• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Қаңтар, 2024

Саланың сапасы санмен өлшенбейді

177 рет
көрсетілді

Жыл аяғында бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмаған мемлекеттік мекемелердің мәселесі алдан шығады. Қыруар қаржының есебін қалай берерін білмейтін кейбір салада ақшаның көзін оңды-солды жұмсап, кейде «желтоқсан синдромының» соңы жемқорлыққа алып баратын кездері де қылаң беріп жататыны белгілі. Ал жылына миллиардтап ақша бөлінетін медицина саласында жыл соңында – «баяғы жартас, сол жартас». Аурухана мен емханалар дағдарысқа түсіп, қарызға белшеден батады.

Министрге сенсек, мәселе жоқ

Елдегі тең жарымнан астам халық­тан міндетті жарнаны бір емес бірнеше рет төлететін МӘМС жүйедегі жүген­сіздікті жүгендей алған жоқ. Керісінше меди­цинадағы бұл олқылықтың шеші­мін табу қиынға түскендей. Осылайша, министрлік пен МӘМС, әкімдік арасындағы үштіктің ортасында науқастардың тағдыры аяқ добына айналып, жұрт жарат­қан­нан жыл соңында ауырып, ем іздетпесе екен деп тілейтін болды. Өйткені мил­лиардтап ақша түсіп, мил­лиондап сыйақы алатын мекемелердің құзырындағы медициналық ұйымдар қар­жы жетіспеушілігін сылтау етіп, науқастарды қабылдаудан бас тартуды әдетке айналдыра бас­тағалы қашан.

Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласында ауыз толтырып айтатын жаңалық көпті­гімен сендіреді. Тіпті сала бас­шысының айтқан сан мен сапасына сенсек, ауырып ем іздеген халық үшін медицина кез келген адамға, кез келген уақытта қолжетімді секілді. Министр Ажар Ғинаят былтыр денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,5 трлн теңгеге жеткенін мәлім етті. Амбулаториялық деңгейдегі шығындар ұлғайтылып, жалпы көлемнің 56%-ын құраған. Мәселен, медициналық оңалтуды қаржыландыру 13 есеге өсіп, 2019 жылғы 6 млрд теңгеден былтыр 78,1 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе артқан.

Республикадағы медициналық мекемелер үшін 58,8 млрд теңгеге 514 ме­ди­циналық техника сатып алынса, жаб­дықтармен жарақтандырылуы 2022 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өсіп, 84,15%-ға дейін жеткен екен. Консультация­лық-диагностикалық қызметтердің саны да 2,5 есеге артып, 324 млн-нан асса, бір жыл ішінде 1,1 млн адам қымбат диаг­ностикалық қызмет түрлерін алған. Сондай-ақ былтыр скринингтік тексерулермен қамту арғы жылмен салыстырғанда 19,7%-ға ұлғайып, 8,5 млн адамды құраған. Денсаулық сақтау саласында қол жеткізген табысты тізіп шыққан министр: «Қазақстан 2027 жылға қарай медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін ІЖӨ-нің 5%-на дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа жету үшін сенімді түрде қадам басып келеді», деді.

Ал медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры елдегі пациенттердің барлығына жос­парлы және шұғыл медициналық көмек көрсетілетінін айтып сендірді. Ауырып ем іздеген науқас учаскелік дәрігеріне жазыла алмаса, кезекші дәрігердің қабылдауына немесе фильтр кабинетке жүгінудің жолы қарастырылған. «Қажет болса шұғыл түрде ауруханаға жолдамамен жібереді», делінген қор жауабында. Дұрыс қой, бірақ біздегі мәселе дәл осы тұстан басталады. Дәрігер пациентке ем тағайындау үшін бейінді мамандар мен диагностикалық тексеріске жібереді. Шұғыл деген жолдамасы келесі медициналық ұйымға жеткенше науқастың қосымша ағзалары сыр беріп, ондағы кезек келіп біткенше жан тапсырып, емін алғанша мүгедек болып қалуы да ғажап емес. Себебі әлгінде айтқандай, дәрігердің әрекетсіздігіне жауап беруді ешкім мойнына алғысы жоқ, ал қаржы жетіспеушілігі сыныққа жақсы сылтау болды.

