етілді.
Мерекелік шыршаға Жетісу облысынан қатысқан 5-сынып оқушысы Кәусар Алмасқызының қуанышы қойнына сияр емес. Себебі сыйлықтардың арасында өзі армандап жүрген заттарын көргенде ерекше қуанғанын жеткізген ол: «Маған жаңа жылдық кеш қатты ұнады. Президент шыршасына алғаш рет қатысып тұрмын. Мерекелік кештегі аниматорлар да ұнады. Аяз атаның берген сыйлықтары да керемет екен. Ал мен өз атымнан бүгінгі кешке әннен шашу шашамын», деді.
Көңілді кеште елге танымал өнер шеберлері ән мен жырдан шашу шашты. Мың бұралған бишілер мен театр әртістері қызықты қойылымдар көрсетті.
Айта кету керек, дәл осындай жаңа жылдық кеш республиканың әр өңірінде аталып өтіп, өнерлі де озат балаларға көп қызық-қуаныш сыйлады.