Астанада азаматтық қоғам өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұхбатын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Әділетті Қазақстан қағидаттарын іс жүзінде іске асыру» тақырыбында берген сұхбатын талқылады.
«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ ұйымдастырған дөңгелек үстелге сарапшылар, оның ішінде Ұлттық құрылтай және қоғамдық кеңес мүшелері, өңірлік Азаматтық альянстардың көшбасшылары, ҮЕҰ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттар мен ғалымдар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері қатысып, сұхбатта айтылған өзекті мәселелерді талқылады.
«Қазақстан Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева кіріспе сөзінде: «Мемлекет басшысы сұхбатында жылдар бойы жинақталған қоғамның өзекті сауалына жауап берген. Мақала өтіп бара жатқан жылдың жетістіктері мен алдағы жылдары атқарылуға тиіс ауқымды істердің де мәні мен маңызын ашып көрсетуімен құнды», деді.
Талқылау аясында дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысы сұхбатының негізгі тұстарын талдап, қозғалған маңызды тақырыптар бойынша пікірлері мен ойларын білдірді. Іс-шарада экономика, саясат, қоғамдық даму, ұлттық мәдениет және басқа да маңызды мәселелер кеңінен сөз болды.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы, Ұлттық құрылтай мүшесі Зұлфұхар Ғаипов сұхбатта айтылған әрбір мәселенің артында әділетті қоғамды қалыптастыру идеясы жатқанын айтты. Әділетті қоғамды орнату ісіне қоғам болып жұмылғанда ғана жете алатынымызды алға тарта келіп: «Бұл үшін Президент айтып жүрген адал азамат, адал еңбек пен әділетті қоғам деген үштіктің үні бір жерден шығуға тиіс. Әр адам өз кәсібіне адал болып, обал-сауаптың маңызын түсініп, ұлттық құндылықты сіңіріп өссе, өз елінің ертеңі үшін қызмет істейтін азамат болып шығары анық. Мысалы, биыл жаңа жылдағы Президенттің құттықтауынан кейін әнұранның шарықтата орындалуы мен сұхбаттағы Наурыз мейрамының қадір-қасиеті туралы сөзі көп оқырманға ой салып, өз құндылығымызға бір табан жақындай түсуіне жол ашты», деді.
«Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ басшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов ұлттық мүдделер жолында жұдырықтай жұмылып, тірлік етуге шақырды. Сондай-ақ қазақтың ұлы тұлғаларының өмір жолын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
Қатысушылар Мемлекет басшысының мазмұнды сұхбатын прогрессивті ұлтты дамыту мен нығайтудағы маңызды қадам деп бағалады және сұхбаттарда айтылған идеялар мен даму жолдарына қолдау мен келісім танытты. Өзекті мәселелерді талқылаудың маңыздылығына назар аударған жиынға келгендер белгіленген жоспарларға қол жеткізу және қойылған міндеттерге сәйкес елді дамыту үшін бірлескен күш-жігер қажет екенін баса айтты.