Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жұмысымен танысып, сарапшы мамандардың креативті индустрияны дамыту перспективалары туралы ұсыныстарына құлақ түрді. Кездесуде депутаттарға орталық әзірлеген қазақ тілін оқыту мақсатындағы ғылыми-әдістемелік өнімдер мен ана тілімізді цифрлық дамыту бағытындағы ІТ жобалар таныстырылды.
«Шығармашылық индустрияны дамыту келешегі және зияткерлік меншікті қорғаудың құқықтық әдістері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысына дайындық аясында өткен іс-шараға комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп пен комитет мүшелері, сондай-ақ Сенат аппаратының бөлім меңгерушісі Рақымжан Сайлауұлы, сектор меңгерушілері Қайсар Сүгір, Олжас Шынжігіт, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова мен Назарбаев университеті Ақылды жүйелер және жасанды интелект департаменті директорының орынбасары Ербол Абсалямов секілді тіл мамандары қатысты.
Кездесуде халықаралық платформалардың сервистері мен бағдарламаларына қазақ тілін енгізу, Қазақстанның өзіндік көлемді тіл моделін құру, қазақ тілінің ұлттық тіл корпусының бес кіші корпусын жасау және жасанды интеллект жүйесінде қазақ тілінің дамуын дұрыс үйлестіру сынды мемлекеттік тілді дамытуда жаңа технологияларды пайдалану жайы сөз болды. Сондай-ақ депутаттар алдыңғы қатардағы әлемдік технологиямен жасалған жасанды интеллект саласына мемлекеттік тілді кіріктіру және мемлекеттік тілді оқытудың озық тәсілдерін әзірлеу мәселелері туралы орталық қызметкерлерімен, сарапшы-ғалымдармен және ІТ мамандармен пікір алмасты.
Қазақ елі жаһандық өзгеріске сай, бәсекелістікке қабілетті болу қажет екенін айтқан комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп: «Қазіргі заманға сай жаңа ІТ технологиялардың ғарыштап дамуына байланысты, олардың мемлекеттік тілде сапалы және тиімді жұмыс істеуі өте маңызды. Осы бағытта белсенді, ізденіспен алға жылжып келе жатқан «Тіл-қазына» орталығының жұмысын ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден күн сайын көріп отырмыз. Бүгінгі кездесуде де тіл мамандарының ұсынысын тыңдап, олардың жобасына заңдық-құқықтық негіз жағынан қалай көмектесуге болатынын талқылауға жиналып отырмыз. Өйткені елміздегі қазақ тілін цифрландыру бағытындағы әр тараптан атқарылып жатқан жұмысты жүйелеп, ұлттық стратегиялық бағытқа жұмылдыру өзекті», деді. Солардың қатарында «Емле.кz», «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Аbai institute» сынды қазіргі уақытта халыққа қолжетімділігі жағынан оң бағасын алған жобалар бар.
«Мемлекет басшысының ІТ саласына, оның ішінде жасанды интеллекті дамыту мәселесіне ерекше назар аударып отырғаны белгілі. Бұл мәселе Сенат қабырғасында да талқыланатын болады. Осы кездесудің өзі саланың болашағы мен проблемасы туралы көбірек білу үшін өтіп отыр. Бұл бізге Президент қойған міндеттерді орындау үшін заңнамалық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті сенатор.
Ербол Абсалямовтың айтуынша, қазақ тілін цифрландыру уақыттың талабына айналып отыр. «Бұл моделді өзіміз дайындаудың маңызы жоғары. Егер басқа елдер біз үшін бұл моделді құратын болса, қазақ тіліндегі жасанды интеллект ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді түрлендіріп беруі мүмкін. Мәселе ұлт құндылығы туралы болғандықтан мемлекет деңгейіндегі маңызды істі өзіміз атқаруымыз керек. Ал оны жасау үшін үш құрамды толықтырып алу қажет. Біріншісі – деректер базасын құру. Екіншісі – инфрақұрылым, үшіншісі – адами ресурс ауадай қажет», деді ол.
Орталықтың бас директоры Мақпал Жұмабай: «Бүгінде біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Бұл – ұлттық тіл моделін жасау. Яғни қазақ танымына, дерегіне сөзіне құрылған тұңғыш тіл моделін жасау – тіліміздің қоғамдық өмірдің кез келген саласында емін-еркін қолдану үшін әрі қарай технологиялық тұрғыда еркін қолдануға қол ашады. Дауыстық көмекшілер, күнделікті өмірді жеңілдететін бағдарламалар, операциялық жүйелер, балаларға арналған платформалар – жасанды интеллектке негізделген тіл моделі», деді.
Депутаттар жүздесу соңында алдағы дөңгелек үстел отырысы барысында тиісті ұсыныстар жинақталып, талқыланатынын атап өтті.