Түлік төресі тебіндейтін жайылымдарды көкпеңбек шыңылтыр мұз қаптап, жұмыртқадай жып-жылмағай еткен. Күннің қабағынан тайсалған малсақ қауым қаншама жылдан бері төлінен өсірген малын жілігі татымайтын бағаға сата бастады.
Құрығы құтты жылқышылардың да амалы таусылған сыңайлы. Жабағыға сақау шығып, биесі іш тастап, мал ішінде өлім-жітім көбейсе, басы дауға қалатынын білгендіктен көкалалы көп жылқыны қотанға иіріп тастаған. Айтатын уәждері, далада жылқының тісіне ілігер дым жоқ, өздерің бағып алыңдар. Малсақ қауым аузынан үріп өсірген жылқысын қораға қамап баға қояйын десе, жемшөптің бағасы аспандап тұр. Алушы көп болғаннан кейін қасқалдақтың қанындай қат.
– 2022 жылы 300-350 келілік бір бума шөптің құны 6-7 мың теңге болса, қазір 12-13 мың теңгеге шықты. Яғни екі есе қымбаттады. Оның өзінде де таба алсаң жақсы, – дейді Ақкөл ауданындағы Минский ауылының тұрғыны Серік Асанов. – Өткен жазда қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстық болып, жылда мал азығын қамдап жүрген шабындықтың барлығы күйіп кетті. Өз басым алдағы қыстан сескеніп, бағымымдағы 300 басқа жуық жылқымды түгел сатып жіберіп, құрық ұстап қалдым. Қайта осы әрекетім дұрыс болған ба деймін. Түнеугүні жайлауға барып келдім. Адам шошырлық көрініс. Көк мұз. Ат аттап баса алмайды. Мұндай жағдайда жылқышыларға ренжудің де жөні жоқ. Көк мұздың үстінде жылқы қайыру оңай дейсіз бе? Биыл диқандардың да жағдайы мәз емес. Ауа райы жомарттық танытпаған жылдардың өзінде гектар берекесі 12-15 центнерден айналушы еді, биыл 4-5 центнерден өнім алды. Кешегі кеңес заманында егіннің жағдайы дәл осылай болғанда, шаппай тастап кететін. Себебі жанар-жағармайдың құнын да ақтамайды ғой. Қазір дизель отынының литрі – 300 теңгеден жоғары.
Шаруаның айтуына қарағанда, биылғы қыстың бет әлпеті қиын. Алда табандатқан төрт ай бар. Малсақ қауым тай-жабағысын қолға ұстағанымен, ірі жылқы тебінде жүр. Барлығын бірдей қамап бағуға мал азығы жоқ. Қара малын етке тапсырып жатқандар да жетерлік. Мал басын кемітіп алсақ, оның орнын толтыруға тағы да төрт-бес жыл керек. Жаппай сатылымға шығарылғаннан кейін ет бағасы да арзан.
– Тебіндегі жылқының арасында әлден құлын тастай бастағандары бар. Жаңа жылдың алдында нөсер жауын жауды, – дейді Серік Ержанұлы. – Шөп басы қабыршақтанып қатып қалды. Жылқы жарықтық шөппен бірге ұшар басына қатқан мұзды шайнап тұр. Құлын тастау оқиғасының бір себебі – осы. Екіншісі, көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, биелер өздерін сақтап қалу үшін іштегі құлынын тастайтын көрінеді. Жаратылыстың заңы.
Кейінгі жылдары дәл осындай келеңсіз көрініс жыл сайын қайталанып жатыр. Ел пікірін електен өткізсек, мал сүмесімен күн көріп отырған қауымның өзі қамдана бермейді. Әдетте, иелігіндегі қара мал мен қойды есептеп, алты қысқа қанша жем-шөп қажет екенін болжап, шақтап дайындалады. Ал өз аяғымен күн көретін жылқы есепте жоқ. Дәл биылғыдай сындарлы шақ туа қалғанда, сынаққа төтеп бере алмайтыны сондықтан. Асылында жыл бойы өз азығын өзі тауып жейтін жылқы малсақ қауым үшін өте тиімді, өзіндік құны арзан. Сата қалса, еңбегін де ақтап береді. Бірақ қыстан қысылмай шығу жағын қаперлеріне ала бермейді.