 

Жаңылтпаш жауап: қаржы бар, порталда ақша жоқ

Айтпақшы қор мамандары «Онко­ло­гиялық ауруларға күдік болған кезде «жасыл дәліз» бағыты бойынша, өз емханасында шұғыл тексеруден өте алады» дейді. Дегенмен бұл сөздің де қаншалықты шындыққа жанасатынын осы ауруға шал­дыққан науқастардың өзінен сұрап білгенді жөн көрдік. Алматылық Тұрсын Қазыбаев жарты жыл бұрын басы ауырып жүргенін айтып жергілікті емханаға барған. Учаскелік дәрігер әдетінше бейінді мамандарға жолдама береді. Әйтеуір бірінен соң бір жолдаманы арқалап әр есікті жағалап жүргенде ауруы асқынып кеткенін айтқан ол дәрігерлерге МРТ-ға түсіруге өтініш жасапты. Бірақ ондағы дәрігер­лер бұл тексерістің қажет емес екенін айтып,­ өз беттерінше ем берген. Басының ауруы бұдан басылмасын білген ол жеке кли­ни­каларға жүгінеді. Тек сол кезде ғана ас­қазаны мен басында қатерлі ісік бар екені анық­талады. «Жергілікті емханадағы тар мамандардың қабылдауында бір, емін алу үшін екі уақыт жоғалтқанымыз аздай, дұрыс қойылмаған диагноз үшін қажетті операцияны кеш жасатуға мәжбүр болдық. Оның өзінде Қалқамандағы көпбейінді аурухана науқасты қабылдаудан бас тартқан. Себебі порталда ақша жоқ. Қажетті қа­ра­жат бөлінгенге дейін бөлімшедегі нау­қастардың өзін түсіндірме парағын таратып, үйге шығарған. Ал дәрігерлері ақысыз демалысқа шығып кеткен», дейді науқастың жақындары.

Мәселе осымен бітсе жақсы. Қазір нау­­қастың асқазанына жасалуға тиіс ем­шараның өзі порталдағы ақшаның жоқ­тығы мен кезектің алға жылжымауы­нан кешеуілдеп келеді екен. Қор маман­дары мұны стационарлар жоспарлы түрде де, шұғыл түрде де пациенттерді қабылдайтындықтан, күту уақыты шұғыл келіп түсетін пациенттердің санымен байланыстырады. Бұл – шұғыл келіп түсетін пациенттер саны артылып жатса, жоспарлы көмек алдағы уақытқа ауыстырылады деген сөз. Яғни жоспарлы көмек ретінде қаралуға тиіс науқастың басы екіге бөлініп, екінші дүниеге аттануға соңғы сағаттары қалғанда келуге тиіс дегенді білдіретін секілді. Себебі Тұрсын Қазыбаевтың екі көзі шарасынан шыққанға дейін де тиісті мекеменің табалдырығын аттауға мүмкіндік бермегенінен осыны байқауға болады. Айтпақшы, жолдама жасау кезінде төсектік орын санына да мән беріліп, ай сайын сызықтық шкала қолданылады. Бұл бойынша қормен шартқа отырған медициналық ұйымдарға ай сайын қаржы бөлінеді. Сол үшін олар «жыл соңында қаржы жетіспей қа­лады деген жаңсақ пікір» деп сендіреді.

