Жақында елордада танымал түрік суретшісі Исмаил Ажардың «Естелік» атты алғашқы көрмесі ашылды. Түркияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған көрмеге дипломатиялық миссиялардың өкілдері, суретшілер мен көптеген өнерсүйер қауым қатысып, қылқалам шеберінің туындыларын тамашалады.
Ашылу салтанатында сөз алған Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу суретші шығармашылығына жоғары баға берді. Оның айтуынша, көрмеге қойылған көркем туындыларда Османлы, Византия, Анадолы өркениеттері көрініс тапқан.
Түрік суретшісі осы уақытқа дейін 200-ден аса жеке және топтық көрмелерге қатысқан екен. Оның қылқаламынан шыққан жұмыстар Еуропа, АҚШ, Канада, Мексика, Араб түбегі елдері, Ресей, Молдова, Украина, түркітілдес Азия мемлекеттері, Қытай, Тайвань, Корея және Жапония секілді көптеген елде көрсетіліп келеді. «Қазақстанда көрме ашқаныма қуаныштымын. Бүгінгі көрмеге 40 суретімді әкелдім. Мұнда мәдениеттеріміздің ұқсас жақтарын көрсетуге тырыстым. Туындыларымда қолданылған нақыштарда Ахмет Ясауиден Қорқыт атаға дейін көптеген ізді көруге болады», дейді суретші. Сондай-ақ өнер иесі туындылары кешегі 16 мемлекеттің негізін қалап, күлдей жанып, қайта түлеген түркілердің тарихына негізделгенін жеткізді. Оның ішінде көрме тақырыбына анар жемісін таңдап алуында да үлкен мән жатыр. Себебі анар – түркі халықтары үшін молшылық пен берекеттің бастауы. «Өзімді ерекше суретші деп қабылдамаймын. Мендегі айырмашылық сол, туып-өскен жерімнің дәстүрлерін негізге алып сурет саламын. Сол дәстүрлі суретті заманға сай етіп модернизациялауға көңіл бөлемін. Көрмеге қойылған картиналарым өткен тарихтың ізін тану жолындағы осы үдерістің куәсі болуға шақырады. Жады ұғымы тұрғысынан бұл көрмені ата-бабамыздың мекені – Қазақстанда өткізу жобама өзіндік әрі ерекше көзқарас береді деп сенемін», дейді түрік суретшісі.