– Табиғаттың күрт өзгергенін көз көріп тұр. Ендігі жерде жылқы тұқымын жақсарту қажет. Әсіресе қысы қатты солтүстік өңірде, – дейді осы аудандағы «К.Н.А.» шаруа қожалығының басшысы Сембай Жанатаев. – Тұқымы азған жылқы қытымыр қыстың қыспағын көтере алмайды. Егер төл табиғатымызға төселген, әбден көндіккен қазақы жылқы болса бір жөн. Ата малы қыс қанша қатты болса да жалын жықтырмай, қыстап шығар еді. Бірақ ел ішінде үйірге түсетін айғырды таңдап, жылқы тұқымын жақсартуға көңіл бөлінбей жатыр. Босағасына жылқы біткендердің бәрі бұл жайды жақсы түсінгенімен, ортадан ақша шығарып, қауымдасып, түйткілдің түйінін шешуге бірлік жетіспей тұр.
Жылқы жайын бір адамдай білетін Сембай Сапарұлының айтуына қарағанда, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру үшін төл малымыз қазақы жылқыға жетер түлік жоқ. Ұшы-қиыры жоқ сары даланың сәні, Алаш баласының қолғанаты болған қазақы жылқы шаруаға да оңқай асықтай. Салт мінуге шыдамды, жүк тасыса да жолда қалдырмайды. Ал бүгінгі жұрттың ең керегі ет десек, бұл тарапта да денесі ірі, бітімі көзтоярлық. Сүті де мол. Күзде тез семіреді. Ең бастысы, ауа райының қолайсыз жағдайына мейлінше төзімді. Жемшөп талғамайды, қысы-жазы тебіндеп жайылады. Кең сағақты, жуан мойынды, етті, тұрқы ұзын, кеудесі кең, жоны жалпақ, сауырлы, аяқтары өте мықты, сүйекті, жал-құйрығы қалың қазақы жылқы қазір көзден бұл-бұл ұшты. Ендігі арада ауылдағы ағайынның еңсесі көтерілуі үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жылқы тұқымын асылдандыруға мән бергені жөн.
– Мұндай жылдары жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпақ жұртқа жанашыр болуы керек, – дейді ел ағасы Сапар Жапаров. – Қуатты тракторлармен тебіндік жердегі мұзды сындырса, ағаш бауырында, шалғының тісі тимеген ояңдарда селдір де болса шөп бар ғой. Кешегі кеңес заманында сабаннан көп дүние болмаушы еді. Биыл қуаңшылық болған соң егін көтеріліп өспей қалды. Сабанның жоқтығы – содан. Оның үстіне шетелдік комбайндар бар сабанды турап тастайды. Қуаңшылық жылдары ел тілегін ескеріп, бар сабанды атжалға түсірсе, жылқыға сеп болар еді. Қазір далада қар жоқ. Қыламықтап жауған қарды лүп еткен жел көк мұздың үстінен сырғаната қуып, әлдеқайда айдап алып кетіп жатыр. Қар жоқ болған соң тебіндегі жылқы қарлай алмайды. Ал құдыққа айдап әкелу, тіпті де мүмкін емес. Тайғанақ болған соң құлап, мерттігеді. Ауылдың жігіттері қыс жаңа түскен кезде көлді ойып суарамыз деп талпынып еді, қамыс түбі қатып үлгермеген екен бірер жылқы мұз ойылып суға түсіп кеткен соң, оны да қойды. Су ішпеген жылқы оңала ала ма? Жығылғанға жұдырық дегендей, жеті ағайынды жұттың бірі осы болып тұр.
Ақсақалдың пікірі қисынға келеді. Ендігі амал ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары малмен күнін көріп отырған ағайынға қамқорлық жасап, көк мұздың көбесін сөгіп берсе дейсің. Бәлкім, малсақ қауымның сонда сынақтан сағы сынбас еді.
Ақмола облысы