 

Медициналық ұйымдар қарызға батты

Хош делік, қор мәліметінше, бүгінде 16 млн-нан аса азамат сақтанды­рыл­ған. Бұл дегеніңіз МӘМС жүйесінде ха­лық­ты қам­ту деңгейі тұрғындардың 87,3%-ын құ­райды. Жарна төлеуден босатылған адам­дар­дың саны – 11,9 млн МӘМС және ТМККК аясында келісімшарт жасасқан ме­дициналық ұйымдар саны – 1977. Оның 712-сі мемлекеттік және 1265-сі же­ке­меншік мекеме. Қормен шарт жасас­қан ме­ди­циналық ұйымдарға былтыр 2,3 трлн­ теңге бөлінген. Оның ішінде 1,8 трлн тең­ге мемлекеттік мекемелерге, 5,7 млрд тең­ге жекеменшік клиникаларға бағыт­тал­ған. Былтыр он айда медициналық қыз­меттер сапасына қатысты 21,5 млрд тең­геге 2,5 млн кемшілік анықталса, басым бөлігі консультативтік-диагностика­лық қызметтерге қатысты болып отыр. «МӘМС әрбір азаматқа қолжетімді тегін медициналық көмекке кепілдік береді. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін қызмет көрсетіледі. Бүгінде осындай 15 жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адам бар. Мысалы, бір адам жылына бір рет терапевттің қабылдауына баруы, ал біреуге 2 миллион теңгеге қымбат операция жасалуы мүмкін. Мұның барлығы МӘМС аясында бірыңғай шоттан төленеді», дейді қор өкілдері. Бір қызығы, кепілдендірілген және мемлекеттің тегін қызметін де ақылы негізге айналдырудың жолы көп. Мысалы, бүкіл Алматы халқына МРТ аппараты тек екі жерде ғана бар. Оның өзінде кезегі келіп бітпейтін тегін түсіруге тиіс аппараттардың біреуі істен шықса, денсаулығы үшін жұрт ақылы аппарат іздеп сабылып кететінін саланың мамандары да жақсы біледі.

Жыл соңында ақша жетіспей жат­қаны жайлы ақпарат жаңсақ болса, нау­қастардың қабылдаудан бас тартқан меди­циналық мекеменің бір бөлімі тү­гел ақысыз демалысқа шығып, пациент­терді келесі бөлімге ауыстырып әбі­герге түсіп жатпаған болар еді. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Кон­с­тантин Авершин Алматыдағы №1 қала­лық клиникалық аурухананың қызмет­керлерінің жанайқайын жеткізді. Ондағы медбике мен санитарлар, дәрігерлердің жалақысы кешіктіріліп берілген. Себебін аурухананың бас есепшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақша бөлінуімен түсіндірген көрінеді. Мұндай қаржылық тұрғыдан қиындыққа тап болған медициналық ұйымдардың саны үш жылда артып отыр. Осылай деген депутат Ақмарал Әлназарова 2023 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымның 109,6 млрд теңгеге несие берешегі барын айтады. Салдарынан медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызметтердің көлемін де қысқартуға мәжбүр. Ол медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайтынын жеткізді. «Тек есептелген несие берешегінің көлемі 2021 жылдан бастап 2 есе көбейген. Былтыр бұл 100 млрд теңгені құраса, биыл 109 млрд болып отыр», дейді депутат. Оның сөзінше, проблеманың туындауына саладағы стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері, медициналық қызметтер номенклатурасының болмауы себеп.

Сыннан көз ашпайтын сала көп бізде. Әрине, өзгеріс енгізіліп, реформалардың тәжірибе алаңына айналған жерде сын да болары түсінікті. Десек те адамның өмірі мен денсаулығына жауапты саладағы жылда қайталанатын кемшіліктің түзелмеуі миллиардтап жарна аударатын науқастардың жанайқайына құлақ түретін жауаптылар жоғын дәлелдеп беретіндей. Бұл апталап емхана кезегін күтіп жүргендердің арасында соңғы сағаты соғылып жатқан науқастардың артуына алып келіп отыр. Жаңа жыл басталса жарна көлемін өсіруге себеп іздейтін саланың жауаптылары жарна құнынан қымбат адам өміріне де араша болуды үйренсе екен дейсің.